Жұмекен Нәжімеденов: Көремісің, көз?
24-08-2020
О, табиғат, мені о баста жаратарда кісі ғып
Алып па едің ең әуелі мына жәйді түсініп:
Бұдан бұрынғы адамдарға ұқсамай ма бұл өзі,
Ұқсамай ма күлгендегі көзі, қасы… мінезі?
Қайғырса бұл қалай екен тексеріп пе ең, көріп пе ең
Қалай екен, байқадың ба, кезіңде бір еріккен?
Қасиеттей ала ма екен ала бөтен заманын,
Үндемейсің ей, табиғат, мен де үндемей қаламын.
Кең бе жаны? Бар дүние бейне соның өз үйі,
Айтшы деймін: бітіп пе оған
туған жердің төзімі?
Ол болмаса, жаратушы, өзің арттың ұятты,
Жаман кітап жазып берген беделді автор сияқты.