Дубай қаласындағы ауқатты шетелдіктер жаппай Швейцарияға қоныс аударып жатыр
Financial Times басылымының жазуынша, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі аясында шетелдік мамандар (экспаттар) Дубай қаласынан кетіп, қауіпсіз әрі тұрақты бизнес ортасы ретінде Швейцарияның Цуг кантонына көше бастаған.

Кантонның қаржы директоры Цуг Хайнц Тэнллер АҚШ пен Израилдың Иранға қарсы әскери операциясынан кейін аймаққа қызығушылық айтарлықтай артқанын айтты. Оның сөзінше, соңғы уақытта көшуге қатысты өтініштер саны көбейген.
Цуг кантоны тиімді салық жүйесімен танымал. Мұнда салық мөлшерлемесінің төмен болуы ауқатты шетелдіктерге бизнесін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Осы себепті кантон халықаралық кәсіпкерлер үшін тартымды бағытқа айналған.
Географиялық тұрғыдан кантон Цюрих пен Люцерн аралығында орналасқан және елдің ірі қаржылық әрі технологиялық кластерлерінің бірі саналады. Мұнда шикізат, қаржы және IT салаларындағы көптеген халықаралық компаниялардың штаб-пәтерлері шоғырланған.
Сондай-ақ, Цуг «Крипто аңғары» ретінде белгілі – бұл блокчейн мен криптовалюта индустриясының әлемдегі жетекші орталықтарының бірі. Аймақ жоғары табыс деңгейімен және қымбат жылжымайтын мүлік нарығымен де ерекшеленеді.
Сарапшылардың бағалауынша, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық салдарынан өңірдегі туризм шығыны 56 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.


