Әбілдә Тәжібаев. «Аттан түскенде»
Желе аяңдап Қаракөкпен,
Жеттім міне аулыма.
Жас жүрегім соқты қатты
Жеткенкен-ақ ел маңына.
«Ел» дегенім - қуанышым,
Жасарған ол - туған жаңа.
Қарсы алдымда бұйра қою,
Ну қарағай, қалың орман.
Көз жіберсем алабына
Айнымайды қалың қолдан.
Шетсіз-шексіз көк теңіздей,
Толқыны жоқ, жатыр тынған.
Сол орманның бір шетінен,
Біздің колхоз ойып қонған.
Емес жайдақ бұрынғыдай,
Құйын соқпас құба жоннан
Іздегенім сол жаңа жұрт,
Өттім ескі қонысымнан.
Өттім ескі қонысымнан,
Қалды, міне, оңжағымда,
Мыжырайған ескі ыстау,
Тұр оқшауда бер жағында...
Көр тәрізді үңірейген,
Келмейді оған көз салғым да.
Енді бүгін айдалада
Болған ұя сауысқанға.
* * *
Көрген кезде сол қыстауды,
Еске түсті жастық шағым
Өйткені мен осы ауылда
Туып-өсін ойнағанмын.
Көргенмін мен талай сұмдык,
Талай хиял ойлағанмын,
Сонау мола, жер көпеде,
Білем әлі кім тұрғанын.
Желе аяңдап Қаракөкпен,
Жеттім, міне, ауылыма,
Жас жүрегім соқты қатты,
Жеткеннен-ақ ел маңына.
Ескі қыстау бұлғап қолын,
Шақырады өз жанына.
Шу, жануар, Қаракөгім,
Жеткізе көр жұртқа жаңа!»
Кірген кезде ну орманға,
Шықты дауыс Қаракөктен,
Кісінегені бейне күміс
Сылдыр-сылдыр жерге төккен.
Қырмызыдай қызыл жалау,
Көрінеді сонау шеттен.
Сол маңайда шулап салған,
Естілді ән дүрмектен.
Көз жіберем жан-жағыма,
Кілең ақ үй - бейне қала.
Анау мектеп қызыл тулы
Білем анық соны ғана.
Қай ақ үйде отыр екен,
Күткен мені сүйікті ана?
Тану қиын өз үйімді,
Бәрі көркем, бәрі жаңа.
Көрдім нұрлы бір келіншек,
Қасы қара, шашы сүмбіл,
Ақ дидары туған айдай,
Шыққан жазда бейне жас гүл,
Сөзі сынық, тым ләззәтті,
Қос көзінде от жанып түр.
Кездестім де жөн сұрадым,
Қатты жауап, сайрады тіл.
«Жат емеспін мен де сізге
Атам үйде енемменен,
Күйеуім жүр жылқы жақта.
Келген жоқ-ты әлі ертеңнен,
Досы сіз бе жолдасымның,
Хат жіберген, «келем» деген?
«Елге барам, дем аламын
Жаңа жұртты көрем»- деген?
Апарайын анаңызға
Айрылмайын шүйіншімнен».
Келді бастап үйге мені,
Колхоздағы жас келіншек,
Түсіп атты байлағанша,
Шықты шешем: «Қалқашым» деп.
Құшағына алды мені,
Сүйді беттен кезек-кезек.
Анам сүйсе мен де сүйдім,
Күлді қарап жас келіншек.
1934