Тесік құмыра туралы аңыз
28-06-2022
Адамның сезімдері көп. Көру,есту,ойлау,иіс сезу,тағы басқалары. Кейде жүрек дүрсілдеп, ыңғайсыз сезімге бөленесің. Бір жерге барғың келіп тұрады. Бірақ,аяғың тартпайды. Жүрегің қаламайды. Мұндай кезде не істеу керек? Бұған жауап беретін арнайы маман жоқ. Ол өзіңіздің сезім түйсігіңізге байланысты.
1994 жылы Шымкент қаласындағы мәдениет институтының төртінші курсында оқып жүрмін. Күз айы.Жатаханада тұрамын.Қасымда бір студент бар.Сабақтан келдім.Күнде кешкі ас ішкеннен кейін,ұйқыға кетеміз.Бүгін кеш бата мазам қашты.Көзім ілінбеді.Төсектен тұрып түн ішінде бөлменің ішіндегі шкафтардың орнын ауыстырдым. Не істеп жүргенімді өзім білмеймін.Ау-тауық жүрегім қатты соғады. Қасымдағы жігіт басқа бөлемге кетіп қалды. Терезеге қарап таңның атуын күттім.Бірінші қабаттан комендант ағайдың дауысы естілді.Оның жоғары көтеріліп бөлмемнің есігін түртетіні алдын-ала сезіліп тұрды.Есікті ашып қойдым.Комендант кіріп келді.Қасында "вахтер" апай бар.Менің арқамнан қағып,қаралы "телеграмма" ұстатты. Өзіммен тетелес туған інім кісі қолынан қаза тауыпты...
1995 жылдары "рэкет" деген атау халық арасында кеңінен тарады.Олардың астында қымбат көлігі және өзге бұзақылардан қызғыштай қорғап жүретін бизнесмені болады.Бизнесмен әлгі "крышасын" баласындай баптайды.Бір көршім сондай "крутой" жігіт еді.Сыртынан қарапайым көрінеді. Күн сайын таңертең жұмысқа барар кезде мені көлігімен орталыққа ала кетеді.Бұл жолы оның көлігіне мінгім келмеді.Бір түрлі аяғым тартпады.Ол терезенің алдына келіп,дыбыстады. Мен бармаймын деп,белгі бердім.Жарты сағаттан соң үйден шықтым. Көшенің қиылысына жете бергенде полициялар қаптап жүр.Жөн сұраса келгенде көлігі бар көршімді бағдаршам тұсына жете бергенде, қарсыластары белгісіз көліктен оқ жаудырған екен.Ол машинадан секіріп аман-қалыпты. Аяғымның неге тартпағынын сонда ұқтым...
2005 жылдың қыркүйек айы еді.Алматы қаласына кезекті концертімізді қоюға келе жатырмыз.
Көрші купеге науқас анасымен бір жігіт мінді. Алматыға ауруханаға қаралуға жолдама алыпты.Денсаулығы қалыпты жағдайда көрінді.Күндіз бізбен бірге шәй ішті.Әңгімелестік. Қасымызда отырған бір әйел маған қарап,"жүрегім бірдеңе сезім отыр,мына вагоннан өліктің иісі шығып тұр"-деді.Ал,енді осы сөзден кейін ұйықтап көр.Әртістер орындарына қисая кетті.
Мен дөңбекшіп,жата алмадым.Таң біліне бастағанда көрші купеден оқыс дауыс шықты. Орнымнан ұшып тұрдым."Мама,көзіңді ашшы"-деп,баласы айқайлап жылап жатыр.Анасы қайтыс болыпты.Бұл әңгіме өзіме тікелей қатысы болмаса да,сезімге байланысты тақырыпты ашып тұр.Сонда әлгі ажалды сезген әйел кім болды?...
2015 жылы жұмыс барысымен Астана қаласына жиналысқа баратын болдым.Күн жаңбыр.Күзгі қара суық.Пойыз түн ортасында жүреді.Баяғы әдетімше үйден шығарда аяғым тартпай қалды. Көлік жүргізушім келді. Вокзалға жеттім.Пойызға мінгім келмей тұр. Амалсыздан вагонға кірдім.Өзге ұлттың үш адамы ыңғайсыз қалыпта отыр.Тентек суға сылқиып тойып алыпты.Ішімдік ішкен адаммен әңгімем бұрыннан үйлеспейді. Жүрек тулап тұр.Пойыз енді қозғала бергенде секіріп түсіп қалдым.Үйге таксимен қайтып оралдым.Таңертең Астанаға ұшақпен ұштым.
Аяғым тартпай талай жерге киініп тұрып,бармай қалатын кездерім көп болды.Мүмкін,бұл адам бойындағы тылсым күш немесе әлі сыры нақты ашылмаған қорғаныш сезімінің бір түрі ма?
Әлде,Жаратушының ескертуі ме?...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН