Қайран әзиз Ананың құдіреті-ай..

Oinet.kz 16-01-2024 3422

Жұмыстан «Бауырым ауырды» деп келген балдызымның, қызуы көтеріліп, ас батпаған соң аудандық ауруханаға апардық. Ондағы дәрігерлер «Бауырым ауырды» деген балдызды «Менингит» деп емдепті!?. Өкінішке қарай «Бауыры ауырған» балдызым көпке бармай «Комаға» түсті.

Screenshot_2.jpg

Ес-түссіз жатқан балдызды у-шумен аудандық ауруханадан алып кетіп, Көкшетау қаласының облыстық ауруханасына жатқыздық.Ілгері жер ғой білікті дәрігерлер балдыздың диагнозын «Сары аурудың (гепатит)» ең қауіпті түрі деп анықтап емдерін бастап кетті. Балдыз комада жатыр. Баланың бүкіл денесі сарғайып кетті.

Анасы «баламды күтемін» деп дәрігерлерден рұқсат алып жанында қалды. Тек дәрігерлер «Егер балаңыз комада үш күннен артық жатса дайындала беріңдер үміт жоқ» деп ескертті де, бұл «Сары аурудың түрімен» ауырған 100 адамның 2 адамы ғана тірі қалады» деп үрейімізді одан сайын ұшырып қойды. Әрине балдыздың екі адамның біреуі болғанын қаладық. Балдыз комада үш күнен аса жатты. Өзгеріс бола қойған жоқ. Дәрігерлер баланың сауығатынан күдерін үзді ме, келіп тексерулерін де, емдерін де сиретті, тіпті тоқтатты десе де болады. Бала сұлық жатыр. Не тірі емес, не өлі емес. Біз күдер үзе бастадық, бірақ Ана үмітін үзбеді.

Ол бабаларынан қалған көне құранды баласының бас жағына қойып, құранының қасиетті аяттарын оқи отырып, қайнаған сұлының сөлін баласының аузына тамызып: «Алла Тағала, балама ғұмыр бере көр» деп Аллаға жалбарынып отырушы еді. Дәрігерлер де, анамыздың баласына жасап жатқан ем-шараларына қарсы болмады.

Бірде анамыз жүзі сынық, сұлқ түсіп отыр екен, баласының комада жатқанына 7 күн болған еді. Сүйеніш болар, сөз таба алмадым. Содан үнсіз отырған ана «Баламның орнына мені әкетші деп Алла Тағалаға жалбарынып отырмын» деді қамығып. «Олай демеңіз» десем «Балам өліп артында зарлап қалсам, мен үшін өмірдің азабы ғой, одан да артымда балаларым қалсын» деп көзіне жас алды. Анамызды қатты аяп кеттік, төрт айында «халық жауының» қызы болып жетім қалған, он бала тауып «Батыр ана» болған, «Баланы неге таба бересің» дегендерге «Мен жетім, жолдасым жетім сондықтан балаларымның болашақта туыстары көп болсын деген қамым ғой» деген ананың жаны торықты ма деп едім, Жоқ, «Балам жазылады» деп жігерленіп ана емін жалғастыра берді. Осылай таңды таңға асырып баласын өбектеумен жүрген Ана қатты күйзелді...

Содан 12-ші күні ауруханаға келсек анасының көзінде жас «Балам бүгін есін жинады» деп бізді қуана қарсы алды, біз де қатты қуандық. Анамыздың еңбегі ақталып, біртіндеп балдыздың беті бері қарай бастады. Дәрігерлердің айтуы бойынша өт ағзаға жайылып, миға да әсер етсе керек оның үстіне оны менингит деп емдегендері бар, есі қалпына келе қоймады. Дегенмен комадан шықты дегені болмаса, тірі аруақ еді.

Балдызды үйге әкелдік, адамдарды танымайды, бетімен сөйлейді. Содан ауыл молдасы «Балаң намаз оқыса мүмкін оның көмегі тиер ме еді» деген соң анасы баласын өзімен жетелетіп сәждеге жықты. Алланың қасиетті құраннының құдіретіне көзім жетті, бала «жүйке», «сары» ауруынан толық айықты. «Алланың өзі де рас сөзі де рас» деген ып – ырас екен. Содан дін жолына түскен балдызым медреседе оқып, бүгінгі күні ауылдың белді имамы болды.

...«Балаларым артымда қалсын, көпшіліктен топырақ бұйырсын» деген өмірге құштар үлкен жүректі анамыз біресе қыздарының, біресе ұлдарының, біресе немере – шөберелерінің ортасында жүріп биыл 85 жасында бақилыққа озды! Анамызды жер қойнына тапсырар сәтте борандатып тұрған күн де ашылып, тамшылар ағып, табиғатта бізбен бірге жоқтағандай жылап тұрды. Иманың кемел, мекенің жәннәтә болсын, әзиз Ана.

El24.kz

Болашақ күйеуім қызымның барын білмейді..
Зәуре Төрехан, балалар жазушысы: «Әжемнің сандық ақтаратынын сағына еске аламын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу