Төле би қашан бақилық болған?

Oinet.kz 02-03-2019 1744

Screenshot_17.jpg

 «Қазақта түгел билікке Төле жетті, түгел хандыққа Есім жетті»

Қаз дауысты Қазыбек би.

Қазақтың саяси элитасындағы аса көрнекті тұлғалардың бірі Төле би Әлібекұлы. Оның қазақ ұлтының біртұтастығын сақтауда, елдің береке-бірлігін нығайтуда, қоғамдық әділдіктің салтанат құруына, халқымыздың даналық ойының өсуіне қосқан үлесі ұшан теңіз. Төле би Әлібекұлы туралы тарихи оқиғаларға, кезеңдерге негізделген аңыз - әңгімелер, деректер, құжаттар аз емес. Олардың бір-бірімен қарама-қайшы, бидің өміріне, туған-өлген жылдарына сәйкес келмейтін, уақыт, заман ыңғайына қарай өңі өзгерген тұстары да бар. Дей тұрғанмен, қазіргі кезде атақты бидің ерлікке, даналыққа толы өмірбаяндық деректерін тереңдей зерттеп, зерделеудің қолға алынып жатқандығы қуантады.Бүгінгі біздің әңгімеміз бабаның қашан, қайда қайтыс болғандығына ауызша тарих айту дәстүрімен қатар, ғылыми деректерді негіздей отырып оқырмандарға баянат ету.

 Төле бидің туған жері мен тұрағы қайтыс болған жері туралы деректер әр қилы. «Әлібектің бірінші әйелінен Тыныбек, Ақбота, Шора деген ұлдары болады. Ал кейінгі әйелінен Өтебай, Елібай, Төле туылады. Төле 1663 жылы Шу өзенінің оң саласындағы Жайсаң деген жайлауда туады.

Төле Тәукеден бастап Абылайға дейінгі дәуірді басынан өткізеді. 1756 жылы Ақбұрқан деген жерде 93 жасында қайтыс болады, сүйегі Ташкент қаласына қойылады». Бұл жазбаны қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинақтаушы Әбілқасым Ділебаев деген қария сонау 1944 жылы біздерге яғни артындағы ұрпақтарына із етіп қалдырған. Оның ой-пікірін қазақтың атақты ақыны Қазанғап Байболов  былайша толықтырады. «Халықтың айтуына қарағанда, Төле Ташкентті 12 жыл сұрап, билік еткен. Ташкенттің қасындағы (қазіргі Қаратас ауданына қарасты) Ақбұрқан – Орда қонған деген жерде қайтыс болып, сүйегі Ташкент қаласының ішіне қойылған. Қазір күмбезі бар». Оны жырмен былай өреді.

Жұрты тегіс жиылып,

Жаназалап Ташкентке,

Алып жүрді Төлені.

Тоқсан үшке келген жасында,

Қайтып өтті деп еді.

Өлген жері деп еді.

Орда қонған Ақ Борқан...

Қазақ совет энциклопедиясында да (1977 жыл, 11-тан) дәл осы мәліметтер айна-қатесіз қайталанған.

М. Есламғалиұлы құрастырған «Төле би» кітабына енген Сәрсенбі Дәуітұлының «Халқының төбе биі» еңбегінде: «...Атадан балаға ауысып айтылып келе жатқан аңыздар бойынша Төле - Әулие -Ата төңірегінде туған..». «Жиделібайсын жерінде, Сырдың бойында көшіп жүрген. Көп тұрған жері Шыназ (Ескі Ташкент), сол жерде қайтыс болған», - деп ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, марқұм Балтабай Адамбаевты қайталайды.

Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен Тотай Тұрлығұловтың 5 - сыныпқа арналған «Қазақ елінің қысқаша тарихы» оқулығында (1996ж.) Төле би 93 жасында Ақбұрқан – Орда қонған жерде қайтыс болады», - деп көрсетеді.

Тәуелсіздік жылдары жарық көрген көптеген еңбектер мен мақалаларда бабаның туған, өлген жылдары нақтыланбаған күйінде, баяғы сарынмен жазылып келеді. Сонда бұрынғы аталарымыз айтса қалт айтпайды деген бұйығылықтан арылмай, дәлел-дәйекке пысқырмай алдыға түсіп шаба береміз бе?

Өзгеше пікірді жерлесіміз Хамза Амандықов «Төле би» атты кітабында білдіреді. Ол Төле 1663 жылы туып, 75 жасында қайтыс болған дейді. Бірақ ол бұл мәліметті қайдан алғанын дерекке сүйеніп нақтыламаған.

Бұл олқылықтарды мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жасалған жинақтау, зерттеу жұмыстары біршама толықтырып отыр десек қателеспейміз. Мен көп жылғы ізденіс пен зерттеулер барысында XVIII ғасырдағы ұлттық басқарушы топтың қызметі туралы тарихи-деректі кітапты дайындау үстіндемін. Бұл еңбекте қазақтың атақты билері – Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сасық би, Мұхаммед би, Жайма би, Мүсірәлі пір, қырғыз Қоқан  би туралы құнды мәліметтер бар. Әл-әзір біздің ғалымдар үш биден аса алмай жүр, бұл тарих алдында да, бабалар алдында да әділетсіздік болар еді. Сондықтан олардың өмірлері мен ұлт үшін жасаған ерлік, билік-шешімдерін біртұтас қарауға тиіспіз.

Төле 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған деген дерек дәйексіз деп санаймын. Оған мынадай нақты мысалдарды алға тартамын.

«Пиң патшалығының әскерлері жоңғарлардың өздеріне қарсы дүрбелең тудырған тобының қалғандарын қуалап, 1758 жылы Ұлы жүз даласына дейін барады. Сонда олар Ұлы жүзде көздерімен көрген жағдайды былай деп жазады: Ұлы жүздің қолбасшысы Әбілпейіс екен, оның үш батыры бар. Біреуі – Төле би, екінші – Қойгелді, үшіншісі – Сасықбай. Әбілпейіс Ташкент қаласында тұрады. Ешқандай іске араласпайды, онда тек елбасы деген атақ қана бар. Олардың саясатын Төле би  жүргізеді екен».

Екінші бір қытай жазбасында былай дейді: 1758 жылы қазанда Төле би өз ұлы Жолан мен туысы Басарманды Пиң патшалығына елші етіп жібереді. Бұл құжаттар Қытай елінің мұрағатынан табылып отыр. Яғни бұл құжаттарға сенетін болсақ бабамыз 1758 жылы тірі екендігі аян болып отыр. Тағы бір Шын елінің дерегі Төле бидің 1762 жылы да мына жарық дүниеде ғұмыр кешіп жатқандығын айғақтайды. Осы жылдан кейінгі құжаттарда (Қытай, Ташкент мұрағат – кітапханаларында) оның айы, туған, өлген жылдарына байланысты мәліметтер ұшыраспайды. Бұл кезеңде билікке Бәйтік келген сыңайлы. Одан соң Төле бидің ұлы Қожамжар тізгінді алады. Бұл кезең – Қоқан хандығы дәуірлеген тұс. Олар маңызды стратегиялық орталық Ташкент қаласын уысында ұстағысы келді. Екіншіден, бұл тұста он екі қақпалы Ташкент төрт дахаға – аймаққа бөлінетін. Оларды негізінен сонау Төле бидің кезінен  дулаттар мен қожалар басқаратын. Осылардың арасындағы тартысты Жүнісқожа тиімді пайдалана отырып, өз жағына қаңлы, шанышқылы, сіргелілерді көптен тартып, дулаттарды қала  билігінен ығыстырады. Мұнан көретініміз Төле биден бой тартып жүрген Жүнісқожа ол қайтыс болған соң бар билікті өз қолына алуға күш салғанын аңғарамыз.

Қытайдың 1758 жылғы жазылған мына  мәліметі баба өмірін анықтауда ерекше мәнге ие деп санауға болады, Онда «Төле бидің жасы 83-ке келді, Қойгелді батыр да 70 жасқа толған» делінген. Осындай нақты деректерді зерделей келіп мен Төле би Әлібекұлы 1675 жылы туып, 88 жасында, яғни 1763 жылы жазда дүниеден өткен деп білемін. Бұл деректер шынайы назар аударсақ даланың ауызша тарихнамасы мен Ресей құжаттарында кездесетін дәйектемелермен сабақтас келеді.

Бұл қазақ тыныш өмір кешірген бе?

Жауды жеңдің ақылмен, десіңмен де.

Жастық етіп Ташкентті жатқан бабам,

Жетті аяғың Памирге  көсілгенде, - деп

Қытайдағы бауырымыз Төле бидің Ташкентте жерленгенін нақтылай түскен.

Ендігі кезекте баба өмірін осы деректер негізінде бір ізге түсіріп, оқулықтар мен ғылыми еңбектерде дұрыс жазуға қол жеткізуіміз керек. Осы жылдарды негізге алсақ, биыл Төле би бабаның туғанына 336 жыл толды. 2013 жылы қайтыс болғанына 250 жыл толады.

Төле бидің 93 жас жасады дегені дәйексіз екенін көптеген айғақты мәліметтер айқындайды. Бабаның 88 жыл ғұмыр кешкені анық.

Мұхитхан Миразов

М.Әуезов атындағы ОҚМУ

«Профессор Н.Келімбетов атындағы Түкология ғылыми-зерттеу орталығының директоры»

Мұрағаттан: 24.11.2011

Шымкенттік қорғасыншылар облыс әкімімен соттаспақшы
Кейбір саяси партиялар қазақ тілін қолжаулыққа айналдыра бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу