Зәуре Төрехан, балалар жазушысы: «Әжемнің сандық ақтаратынын сағына еске аламын»
Мен балалар жазушысы болғандықтан ба, балалық шағымды жиі еске аламын. Еліміздің бас шаһары болған Алматыда туып-өскендіктен, тарихи сәттердің барлығына куә болдым.
Мектептің табалдырығын алғаш аттаған жылы тәуелсіздік енді жарияланған кез еді. Ол кезде біз тұратын ауданда бірде бір қазақ балабақшасы, тіпті мектебі болған жоқ. Көп қабатты үйлердің 90 пайыз тұрғындары өзге ұлт өкілдері, біздің тұрғын үйде небәрі бес-алты қазақ отбасы тұратын. Бастамашы топ «қазақ мектебі ашылсын» деп районоға өтініш бергенмен, олар «қазақ мектебінде оқитын балалардың саны аз» деп сылтауратып, ашпай қойған екен. Сол үшін үй-үйді аралап, қазақтар тұратын пәтерлерге соғып, «балаларыңызды қазақ мектебіне жазғыздырыңыз» деп елмен жұмыс істеу оңай болмады. Біздің атамыз сол кезде екі немересін қазақ мектебіне жазғыздырып қойды. Бірақ мұнымен іс бітпеді.
1-қыркүйекте қазақы мектептің ашылуына салтанатты рәсім өтеді деп әдемі киініп, гүлімізді ұстап барсақ, мектептің алдында қырғын, айқай-шу. Өзге ұлт өкілдері жиналып алып, бұл мектепті қазақтарға бермейміз деп шу шығарып тұр екен. Содан қазақ ата-аналар келіп, бүкіл ауданда бірде бір қазақ мектебінің жоғы туралы айтыс-тартыс болды. Қазақ мектебін ашу үлкен текетірестен кейін ашылды.
1993 жылы алғашқы теңгені қолға ұстағаным да есімде. Ол кезде Гагарин бойындағы скверде адамдар жиналып, үйінен заттарын шығарып, дачасынан көгөністерді алып келіп, сататын. Анам жұмыстан бір пакет совет рубльдерін алып келді де, екеуміз поштаға барып, соны жүз теңгеге ауысырып қайттық. Сонда осыншама бума ақшаға тек бір жүз теңгенің келгеніне таңқалғанмын. Ал анам менің атыма ашқан есеп-шоттағы еңбекпен тапқан, жинаған ақшасының күйіп кеткеніне налыды.
Тәуелсіздіктің арқасында Абайдың 150 жылдығын дүркіретіп өткіздік, Алматының ең ұзын әрі кең көшелерінің біріне Абай есімі берілді. Сол көше бойымен қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, қаланың бүкіл тұрғындары сол көшеге ағылып жатты. Бірнеше жылдан соң Жамбыл атамызды ұлықтадық. Мен тұрған Жамбыл көшесі де киіз үйлерге толды, бүкіл көрші-қолаң болып жиналып алып, палауымызды басып, бауырсағымызды пісіріп, өзіміздің көшеміздегі тойға атсалыстық. Ол уақытта үйде жарық, жылу жиі өшетін.
Мен 6-7 сыныптарға көшкенде, өзімнің шығармаларымды жаза бастадым. Шығарма жазуды ұнататынмын. Сол кезде «Зәуре түстер әлемінде» деген дәптерім болған, оған өзімнің түстерімді жазып қоюды әдетке айналдырдым. Түстерім кейін «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» атты жасөспірімдерге арналған роман-фэнтезиге негіз болды. Ол кітаптың орысшасы 2018 жылы «Алматыкітап» баспасынан, ал қазақшасы 2022 жылы «Steppe&World» баспасынан жарық көрді.
Бастауыш мектеп оқушыларына арналған «Күйекөбелектер шаһары» ертегісінің шығу тарихы да балалық шағыммен байланысты. Әжем өзінің сандықтарын, шифоньерін жыл сайын тазалап, күйекөбелектер кіріп кетпесін, жүндерді, тондарды бүлдіріп кетпесін деп заттарын шығарып, желдетіп тұратын. Сол күндер мен үшін үлкен қуанышты күн болатын, себебі әжем заттарын шығарғанда, сандықтан пираттардың байлығы шығып жатқандай сезінетінмін. Әжем маған мата қиықтарын, тағы басқа керек емес заттарын беретін. Ол кездер есіме түсіп, шифоньер шаһарда тұратын күйекөбелектер көз алдыма елестеп, солар туралы ертегілер жаза бастадым. Кейін ол ертегілерім Altyn Saqa баспасынан жарық көріп, кітап болып басылды.
Менің балалық шағымнан қалған естеліктерім көп, солардың бірі ата-әжеммен жыл сайын каникулда поезға мініп, ұшақпен ұшып, Ақтөбеге барып, қыдырып жүргендерім ерекше есте қалды. Мен сол қызықтардың кейбірін әңгіме ретінде жазғанмын, кейін ол Атамұра баспасынан шыққан «Балалар әңгімелерінің антологиясы» кітабында жарық көрді.