Кірпінің жаралуы

Oinet.kz 13-01-2020 1053

кірпі пайда болуы.jpg

Бір күні Хауа ана сиыр сауып келе жатса, көйлегінің етегі шеңгелге ілініп, жыртылып кетеді. Жыртылған тесіктен балтыры көрініп қалады. Хауа ана қатты ұялып, не істерін білмей алаңдайды. Ауыстырайын десе, өзге көйлегі жоқ, Көңілін мұң шалады. Жыртық киімін уайымдап отырып, көзі ілініп кетеді.

Сол сәтте Құдай тағала кірпіні жаратып, Хауа анаға жібереді. Ол қораға кіріп, қойдың жүнін тісімен қырқып алады да, оны жіпке айналдырады. Үстінен бір инесін алып, оған жіп өткізеді. Сөйтіп Хауа ананың көйлегін жамайды. Тесікті білдірмей жамап, аяқтай бергенде, Хауа ана оянып кетеді. Ол көйлегінің жамалғанын көріп, қуанып кетеді. Кірпіні алақанына салып, алғысын айтады. Сауып әкелген сиырдың сүтін береді. Кірпі сүтке тойып алады. Хауа ананың жанында жүріп, жәрдемшісіне айналады. Хауа ана да кірпіге қарап отырып, тігін тігуді, киім жамауды үйренеді. Әліге дейін кірпілер сиырдың сүтін жақсы көреді. Кейде үйге тығылып кіріп, адамдардың сүтін ұрлап ішіп кетеді екен. 

«Отбасы хрестоматиясы»

Үйректің жаралуы
Құмырсқаның илеуін бұзба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу