Яна Легкодимованы өлтіргендерді тасымалдау үшін Ұлттық ұланның арнайы жасағы сұралды
Яна Легкодимова ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Алтынбек Қатымов пен Ризуан Қайыржанов қазіргі уақытта Aтырау қаласындағы тергеу изоляторында жатыр, деп хабарлайды Оinet.kz.

"Ақ Жайық" басылымының жазуынша Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары сотталғандардың әлі басқа мекемеге ауыстырылмағанын айтқан. Қазір олар тергеу изоляторында қатаң күзетпен бақылауда.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, өмір бойына сотталғандарға Қазақстан Ұлттық ұланы тарапынан арнайы күзет тағайындау жөнінде өтініш берілген. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін ғана олар түпкілікті жазасын өтейтін мекемеге ауыстырылады.
Әзірге олардың нақты қашан және қай жерге жөнелтілетіні ресми түрде жарияланған жоқ.
Еске салайық, Яна Легкодимова шамамен бір жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен. Кейін екі ер адам күдікті ретінде ұсталып, олардың бірі оның жақын танысы болғаны айтылды. Қыздың мәйіті бірнеше ай өткен соң табылған.
Сот процесі барысында олардың кінәсі дәлелденіп, 2025 жылдың 17 қарашасында екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылған.


