Голливуд жұлдыздары Paramount пен Warner Bros-тың бірігуіне қарсы шықты
Мыңнан астам актер, режиссер және сценарист Paramount Skydance пен Warner Bros. Discovery компанияларының бірігуіне қарсы шықты. Бұл туралы NBC хабарлады.

13 сәуірде Block the Merger платформасында жарияланған ашық хатқа Голливудтың мыңнан астам өкілі қол қойған. Олардың қатарында Брайан Крэнстон, Джейн Фонда, Хоакин Феникс, Бен Стиллер, Гленн Клоуз, сондай-ақ режиссерлер Йоргос Лантимос мен Дени Вильнев бар.
Хат авторлары мәміле медианарықтағы шоғырлануды күшейтіп, бәсекелестікті төмендетуі мүмкін деп алаңдайды. Олардың пікірінше, бұл жұмыс орындарының қысқаруына, фильм өндірісінің азаюына және көрермендер үшін контент бағасының өсуіне әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар, олар орта бюджеттегі фильмдердің азайып, тәуелсіз киноның әлсіреу қаупі бар екенін атап өтті. Мұндай өзгерістер бүкіл шығармашылық индустрияның тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Өз кезегінде Paramount Skydance бұл алаңдаушылықтарды ескеретінін мәлімдеді. Компания жылына кемінде 30 толықметражды фильм шығаруға және шығармашылық тәуелсіздікті сақтауға уәде берді.
Айта кетейік, ақпан айының соңында Paramount Skydance Warner Bros. Discovery компаниясын сатып алу жөнінде келісімге келгенін жариялаған. Компания басшысы Дэвид Эллисон бұл мәміле жаңа буын медиа компаниясын құруға бағытталғанын айтқан.


