Құда туралы әңгіме. Құданікі дұрыс
Құдалық шақырғанда қона жатып кететін кездер естеріңізде болар. Ол уақыттарда құданы кем дегенде бес, алты үй шақып күтіп жіберетін. Созақ ауылында сондай бір құдалық күту болып жатса керек. Бірінен соң бірі шақырған ағайындылардың үйінен дәм татып келе жатқан құдалардың алдынан, бір үлкен Қарға ұша жөнеледі. Топ құданың алдында шайқала басып келе жатқан бас құда қарғаны көріп
- Туух, мына Аққудың дәуін -ай -деп қалса керек. Мұны естіген күтуші жігіттердің бірі,
- Оу, құдеке, Аққу деген ақ болмаушыма еді -десе, сыр бермеген құдекең,
- Әй, бала, сен не білесің? Аққудың ағы болады, қарасы болады... -деп бастап келе жатыр дейт. Сол әулеттің үлкенінің қабағынан "құдамен дауласуға болмайтынын" түсінген әлгі жігіт,
- Болды, болды құдеке Аққу екен. Біз байқамай қалыппыз -деп құтылады. Ертеңіне қайтар жолда құданың інілері ұрсады ғой
- Көке -ау, мұныңыз қалай? Көрне көзге Қарғаны Аққу дегеніңіз ұят болды ғой -десе құдекең айтқан екен,
- Ә, дегенде байқамай айтып қалдым да, содан қайтамай қалдым -деп.
Айдар Темірбекұлы