«Неге улап-шулап жүреміз?» Желі белсендісі еліміздегі кітапхана жұмысын сынға алды
Желі белсендісі Ләззат Дүйсембекова өз парақшасында еліміздегі кітапханалардың жұмысын сынға алды. Оның жазуынша, кітапханалар мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен айналысып, оқырмандардың тынышын бұзуда. Бұл шетелдіктердің алдында абыройымызды түсіруі мүмкін.

Кеше түсте кітапханаға барсам, кітапханашылар етектеріне сүрініп, ел жиналып, бірдеңеге дайындалып жатыр екен.
Адамды эмоциональды-экспрессивті күйге түсіретін бір шара болды-ау деймін. Дүрліккен дауыстары үшінші қабатқа жетпесе де, бірінші, екінші қабатты алып тұрды, әйтеуір. Жүгіріп мектеп оқушылары жүрді ме, келгендер бір-бірлерін қимай, шара біткен соң да қайтқылары келмей жүрді ме, абыр-сабыр болып жатты.
Адам баласы осыдан неше ғасыр бұрын: «Мына жерде әуелете ән салып, дүркіретіп музыка ойнатып үйренсін, бұл жерді «консерватория» деп атайық. Түрлі адамдардың рөліне кіріп, улап-шулайтын жер мынау болсын, бұл жерді «театр» деп атайық. Мына жерде әртістер концерттерін қойсын, бұл жерді «филармония» деп атайық. Мына жерде тыныш отырып кітаптарын оқысын, жазуларын жазсын, бұл жерді «кітапхана» деп атайық» - деген жоқ па? Енді біздікі не? Кітапханаға келіп улатып-шулатып, қай ғасырда жүрміз? Қалада қаншама концерт залдары, театрлар бар. Неге сол жаққа барып улап-шуламайды, кітапханада емес? Оның сыртында университеттердің көпшілігінде оқу процесіне кедергі келтірмейтін, бөлек орналасқан үлкен залдары бар. Олар ше? Жиналғандардың көпшілігі журналистер мен жазушылар сияқты. Жазушылар Одағының өзінің де үлкен залы бар. Ол ше? Неге осындай шаралар кітапханада өтеді? Тыныш қана өтетін шара болса, бір сәрі. Дүрлігеді де жүреді. Кітапхананың өз аурасы, өз атмосферасы, өз тәртібі, өз мақсаты мен қызметі бар емес пе?
«Мен осы кітапхана үшін, осындағы әрекеттер мен жағдайлар үшін осында жүрген шетелдік студенттерден ұяламын. Өзіміз де шетелде оқып келгенде көрген-білгенімізді айтып келдік қой. Бұлар да ертең елдеріне айтып барады ғой» - дейді бір жігіт. Не істейсің енді? Елің осындай болса, өмір сүріп жатқан қоғамың осындай болса.
P.s. Бірінші этажда дұрыс кофе беретін бір аппарат бар еді, сол жерден кофе алып ішіп, жүрек жалғап алатын едік, ол тұр неше күннен бері қирап. Соны жөндетіп қойсайшы, дүрліккенше. Оқырмандарға сол керек, дүрлігу емес, - деп жазды Ләззат Дүйсембекова.


