Тал түсте адасқандар

Oinet.kz 19-06-2019 2962

Мәлік Отарбаев.jpegФотода Мәлік Отарбаев

Жақында біз «Ана тілі» газетінен аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаевтың «Шамнан ұшқан шағала» әңгімесін оқып шықтық. Шып-шымыр жазылған әңгіме ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тақырыпты қозғайды. Нақтырақ айтсақ, адасқандар тағдырын. Қазіргі таңда адасып жатқан адамдар санында есеп жоқ. Әр адам әр түрлі жерде адасады. Біреу қараңғыда, біреу тал түсте. Қараңғыдасы белгілі, ал, тал түсте адасатындар – қара ниет, теріс ойлының жетегінде кеткендер. 

Неге әңгіме адасқандар жайлы? Еске сала кетейік, жақында елімізде «Жусан» операцияы сәтті аяқталды. Бұл операция бойынша Сириядан оқ пен от арасында азап шеккен 524 Қазақстан азаматы Отанына қайтарылды. Әр адам – бір-бір тағдыр иесі емес пе? «Жусанмен» елге қайта оралғандар кезінде сүріп жатқан өмірлеріне риза болмай, оны мансұқ етіп, Сирияға жұмақ іздеп кеткен еді. Өкініштісі сол, олар онда тамұққа тап болды. Міне, осы жерде бәрінен бұрын ең көп зардап шегетін – ана сүті аузынан кеппеген бүлдіршін балалар. Балаларда өмір тауқіметін тартатындай не кінә бар? Балалық шағы қор болатындай не жазып қойды?

Мәлік Отарбаев «Шамнан ұшқан шағалада» осы мәселені көтереді. Ыстанбұлға оқуға келген Төлеген есімді жігіт ойда-жоқта тағдыр тәлкегіне түсіп, айдалада бейшара күй кешкен қазақ қызымен кездесіп қалады. Жүрегі нәзік кейіпкер көшеде әркімге бір алақан жайып қайыр сұрап жүрген қазақ қызы – Айсамалға көмектеспек болады. Сұрастыра келе, оның жетім екенін біледі. Автор бұл ақпаратты оқырманға Төлеген мен сонда Айсамалға бас-көз болып жүрген Ниса есімді келіншек екеуінің арасындағы диалог арқылы жеткізеді.

«Ол асықпай-аптықпай сорпа ішіп отырып:

– Бауырым, бұл қыздың есімі Айсамал, – деп әңгіме айтуға көшті. – Биыл алты жасқа толды. Біз туысқан емеспіз. Шешесі Айнұрмен Шамда көрші болдық. Айсамал менің оқушым еді. Мен ол жақта бастауыш сыныптың мұғалім болып істедім ғой. Міне, енді… Өзің көріп отырғандай, соғыстың кесірінен осында келіп, босып жүрміз. Айсамалдың әкесін көрген емеспін. Сирияға соғысу үшін бала-шағасымен бірге келіпті деп естігенмін. Мол табысқа кенелемін деп ойлаған болса керек. Әйелі мен қызын Шамға тастап кетіпті. Артынан оның Халептегі шайқаста өлгені туралы хабар келді. Мәйітін де жеткізген жоқ…

– Ал шешесі қайда? Оған да бірдеме болды ма? – деп сұрады Төлеген үрейленіп». 

Осы жерде Төлегенмен бірге оқырмандар да елең ете қалады. Автор оқырманды көп қинамайды. Тұспалдамай, сиырқұйымшықтандырмай хабарды бірден жеткізеді. Балалық шағы жоғалған қызға жаны ашып, анасының тірі болғанын қалайды. Жақсы хабар күтеді. Бірақ, өкінішке қарай, анасы да ажал құшыпты. Шамда паналап отырған үйлеріне түскен зеңбірек оғынан ауыр жарақаттанған ана қызы Айсамалды ертіп, Түркияға теңіз арқылы қашпақ болады. Бірақ, теңізде дауыл көтеріліп, анасы қайтыс болып кетеді. Айсамал Алланың құдіретімен тірі қалады. Жанында мұғалімі Ниса да болады. Ниса Төлегенге мұң шаққанда, осы бір тауқіметке не себеп екенін айтады: 

– Ойлап қарашы өзің, Сирияда соғысып жатқандарды емес, оларды соғыстырып қойып, байлыққа белшесінен батып отырғандарды кінәлау керек емес пе? Менің білуімше, жүздеген қазақ, қырғыз, түрікмен және басқа да ұлттың адасқан жігіттері мұнда жиһад үшін келдік деп,  алданып жүр. Оларды адастырып отырған ағымдардан: «Сонда қалай, біреудің үйіне келіп, шырқын бұзу да жиһад болып па?» деп сұрағым келеді. Алла тағала оларды кешіреді деп ойламаймын. Ондай қырғыннан ешкім де аман-сау оралған емес. Сонда бұған ешкім де тоқта деп айта алмай ма?! Біздер өлу үшін емес, өмір сүру үшін келдік емес пе бұл дүниеге! Әркім өз отанында тіршілік еткісі келеді! Балаларының бөтен елде қайыршы болып жүргенін ешкім де қаламайды. Біздің де арманымыз бар. Бесік тербетіп отырып, айтатын ертегіміз бар. Соның барлығы бір ғана сәтте тас-талқан болды. Жаны көкке ұшып кеткен балаларымызды лақтырған толқындар емес, адамдар. Мұсылман атын жамылған екіжүзділердің кесірі бізге тиіп отыр».

Нисаның осы сөзі «жиһад» ұғымын ашып көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, жалған жиһадты. Жиһад – қан төгу емес. Бірақ, қаншама мұсылмандар дін атын жамылған, жиһад деп ұрандатқан қаскөйлерге алданып, Отанын тастап, Сирияға, Таяу Шығысқа кетеді. Автор әңгімесінде дін деген – қырып-жою емес, бір-біріне мейірімділік таныту екенін түйіндеп жеткізеді. Мейірім бұл әлемді құтқаратын алып күш. 

Тұла бойы мейірімнен өрілген әңгімеде басты кейіпкер Түркияда Отанына орала алмай қаңғып жүрген бейбақтарға көмектескісі келеді. Бұл жерде ең басты көмек – оларды елге жіберу. Төлеген Айсамалдарды заңды түрде Қазақстанға алып келу үшін тиісті мекемелерге жүгіреді. Бірақ, бәрі кеш болып қалады. Әлдекімдер Айсамалдарды лагерьге яки Сирияға қайта алып кетіп кетеді. Бұған бұ дүниеден мейірім іздеген Төлеген сенгісі келмейді. 

«– Қай лагерьге, неге Сирияға? Айсамал ше? Ол отанына оралуы керек еді ғой. Бәлкім, осы қалада болар?.. Анық білесіз бе? Айтыңызшы.

Мән-жайды ол әлі де толық түсінген жоқ. Мехмет Бейдің айтқанына сенгісі келмеді. Сөйтті де асханадан шыға жөнелді.

Соңынан Мехмет Бейдің:

-Оларға енді  бір Алла ғана көмектеседі, – деген даусы естілді».

Автор әңгімесін қара аспанды төндіріп яки күнді көк төріне жарқыратып шығарып аяқтамайды. Ол оқырманға нәзік үміт сыйлайды. Шындығында Айсамалдар қайда кетті? Ендігі тағдырлары не болмақ? Бұны әр оқырман өз интуициясына қарай бағамдайды. Жалпы, кез-келген әңгімеде автор бүкіл картаны оқырман алдына жайып қоймауы керек. Бәрі толықтай түсіндірілген дүние – көркем әдебиетке жатпайды. Деректі дүниеге кетіп қалады. Жазушы көркем дүние жазғанда оқырмандармен тығыз байланыста болуы керек. Тығыз байланыста болғанын қалай білуге болады? Егер жазушының әңгімесін оқып отырған оқырман – кейіпкер үшін алаңдаса, сонымен бірге қуанып, бірге мұңайса, оқиға желісіндегі бүкіл оқиғаны сезіне білсе, айқайлап күлсе, көзіне жас алса – міне, бұл жағдайда жазушы мен оқырман арасында байланыс орнады деп айтуға болады. Бізде «Шамнан ұшқан шағаланы» оқи отырып, Айсамал үшін алаңдадық. Жап-жас қыз баланың әке-шешесінің қателігі үшін азап шеккенін ешкім қаламаса керек. Ата-ана қанша жерден ақымақ болса да, ол баласы үшін – тау тұлғалар. Өкінішке қарай, Айсамал ата-анасынан да айрылып қалады. Шер жетім қалған қызды тағдыр аямайды. Жат топырақта шерменде күй кешкен қызды ең болмаса Қазақстанға аман-есен жетсе екен деп тіледік. Бірақ, болмады. Бізде, Төлеген де қол ұшын созуға тырысқанымен, жоспар жүзеге аспады. Тағдырға қарсы шыға алмадық. Көзімізге жас үйірілді. Айсамал... Расында қазір қайда екен? Көзі жәутеңдеп жүр ме? Әлде... Құдай сақтасын.   

Автор әңгімеде жетімдік азабын тартып жүрген қыз психологиясын мына диалог арқылы ашады:

– Ата-әжем жоқ… – деді ол жеңіл ғана күрсініп. – Әке-шешемді сағындым. Мамам қайда?  Папам тірі ме екен? Сіз білесіз бе?..

– Ниса апаң айтып еді ғой, олар құсқа айналып кетті деп.

– Қандай құсқа? Мына құстар сияқты ма? – деді ол тап осы сәтте нанға таласып, даусы саңқ ете түскен шағалаларды көрсетіп.

– Иә, бұлар шағалалар ғой. Теңіздің үстінде ұшып жүреді. Балық аулайды.

Айсамал күлімсіреп, шағала құстарға мұқият қарап алуға тырысты. Ол әке-шешесінің құсқа айналғанына сенді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз күйде қала берді».

Мейірімді қалайтын жігіт қызға үміт сыйлайды. Әрине, алдады, бірақ, осыған мәжбүр еді. «Ата-анаң өлді» деп қалай айтады? Бұлай айту арқылы ол енді өсіп келе жатқан қызды тірідей өлтіреді емес пе? Ол бүлдіршінді алдай отырып, оған «екінші тыныс» сыйлады. Кеудесіндегі шерді сылып алмаққа әрекеттенді. Осы сәтте оқырмандар да аз-кем тыныстап, қызд кеудесіне ұялаған үміт сәулесінен қуат алады. Құдды қызды өздері қуантқандай. 

«Шамнан ұшқан шағаланының» соңғы нүктесіне жеткенде, өзіміздің бақытты жан екенімізге тағы бір көз жеткіздік. Адам бақыты – жан тыныштығы, көңіл үйлесімі болса, қоғам һәм мемлекет бақыты – тұрақтылық, бейбітшілік. Бейбіт елде тек өсу үрдісі жүретіні белгілі. Ал, бұл дүниедегі ең үлкен бақытсыздық – өмірден өз орнын таппау болса керек. Автор әңгімені астарлы түрде аяқтайды. 

«Кенет теңіз үстіндегі шағалалардың шулаған даусы жеткендей болды құлағына. Олардың үні бүгін әлдеқайда ащы, зарлы еді…»

Ащы, зарлы үндер – Отанын аңсап, жат елде күңіреніп жатқан бейбақтар шығар. Қолда барда қадірін білмей, саф алтынды мансұқтағандар. 

Жә, адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң. Үзілгелі жатқан үміттерге қан жүгіртетін «Жусан» әлі жалғасын табады. Деп сенейік. 

Абылайхан Есімбай,

«Шымкент қаласының үздік жас жазушысы - 2018» аталымының иегері  

Тілдесу
«Шерлок Холмстың» авторы Артур Конан Дойл жайлы қызықты деректер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу