1,5 млн теңгені тартып алған: Әділетхан Молдахан не үшін сотталғаны белгілі болды
Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Түрксіб ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Дидар Қабаевтың айтуынша, оқиға 2021 жылы болған қылмыстық іске қатысты. Тергеу мәліметіне сәйкес, жәбірленуші тұрғын үй сатып алу үшін алдын ала төлем ретінде 1,5 млн теңге алып келген.
Осы жағдайды пайдаланған танысы Әділетхан Молдаханмен бірге алдын ала жоспар құрып, жәбірленушіні жолда күтіп алған. Кейін олар жалған жол-көлік оқиғасын ұйымдастырып, ақшаны иемденген.
Прокуратура мәліметінше, күдіктілер дер кезінде ұсталып, қамауға алынған. Тергеу барысында олар кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Іс Қылмыстық-процестік кодекстің 382-бабы бойынша қысқартылған тәртіппен қаралған. Сот отырысында тараптардың жауаптары тыңдалып, үкім шығарылған.
Нәтижесінде сот Әділетхан Молдаханды және өзге де айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Үкім заңды күшіне енген.
Бұған дейін блогер жалған ақпарат таратты деген күдікпен 10 тәулікке қамауға алынған еді.


