Еңбекқор ердің арбаға таңылып отырғанын көру ауыр екен

Oinet.kz 12-05-2023 1269

Біраз жыл бұрын күйкі тірліктің жайымен анда-санда болса да өзім жүз көрісіп жүретін он екі мүшесі сау азаматты қонақта және мүгедектер арбасында кездестіру мен үшін тым оқыстау жағдай еді. Мүгедек арбасында отырған жігіттің аты Болатбек, әйелі – Гүлбаршын.

Screenshot_9.jpg

Ал кішкене тарқатып айтсам, жас шамасы қазір қырыққа иек артып қалған Болатбекті бұрыннан аздап танитынмын. Қазалының қайнап жатқан қара базарында ескі мотоциклімен кәсіп жасайтын. Бірыңғай мотоциклшілер жиналып тұратын жерде құрылысқа қажет заттарымды тиеп үш-төрт мәрте осы жігіттің қызметін пайдаландым. Көп сөзге жоқ, еңбекқор жанның қарапайым өмірі қызықтырып, ара-тұра жолыққанда сыр тартып та үлгергенмін. Одан кейін Болатбекпен жолығудың мүмкіндігі болмады және ойымнан да шығып кеткен. Енді міне, тағдыр жазуымен қауышып қалған соң, өзімді есіне салып жағдайын сұрадым.

Ұмытпаған екен, «А-а, сіз сол аға екенсіз ғой, міне жағдай осылай болды» деп өзін зорлап жымиды.

Болатбек ауылда туып өсіпті. Мектепте тазалықшы болып жұмыс істейтін анасы ғана болмаса, әке-шешесі азын-аулақ малмен күнкөріс жасап отырған шаруа адамдары-тын. Үш апасынан кейін өмірге келген жалғыз ұл болса да, әке тәрбиесінің арқасында есін білгеннен еңбекке бейім болып ержетті. Мектеп табалдырығын аттағанша әкесіне телінген ауладағы, қорадағы, түздегі біраз шаруаның әліпбиін меңгеріп үлгерген. Ерте тұратын әкесіне екі айтқызбай-ақ құйттақандай қарнына нан мен шайын тоғытып, қора жаққа бет алады. Малдың жайын соның маңайында жүретін шаруа адамынан артық ешкім де білмейді. Әсіресе қыс айлары, ерте көктем мезгілінде қиындығы шаш-етектен. Төрт сиырдың екеуінің бұзауы бар, екеуі буаз, екі еркек, екі ұрғашы төрт баспақ, қырыққа жуық майда жандық бар. Таң бозарғаннан малдарды ашық қораға шығару, еркек баспақтарды қақпайлап байлап жем салу, өзгесіне астауға бөлек салу, жемнен кейін шөп шашу, бұзауларын идіріп алып жұмысқа кетейін деп жатқан анасына екі сиырды саудырып алу, жабық қорадағы түнімен жиналып қалған жас тезекті сыртқа бөлек жинап, астындағы сақты кеш шығатын күннің көзіне кептіру, үйге жүгіріп кіріп-шығып құдықтан тартқан суға ыстық су қосып жылытып алып келу, осы тірліктің бәріне әкесінен қалмай құлдырап жүріп жәрдем беру ойын баласы үшін оңай шаруа емес. Жасы келіп мектеп табалдырығын аттады. Бастауышты бітіретін жылы Қазақстан тәуелсіздігін алды. Тоқырау, қынадай қысқан қымбатшылық, елге ортақ аласапыран ауылды да айналып өтпеді. «Көппен көрген ұлы той» деп көңілді жұбатқанмен ғасырлар тоғысқандағы екі мыңыншы жылдарға дейін отбасылары біршама қиындықты еңсерді. Әкесі өмірден өтті, бір апасы көлік апатынан қаза болып, екі апасы тұрмысқа шықты. Анасы денсаулығына байланысты мүгедектік жәрдемақыға қарап қалды. Қорадағы ірілі-ұсақты біраз мал ықшамдалды. Анасымен ақылдасып келе қалғанын бұйырған бағасына сатып, аудан орталығына көшіп шеткеріректен ескілеу жер үй сатып алды. Жалғыз анасының қамқоршысы ретінде әскерге барған жоқ. Көлік жүргізуші куәлігін алып, жұмыстың ыңғайы болмағасын базардың айналасында жүк тиеп, түсірумен айналыса бастады. Осы тірлікте он жылдан аса жүрді. Шыны керек, тірлігі өзіне ұнады.

Жаратушы айтады екен «өміріңнің тең жартысын оңынан келтіруді қаласам, адал жар нәсіп етем, қалған жартысына өзің әрекет етесің» деп. Құдайдың қарасқаны шығар, базардың айналасында еңбек ете жүріп табысқан Гүлбаршын ата-анасынан ерте айырылып аға-жеңгесінің қолында өссе де, өте есті, адал жан болып жолықты. Екі жарты бір бүтін, ерлі-зайып бір түтін болып, қиюы кете бастағандай болған шаңырағын тіктеді.

Үйелмелі-сүйелмелі үш бөпелі болды. Тағдыр тауқыметінен еңкіш тарта бастаған анасының да жүзіне күлкі үйірілгенін көрудің өзі неге тұрады. Болатбек отбасы мұқтаждығынан үнемдеп, ескілеу «Урал» мотоциклін сатып алды. Такси көлігі көп болғанымен, мотоциклдің де өз қызығы өзіне жетерлік екен. Бос тұрған кездері сирек. Бағасы қолжетімді болғасын, қалтасы жұқа тұтынушылар қолды-аяққа тұрғызбайды. Ісі оңға басқандай еді. Әттегені-ай, қарашаның қысқа күні батуға таяп, қайтуға оқталып көлігін оталдыра бергені сол еді, ескілеу қалта телефоны қоңыраулатты. Жалаңтөс ауылында тұратын танысы екен, кентке қой жеткізіп беруін өтінді. Үйіне асықса да, көңілін қалдырғысы келмей жолға шыққан. Кенттен ауылға апаратын ортадағы бұрылыс тағдырының тас-талқанын шығарды. Жүк көлігін басып озбақ болған, өз көлігіне ие бола алмай жолдан шығып кетіп еңіске қарай домалады. Секіріп үлгерсе де, мотоциклдің бесігі белін жаншып өтіп есінен тандырды.

Жансақтау бөлімінде есін жиғанда түсінгені, екі қолының бірдей сынғаны ештеңе емес, омыртқа, жұлынға келген зақым қимылдауға мұрша келтірмей, белден төмен жансыздандырған. Төрт ай төсекке таңылып, бірінші топ мүгедегі атанып отбасына оралды. Содан бері тағдыр салды, мен көндім дегеніне де бес жылға жуықтапты. Әдепкіде бірыңғай төсекте жатқанымен, екі жылдан соң арбаға отыруға жарап қалған. Дәрігерлер қимыл-қозғалысты, ем-домды жалғастыра берсе аяғына тұруға үміт барын ескертіпті. Қазір тек мүгедектігі үшін алатын азғантай жәрдемақыға қарап қалған, өлмешінің күні ғой әйтеуір.

Қонақта отырғанда байқадым, Болатбек те, әйелі Гүлбаршын да шүкіршілігі мол жандар екен. Әсіресе әйелі арбада отырған жарының бар жағдайын жасап жаны қалмай жүр. Кесесін алып береді, алдына қалаған тамағын қояды, үсті-басын, аузын сүртеді, ыммен сездірген қалауының қайсысы да орындалып жатыр. Тіпті әжетханаға апарып бар мұқтажын жасап келді. «Құдайым-ай, – деп қоямын ішімнен, кейде бір әйелдер болады, дені сау, еңбекқор, ­табыскер, артық сөзі жоқ күйеулеріне таң атырып, күн шығармайды, отырса опақ, тұрса сопақ дегендей. Олардың қасында мына әйелді әулие дерсіз». Жүзімдегі таңданысты аңғарып қалды ма, Болатбек менің ойымды ұққандай «Аллаға шүкір», – деді. ­– ­Менен де халі мүшкіл жандар өмір кешіп жатыр ғой, олардың қасында менің жағдайым тәубе дерлік емес пе, шүкір ғой».

Екеуінің де жүздерінен аздап мұң аралас бақыттың лебі еседі. Орыстың қанатты сөзі бар емес пе «үміт ең соңынан өледі» деген. Ерлі-зайыптылар еңселерін тіктеп, көшеде көппен бірдей қолтықтасып қатар жүруден үмітті. Үміт жібі үзілмесін.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

Qazaly.kz

Автобуста декольте көйлек киген келіншектің жер-жебіріне жеткен еркек
Олардың алдағы тағдыры алаңдатады...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу