Созақтағы сойқан

Oinet.kz 05-09-2020 909

Созақ.jpg

Тәуелсіздікке бастау болған көптеген халық бұлқынысының ірісі – Созақ көтерілісі. Биыл айтулы оқиғаға 80 жыл толды. Бірақ неге екені белгісіз, Созақ ауданының әкімдігі халық көтерілісіне осы уақытқа дейін тиісті бағасын бермей келеді. Тіпті бұл мәселеге жаңадан тағайындалған аудан әкімі Берік Мейірбековтің де мейірі түсер емес. Сондықтан болар, жастарға патриоттық тәрбие берер маңызды оқиғаның мерейтойы, биылғы 80 жылдығы тасада қалып қойды…

Шенеуніктер ұмытшақ болса да, халық ешнәрсені ұмытпайды. Отыз жыл бойы кеудемде қалған Бибіхан әжемнің әңгімесімен мен де сол уақытты жаңғыртқым келді.  Әлі есімде, 6-сыныпты бітірген кезім. Созақтағы Мақаш атамның үйінен жалығып, әкемнің нағашыларына бардым. Жаз бойы құрдасым Абай екеуміз қозы бағамыз. Ауылдың айналасы ескі мазарға толы. Қозы-лақты сол бейіттің арасында бағамыз. Бірде, ойынға алаңдап жүріп, бір-екі лақтан айырылып қалдық. Оны да кешкісін үйге келгенде бір-ақ байқадық. Одан соң, Абай мен Хадиша апа екеуі жамырап кеткен төлді іздеп шықты. Мен үйде қалғам. Күн байлана бергенде Хадиша апамыз ойбайлап жылап келді. Сөйтсек, зират ішінен мал іздеп жүрген Абай опырылып құлаған моланың ішіне түсіп кетіпті. Үлкендер жағы «біссіміллә» деп жүріп, сүріне-қабына қараңғы қорымға жүгірді. Әлден соң, қорқыныштан боп-боз болған баланы үйге әкелді. Молда келіп, баланы үшкіріп, дем салып жатты. Сол күні Бибіхан әжем Созақтың ішке бүккен құпиясын жайып салып еді. Бала болсам да, үлкендермен бірге еміне отырып, әжемнің  әңгімесіне құлақ салдым:

– 1930 жылдың қара күзі еді, – деп бастады әжем. – Жақаш інкібідіде (НКВД) бастық болып істейтін. Өзімнің аяғым Ақатайға ауыр еді. Кешкілік, қараңғыда әлдекім Жақашты тысқа шақырды. Екеуі қоржынтамның бұрышында ұзақ уақыт күбірлесті де, сосын Жақаш кеңсесіне кетті. Сөйтсем, «бүгін кешкісін халық көтеріледі, тез елден кет» деп ескертіпті. Ол кезде Жақаш маған ондайды айтушы ма еді?! Бірақ ол сөзге өзі де сенбепті. Ойымда дәнеңе жоқ, алаңсыз төсек салып, шаруамды істей бердім. Үйде Мақаш пен Мақатайдан басқа (Жақаштың інілері), Жетісайдан біздің ауданға сот болып келген Ермек Тыныштықбаев тұрып жатқан. Оның келіншегі Қалампыр да екіқабат. Қап-қара шашы тобығына жететін келісті келіншек еді. Іңір түсе бере, ауыл айқай-ұйқайға толып кетті. Терезеден сығалап қарасам, қолына айыр, сойыл, алау ұстаған жандар ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Бірнеше үй мен кеңсе отқа оранып үлгерген. Қапелімде түк түсінбей аңырып қалдым. Сөйткенімше болмады, бір топ адам үйге сау етіп кіріп келді. Қолдарына шиті мылтық, айыр, балта, сойыл ұстаған. Мақаш пен Мақатайды көрпемен бүркемелей бердім. Арасында бірнеше өзбек әйел де бар. Бір әйел «ә, қатын!» деп маған тұра ұмтылды. Не болғанын білмеймін, шашымнан сүйреп, жұлып тастады. Жақаштың маған таққан алтын сырғасы бар еді, әлден соң, әлгілердің біреуі сол сырғама тап берді. Өзім-ақ шешіп берейін десем,  қобыраған шашым сырғаға шиеленісіп, шешілмейді. Кенет, дәу бір еркек құлағымның етімен қосып, сырғаны жұлып алды. Қан сау ете қалды. Бірақ ауырсынған жоқпын. Сол ортада бір қаба сақалды 11-12 жастағы Мақашты ортаға шығарып «Ғазауат де!» деп айқай салды. Кішкентай бала не ұқсын?! Көзі шарасынан шығып: «қазақ, қазақ!» дейді. «Өй, әкеңнің!» деп әлгі қаба сақалды балтасын сілтеп жіберді. Мақаш дереу бұғып үлгерді. Балта ортадағы тіреуге тиіп, басы ұшып кетті. Сол сәтте Мақаш пен Мақатай да қараңғы далаға сып етті. Сұмдықтың көкесі сосын басталды. Әлгі елірген топтың көзіне қан толып, дереу сотты (Е.Тыныштықбаевты) соққыға жықты. Сосын, дырылдатып далаға сүйрей жөнелді. Келіншегі шыр-пыр болып араға түсті. «Ағатайлар, тимеңіздерші, жіберіңіздерші» деп жалынады. Тыңдайтын құлақ қайдан болсын?! Әлгі қаба сақалды дәу қара байғұс Қалампырдың шашын білегіне орады да, үйдің ішіне лақтырып жіберді. Жүкаяққа басы соғылды ма, есінен танып қалды. Мен дірілдеп, орнымнан әрең тұрдым да, келіншектің басын сүйей бердім. Бұл кезде Тыныштықбаевты есіктің алдындағы ағашқа шандып байлап жатты. Кенет, Қалампыр көзін ашты да, ышқынып, шыңғырып жіберді. Сосын, атып тұрып, далаға жүгірді. Артынан мен де ұмтылдым. Бірақ …кеш қалдым. Алаудың жарығынан Қалампырдың күйеуін тарс қылып құшақтап алғанын ғана көріп қалдым, сосын «тарс» еткен мылтықтың дауысын естідім. Қанша рет атқанын білмеймін, бірақ жас жұбайлар о дүниеге аттанып кете барды.

