Кейбір саяси партиялар қазақ тілін қолжаулыққа айналдыра бастады
Бұрынғы сенатор, өткен президент сайлауына қатысуға ниет блдіріп, бірақ қазақ тілініне тапсырылатын сынақтан өте алмаған Уәлихан Қайсар ақыры «Әділет» партиясынан орын алды. Ол партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың иедология және креативті мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне кірісті. Экс-сенатор партияның мәжіліс депутаттығына ұсынылған тізіміне де енді.
--Менің «Әділетті» қолдауымның екі-үш себебі болды. Таяуда елімізде дінге байланысты заң қабылданды. Бірде-бір партия баспасөз жиынын өткізіп, осы заңға қарсы шыққан жоқ - «Руханият» болсын, ЖСДП болсын. Тек «Әділет» партиясы ғана, Мақсұт Нәрікбаев қана қарсы шықты. Осы маған ұнады. Ол кісінің өзі - бес уақыт намазға жығылған адам. Бізде намазға жығылған тағы қай партияның көсемін айта аласыз? Ешкім жоқ. Бұрыннан бері намазға жығылған адамға бірден сеніп отырмын. Меніңше, «Әділетке» келуіме осы да үлкен себеп болған шығар,--дейді У.Қайсаров.
Сенаттан кеткеннен кейін билікке тоң мінез көрсете қалған Уәлихан Қайсаровтың бұған дейін Жалпыұлттық социал-демкратиялық партиясына кіргені белгілі. Бірақ өткен президент сайлауына партияның келісімінсіз қатысқаны үшін оны оппозиция қатарларынан шығарып тастады. Мәжіліс сайлауының дүбірі естілісімен Қайсаров «Руханият» партиясына келуі мүмкін деген болатын. Партия төрағасы Серікжан Мәмбеталиннің өзі де оны өз қатарларына қосуға әзір екендіктерін білдірген. Алайда артынша У.Қайсаров пен С.Мәмбеталин өзара келісімге келе алмағанға ұқсайды.
-- «Руханиятпен» арадағы келісіміміз тек сөзбе-сөз жасалған ниет болатын. Бұған қоса, менің білуімше, Мұхтар Шаханов та менің келуімді онша қаламапты. Мен бұрынғы Кеңес одағы республикаларымен байланысты қолдаймын деген ойымды айтып кеттім. Одан кейін «Руханият» партиясының төрағасы маған хабарласып: «Мен сені түсінбедім. Бұл қалай? Сен партиямыздың позициясын білесің ғой. Партиямыз Ресеймен интеграция жасауға қарсы» деп, екеуміздің арамызда үлкен дау болды,--дейді ол.
Осылайша биліктің де, оппозицияның да «дәмін татып» көрген Уәлихан Қайсаров енді өзін оппозиция санайтын, бірақ жеме-жемге келгенде билікпен де ымыраса салатын «Әділеттің» шотын шаппақ. Бұдан кейін экс-сенаторға тек билік пен мансап қажет-ау деген де ой келеді.
Ал жуырда өткен «Руханият» партиясының съезінде Мұхтар Шаханов «Руханияттың» жай ғана мүшесі емес, рухани жетекшісі болып тағайындалды. Бірақ Мұхтар Шахановтың қолында ешқандай төрағалық өкілеттілік болмайды. Сондай- ақ, жиын барысында сайлауға қатысатын 30 үміткердің тізімі бекітілді. Олардың қатарында Қалдыбек Құрманәлі, Еркін Рақышев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды тұлғалар да бар. Егер олар сайлауда жеңіске жетсе, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, желтоқсан оқиғасына саяси баға беруді көздеп отыр.
Мемлекеттік тіл демекші, қазақ тілінің көсегесін көгертуді көксеген Мәмбеталин мен Шахановтың шырылынан билік секем алып қалған сияқты. Осы аптада Елбасының кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев сайлау кезіндегі ұлараздыққа қоздырғысы келетіндерге, оның ішінде Мәмбеталин мен Шахановқа «қолшоқпарларын» оңды-солды сілтей бермеуді ескертті. Кеңесші ұлтараздықты қоздыру Ата Заңға қайшы екенін алға тартып отыр.
Жалпы алғанда ресим тілде сөйлеп, өзінің ана тіліне шорқақ Е.Ертісбаев өзінің мейілінше «демократияшыл» екендігін бұған дейін де білдірген. Өзінің сұхбаттарының бірінде ол жаңа Парламентті түрлі-түсті ұлт өкілдерінен көргісі келетінін мәлімдеген болатын.
-Бізде ұлтшыл-патриоттық көзқарасты ұстанатын азаматтар бар. Олар өздерінің ұлтына жаны ашыса, Шахановқа дауыс береді. Бірақ ЖСДП-нің төрағасы Болат Әбілов Ата Заңнан орыс тіліне қатысты бапты алып тастауға неге қарсы шықты? Ол неге Ресеймен бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруге, еркін сауда айналымын жасауға қарсылығын білдірді. Бұл саяси экстермзимнің бір түрі. Орыс тілді электорат енді ЖСДП-ға дауыс бермейді. Партияның тізіміне Болат Әбіловтың кіруі бұл оппозицияның стратегиялық қателігі,--дейді Е.Ертісбаев. Яғни, оның сөзінен «Шахановтың түсінуге болады, ал Әбілов те мен секілді шала қазақ қой» деген сыңай байқадық. Сайлауда мемлекеттік тіл мәселесін көтерген партиялардың бірі—«Ақ жол». Алайда біздің байқауымызша, партия белсенділерінің көпшілігі орыс тілділер. Оның үстіне жуырда Шахановтың қазақ тіліне қатысты атышулы хатына «Ақ жолдың» төрағасы Азат Перуашев пен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амагелді Айталының қол қойғанына партияның кейбір мүшелері наразылық білдірген болатын. Соған қарағанда мемлекеттік тіл мәселесін кейбір партиялар халыққа жақсы көріну үшін қолжаулыққа айналдыра бастады.
Мұрағаттан, 08.12.2011 ж