Үйректің жаралуы

Oinet.kz 13-01-2020 623

image.png

Бір заманда жер бетін топан су қаптайды. Тәңірі тағала Нұх пайғамбарға бұйырып: Үлкен кеме жаса! Оған момындар мен жан-жануарды тиеп, топан судан аман алып шық! - дейді. Ол кезде кеме жасауды жан баласы білмейді екен. Пайғамбар: Уа, Тәңірім, кемені қайтіп жасаймын? деп сұрады. Жаппар Хақ құдіретімен үйректі жаратып: Мына құстан тәлім ал! Ол суға батпайды. Денесінде су дарытпас май бар. Мен оны сондай хикметпен жараттым. Топан су таяз болсын, терең болсын - үйректің тобығынан да келмейді. Сен де кемені ағаштан соғып, түбiн майла! Ағаш суға шірімейді әрі батпайды. Кеменің тұмсығы үйректің мойнындай иіліп тұрсын! Ол желді қақ жарып, айнымай жүзуің үшін керек. Кеменің арты үйректің құйрығына ұқсасын! Бұрылғанда оңай болады, – деді. Сөйтіп Нұх үйрекке қарап, ең алғаш кеме құрастырады. Пайғамбардың назары түскен соң үйрекке кие дариды. Осыдан бастап «үйрекке тимеңдер, онда Нұх пайғамбардың шапағаты бар!» деген тәмсіл қалыпты.

«Отбасы хрестоматиясы»

Шымылдық тұту салты
Кірпінің жаралуы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу