Ең кедей жігіт (аңыз)
Расулдың жүрегі мейірім-шапағатқа толып тұрушы еді. Ол айыпты болған кісіні жазалауды емес, кешіруді қалап тұратын. Бір күні қаладағы тұрғындар болмашы қылмыс жасап, тұтылып қалған бір жас жігітті дедектетіп пайғамбарға алып келді. Елдің бәрі демін ішіне тартып, пайғамбар қандай жаза қолданар екен деп күтіп тұрды. Мүбарак істің мән-жайына қаныққан соң:
– Сен бала, садақа тарат. Күнәң сонымен жоқ болсын, – деді. Ол:
– Уа, Расул Алла, менде біреуге беретін дым жоқ. Мүлкім болса, ұрлыққа барып нем бар? – деді. Пайғамбар.
– Онда көршілерге бір тостақ құрма тарат, – деді.
– Менде ол да жоқ. Мен сіңірі шыққан кедеймін, – деді жігіт.
Сол кезде мешітке бір араб кіріп келді де, пайғамбарға: «Иә, Алланың елшісі, сізге биылғы құрмадан ауыз тисін деп бір себет құрма ала келдім», – деді. Пайғамбар жігітке қарап күлді де:
– Әне, Құдай тілеуіңді берді. Мынаны саған сыйға тартам. Алып бар да, кедей-кепшіктерге садақа етіп таратып жібер, – деді де, құрма толы себетті оған қарай ысырды. Ол:
– Иә, Расул Алла, мен осы Мәдинада өзімнен өткен кедейді әлі кездестірмеппін, – деді.
– Жарайды, жігітім. «Мұсылман айтса, сен» деген. Мен саған сендім. Ендеше сен былай ет: мына құрманың бәрін бір өзің тойғанша же. Сол садақа болсын, – деді. Жігіттің қуаныштан жүрегі жарылуға шақ қалды. Ол тура сол жерде тәтті құрманы жарылғанша жеді. Пайғамбардың осы жақсылығын өлгенше ұмытпады. Ұрлығын қойды. Кәсіп меңгеріп, мал тапты. Елге зекет, садақа беруді үйренді.
«Отбасы хрестоматиясы»