Бұл уақытта Жақаш кеңседе отырыпты. Ауылдағы у-шуды ол да естиді. Кенет, біреу ішке кіріп келіпті де, Жақаштың ту сыртынан құшақтай алып, «дымыңды шығарма!» дейді де, үлкен үстелдің астына тығып жібереді. Сосын, далаға шығып, «мұнда ешкім жоқ!» деп айқай салыпты. Арлы-берлі сапырылысқан тобыр бұл кеңсеге де от қояды. Көтерілісшілер кеткесін, Жақаш сыртқа шығып, отқа оранған ауылды, әр жерде өліп жатқан «белсенділерді» көзбен көреді. Сосын, тау бөктеріндегі диірменге барып жасырынады. Кейіннен, көтерілісшілер диірменнен Жақашты тауып алыпты. Шашын қырып, қолындағы сағатын шешіп, сол кезде ақ киізге көтеріп сайлап қойған ханның алдына апарады. Хан бірден «өлтіріңдер!» деп әмір беріпті.

Жақаш қызмет істеп жүргенінде ешкімге жамандық жасаған жоқ. Асыра сілтеушілер тігерге тұяғы жоқ жандарға «азанға дейін мыншама келі жүнді салық ретінде өткізесіңдер» деп қысатын. Орындамағандарды «халық жауы» деп, ит жеккенге айдайтын. Сосын, амал жоқ, кедей-кепшіктер үйіндегі киізін таң атқанша қайтадан түтіп жататын. Жақаш сондайлардың талайын құтқарып, аман алып қалды. Асыра сілтеушілердің әсіре әрекетін айыптап, талай рет жолдарын кесті. Сол кедейлерге жасаған жақсылығы шығар, ханның алдында отырған бір шал Жақашты өзіне қарай жұлқып тартып алыпты да, етегінің астына жауып қойыпты. «Қане, қайсыңның шамаң жетеді екен, алып көріңдерші?!» деп айқай салыпты. Ол кезде осы өңірдегі Жабал Тамалардың үстемдігі күшті еді. Дереу, көпшілік иманды болғыр әлгі шалдың ығына жығылады. Бір тобы «егер, Жақашты өлтірсеңдер, біз сендерге қарсы шығамыз!» депті. Содан, Жақашқа тиіспей, аман-есен босатып жібереді.

Көп ұзамай, қызылдар келіп, Созақтың батысындағы Көктөбеге зеңбірек әкелді. Кәрі-жас деместен оқты боратып, елді жайпап салды.

Зуылдаған оқ пен жалындаған оттың арасында түйенің қомына екі қайнымды мінгізіп, «Төртшидегі» төркініме тайып тұрдым. Тауға қарай қашқан көтерілісшілерді тақымдап ұстап алып, сотсыз, дәлелсіз атып тастады. Сызғанның жоғары жағында көптеген төбешіктер бар. Соның бәрін қызылдар қолға түскен көтерілісшілерге қаздырып, сосын атып тастаған. Әлгі төбешіктерде жаназасы шығарылмаған, ақ жуып аруланбаған боздақтар жатыр. Сол секілді осы Созақтың аумағындағы бейіт те түгел отызыншы жылғы қырғыннан пайда болды. Аудан орталығы кейін Шолаққорғанға көшірілді. Ал Жақаш болса, 5-6 жыл хабарсыз кетті. Сөйтсем, Жетісу өңіріне жіберіліпті. Кейіннен, аталарың соғыстан келмеді. Ал әлгі біздің үйге келіп, астаң-кестең орнатқан, шаш қойып, сағат таққандарды түгел қырған – нағыз көтерілісшілер емес еді. Сол көтерілісті пайдаланып, ақтар келсе – ақтың, қызылдар келсе, қызылдың алдынан кепшік қағып, билеп шығатын жағымпаздар болатын. Абай түскен молада жатқандар – бейкүнә шәһидтер. Сондықтан, бала қорқып қалған ғой, түк ете қоймас… – деп күрсінді. Әжемнің екі көзі қызарып, жасаурап кетіпті. Түкке түсінбесем де, іштей мен де күрсіндім.

Ертесіне, Абай екеуіміз қайтадан мәре-сәре ойынға берілдік…

Тоқтар Жақаш,

"Жас қазақ" 2015 ж

Нағыз еркек деген кім?
Қазақтың қара қазаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу