АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ. БІРІНШІ ҚАРА СӨЗІ

Oinet.kz 02-09-2020 1110

ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА...

Биыл – Абай жылы, қазақтың кемеңгер ұлының 175 жылдық мерейлі жылы. Бүгінде есімі ел атымен егіз боп кеткен, «қазақ» десе – Абай, «Абай» десе – қазақ еске түсетін ұлы тұлғаның мұрасы жан-жақты сарапталып, қайта сараланып жатыр. Ойшыл ақынның оқыған сайын қабат-қабат қатпары ашыла түсетін озық шығармаларына қазіргі заман талабы тұрғысынан назар салуға, жаңаша көзқараспен зерттеп-зерделеуге талпыныстар жасалуда. Ол түсінікті де, өйткені, ақын шығармашылығы – сарқылмас таным салқары, тереңіне үңіле білген жанға ұсынар інжу-маржаны түгесілмес түпсіз тұңғиық мұхит.

Хакім Абайдың оқыған жанды ойлантпай қоймайтын орны бөлек туындыларының бірі – ғибрат пен тағылымға толы әйгілі қара сөздері. Оларды да әдебиеттанушыларымыз бен зерттеушілеріміз түрлі қырынан талдап-таразылап көрді. Ал Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, танымал ақын Әлібек ШЕГЕБАЙ мүлде тосын қадамға барып, хакімнің қара сөздерін қазақтың кәдімгі қара өлең қалыбымен қайта өріп шығыпты. Мұны қастерлі Абай мұрасын тың тәсілмен тәпсірлеу, оған жаңа ғұмыр сыйлау деп бағалауға болар, бәлкім.

Қазақ әдебиеті.

БІРІНШІ СӨЗ

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Абай Құнанбайұлы.

БІРІНШІ ӨЛЕҢ

Көңілдің тереңінен кірді алайын,

Сезімнің сағасына сыр тағайын.

Баянсыз, байлаусызын көріп істің,

Өмірдің өткізіппіз бірталайын.

Қайтемін бұл қайғыны сақтап бөлек,

Бермейді сырттан бізге жат кеп көмек.

Айтысып, алыстық та, жұлыстық та,

Енді қалған өмірде қайтпек керек?

Ел бағу, ғылым бағу, мал бағу да –

Жарайтын жағдай ғана жан бағуға.

Ғылым сөзін сөйлесер адам да жоқ,

Қызық та жоқ бұлардан, таң қалуға.

Дертім бар саналы ұрпақ толғап өтер,

Жаяйын ұстағанша қолда бекер.

Жаныңның тыныштығын таппаған соң,

Дін бағу, бала бағу – ол да бекер.

Сия мен ақ қағазды ермек қылып,

Санамның саңылауын жел кептіріп...

Керегін кейінгілер ала жатар,

Ойымды түсірейін сергек қылып.

Тарылтпай таңдауымның тынысын көп,

Халқыма таратайын дұрысын тек.

Өз сөзім өзімдікі, мұнан басқа,

Ермек қылар жұғымды жұмысым жоқ!

Әлібек Шегебай.


ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ЕКІНШІ ҚАРА СӨЗ
Кешірім туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу