Үкілі Ыбырай Cандыбайұлы өлеңдері
Қара көз
Шіркін-ай жақындығы қандай еді.
Құрбының өзі теңдес маңдайы еді.
Ахау, айым, қара көз айым,
Кез болған кезең жерде сәулетайым.
Бағдат шаһарында гүл жазира,
Мақсатқа жетемін бе, уа, дариға.
Ахау, бұлбұл, мойның бұрғыр,
Бұралып тал шыбықтай жолда тұрғыр.
Лағыл тас су түбінде жатады алтын,
Суының беті жылы, түбі салқын.
Суынан сол лағылдың сүзіп алып,
Азырақ көрер ме еді рахатын.
Ахау, айым, жорға тайым,
Кез болған кезең жерде қалқатайым.
***
Па, шіркін
Па, шіркін, осылай ма еді айтқан сертің,
Бірдей деп ойлаушы едім ақыл-көркің.
Мінезің арқандаулы ат секілді,
Биікке сермегенмен жетпейді еркін.
Қыс болса қадірі өтер қалған жаздың,
Әр жерде сайран еткен өнерпаздың.
Көл көшіп, томар қонған жайлы күндер,
Болмаса көл саясы қоңыр қаздың.
Көзіме хал-ахуал көрінесің,
Талындай ырғалаңдап біткен саздың.
Өкшелес замандасым болмаған соң,
Үзіліп түрі кетті әзіл, наздың.
***
Қарақат көз
Қарақат көзді ақ білек,
Айтайын бір сөз үлгілеп,
Ішіме салдың қайғы-дерт,
Жүректің басын тілгілеп.
Бұрандамай ей, қалқа,
Айтсаңшы бір сөз үлгілеп.
Қарақат көзді ақ саусақ,
Лебізің сенің балқаймақ.
Жолыңа сенің сарп етпей,
Неге керек малды айдап.
Шамасын білмес надандар,
Атын бір қалсың борбайлап.