Бектенов "Қазақстан темір жолының" жұмысын сынға алды

Oinet.kz 13-04-2026

Олжас Бектенов президенттің көлік-транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Премьер-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

534387678_1.jpg

Кеңесте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов баяндама жасады.

Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды.

Премьер-министр өткізу пункттеріндегі жаңғырту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, қарқынның жоқтығын алға тартты. Барлық операциялық процестерді жеделдету тапсырылды.

Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға назар аударылды. ТХКБ бойынша жеткізу мерзімдерін қысқарту, "Алтынкөл – Поти/Батуми" бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестермен цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым теміржолда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде "Мойынты – Қызылжар" және "Бақты – Аягөз" желілерін салу, сондай-ақ "Алтынкөл – Жетіген", "Шалқар – Бейнеу", "Бейнеу – Маңғыстау" және басқа да бағыттар учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының баяу қарқынын сынға алып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Премьер-министр "Ақтау – Баку" бағытындағы қатынасқа пайдалану үшін қарастырылған 6 контейнер тасығыш кемені сатып алу рәсімдері кешіктіріліп жатқанына назар аударды. Жаңа көліктерді аталған бағытқа шығару жұмысын жеделдету тапсырылды.

"Президент транзит – біздің еліміздің басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі екенін әрдайым айтып келеді. Дегенмен тапсырмалардың орындалуына сын-ескертпелер бар, толық қамту мен жеделдік жетіспейді. Мен динамиканы тікелей өзім қадағалайтын боламын. Біздің міндетіміз – жұмыстың барлық бағыттары бойынша күш жұмылдыру", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Неге улап-шулап жүреміз?» Желі белсендісі еліміздегі кітапхана жұмысын сынға алды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу