Қазыбек би «Қаз дауысты» деген атауды қалай алды?

Oinet.kz 10-09-2020 964

Қазыбек би.jpg

Кезiнде қалмақтың қоңтажы (ханы) қазақ елiн үш рет шауып, малмен бiрге талай қазақтың жас жiгiттерi мен қыздарын айдап кетедi. Қалмақ қоңтажынан айдауда кеткен ұл - қыздарын мал - мүлкiн қайтарып алу үшiн бiтiмгерлiк келiсiмге барған елшiлердiң атқосшысы болып бала жастағы Қазыбек би барады.

Қалмақ ханы қазақ елшiлерiн көзге iлмей, "Қазақ ханының елшiлiкке қаршадай баланы жiбергенi қай сасқаны, ал, датыңды айт бала",деп шiренiптi. Сонда Қазыбектiң қалмақ ханына айтқаны:

- Бiз қазақ деген мал баққан елмiз,бiрақ ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз.

Елiмiздiң құт - берекетi қашпасын деп, 

Жерiмнiң шетiн жау баспасын деп,

Найзаға үкi таққан елмiз. 

Досымызды сақтай бiлген, дәм - тұзды ақтай бiлген елмiз.

Асқақтаған хан болса, ордасын таптай бiлген елмiз.

Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елмiз.

Сен Қалмақ,бiз Қазақ,қарпысқалы келдiк.

Сен темiр болсаң, бiз көмiр ерiткелi келдiк.

Қазақ - қалмақ баласы табысқалы келдiк.

Сен қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келдiк.

Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келдiк, тұтқыр сары желiмдей жабысқалы келдiк. Берсең жөндеп бiтiмiңдi айт, не болмаса тұрысатын жерiңдi айт! - дептi.

Сонда қалмақ ханы сасқалақтап:

- Өзiң сөзге келген бала болсаң, отырған орның қандай төмен, жоғары шық деп қопаңдап қалыпты.

Сонда Қазыбек:

- Бiздiң қазақтың әдетiнде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей бередi. Өзiмнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бiрдей, деп, жалт бұрылып орнына қайта отырыпты.

Сонда қалмақ ханы жауап беруге мұршасы келмей, сасқалақтап, қасындағыларға, елшiлердi құрметтеп, жақсылап қонақ етуiн бұйырыпты. Сонымен бала жастағы Қазыбек, тапқырлығымен, шешендiгiмен қалмақ қоңтажысымен (ханы) бiтiмге келiп, тұтқындағы қандастарын, мал - мүлкiн түгел санап қайтарып алып, ендi қоштасар жерге келгенде, бiр қазақ жiгiт ортаға шығып Қалмак ханына арыз айтады:

- Уа, жиын топ, ағайын қауым, менiң айтарым мынау едi. Баста мен қазақтың жылқышысы едiм, сол жылқыммен бiрге қалмаққа тұтқынға түстiм. Келген соң қалмақ уәзiрi ұрып - соғып тонымды тартып алды,

ықтиярыма көнбедiң, деп, тiсiмдi сындырды, қарсылық жасаймын деп, қолым сынды. Атымнан айырылып ұйқым бұзылды, тiсiм сынып сөзiм бұзылды, осыған не дейсiздер? -дейдi.

Сонда қоңтажы (қалмақ ханы) тұрып:

- Бұл не басында бiтiскеннен кейiн, аяғында еселеп, даулай бересiңдер ма? Тон дегенiң, бiр тоқтының терiсi шығар, ат дегенiң - сырты түктi, iшi боқты бiр тай шығар, ал, тiс сынса ауыз iшiнде, қол сынса жең iшiнде емес пе? - дейдi.

Қазақ - қалмақ болып тағы да таразыға түскендей болады, ешкiм ештеңе дей алмайды. Сонда кiшi болып кейiнiрек тұрған Қазыбек :

- Тiс сынса ауыз iшiнде, қол сынса жең iшiнде жүре беру, деген не сөз? Оның үстiндегi жалғыз тоны жанаты емей немене, ауызындағы отыз тiсi болаты емей немене, астындағы жалғыз аты қанаты емей немене?... Ханның бiзбен қарыспай бiтiскенi рас болса, мына жiгiттi жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай, алғанын қайтаруы керек. Қазақ, қалмақтың сатып алған кұлы емес!... Бұл да бiреудiң ардақтап өсiрген ұлы.

Ерiктi ұл көрiктi болып қайтуы керек, -дептi.

Сөзден жеңiлген қоңтажы:

- Мә, жанатыңа жанатым, - деп үстiндегi iшiгiн шешiп берiптi, - мә, болатыңа болатым, - деп белiндегi семсерiн, - мә, қанатыңа қанатым деп астындағы қара қасқа тұлпарынан түсiп берiптi.

Қоштасарда, Қазыбекке қалмақ ханы былай дептi:

- Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбiр адамға тiзе бүгiп көрмеп едiм. Жығылғанымды мойындаймын,

- Қазыбек! Сен жаңа үйретiлген жас тұлпар екенсiң,

сенiң айтқан әр сөзiңе менiң буыным шыдамай, сiресiп тұра алмадым,

сондықтан саған екi белгi беремiн; Бiреуi - сенiң дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенiң атың бұдан кейiн Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екiншiсi - қос тоғыз жүлде байладым, бұдан былай бiздiң елден сен қос сыбағалы бол, - дептi.

Осылайша Қазбектiң арқасында тоналған ел етек - жеңiн түрiп, елге мәз болып қайтыпты. Бабамыз Қазыбек би "Қаз дауысты"  деген қосақ атын осылай алыпты. Кейiн де қанды соғыстан қалжыраған ел намысы үшiн Қазыбек би қалмақтарға екi рет барып, есесiн алып қайтыпты.

Сезімнің сыры неде?
«СОВРЕМЕННЫЙ» СЫРҚАТ (сатиралық әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу