«СОВРЕМЕННЫЙ» СЫРҚАТ (сатиралық әңгіме)
Қалада су жаңа аурухана ашылды. Əкім емхананың лентасын қиған бойда палатаға адам симай кетті. Жан құрдасым,әрі ақын Қапош осында керуетке таңылыпты. Досымды іздеп ауруханаға бардым. Сүйтсем, Қапош көзі аларып жан сақтау бөлімінде жатыр. Сырқаты қатты. Дереу бас дəрігеріне жолықтым.
-Кешіріңіз,Қапошқа келіп едім?
-Аа,бесінші палатада жатқан жігіт қой. Жағдайы өте ауыр-деп,күрсінді дəрігер.
-Диагнозы қандай?
-Іштарлық
-Ол қандай ауру?-деп таң қалдым.
-"Современный" сырқат -деді дəрігер.
Бірінші рет мұндай сырқат бар екенін естіп тамырым шымырлап кетті.
-Дəрігер мырза, сонда аурудың белгілері қандай?
-Іштарлықпен кез келген адам ауыра береді.Əзірге емі жоқ. Олар біреудің жетістіктерін көрсе, қан қысымы көтеріліп есінен танып қалады. Құлағандары қайтып тұрмайды. Құламайтындары адамға көп зиян келтіреді. Іштарлық дертімен көбіне еркектер сырқаттанады. Əйелдер бала көтеретін болған соң, іштері кең көп ауырмайды-деді дəрігер.
Құрдасымның неге ауырғаны енді есіме түсті. Кеше Тəуелсіздік күніне қарсы марапат алдым деген едім.Байғұс,соны естіп осы ауруға шалдыққан екен ғой.
Әйтеуір,мен жетістікке жеткен сайын бір құрдасымнан айырыламын.Сырт айналып кетеді. Дəрігердің рұхсатын алып дереу жан сақтау бөліміне кірдім. Қапош ес-түссіз системада жатыр. Оң жақ құлағына барып Қапош- деп үш рет қатты айқаладым.Ол көзін ашты.Үн жоқ.Үкілеп жатыр.
-Қапош, мен марапат алғаным жоқ, саған әзілдеп едім-дедім. Бейшараның көзінен жас парлап кетті.Терең тыныстап төсектен басын көтерді.
-Адам осылай қалжыңдай ма?-деді ренжіп.Мұны сыртымыздан байқап тұрған медбике жүгіріп келді.
-Ағай, өлім аузында жатқан адамды қалай тұрғыздыңыз? Гипноз жасадыңыз ба?-деп, сұрақтың астына алды.
-Жоқ, менде іштарлықтың дәрісі бар-дедім.
Содан, бас дəрігер мені жұмысқа шақырып əрең құтылдым.Бұл сырқатқа шалдыққандар əсіресе, мерекелік марапаттаудан соң, жедел жəрдеммен ауруханаға көп түседі екен. Кешегі толасыз құттықтаулардан кейін, мыңға жуық адам мұрттай ұшыпты. Ал, мен құрдасымды бір ажалдан алып қалдым.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, Ақтөбе қаласы