17 жастағы қызды ұрлап, зорлап, өлтіру ісі: Қырғызстан президенті өлім жазасын енгізуді тапсырды
Ыстықкөлде кәмелет жасына толмаған Айсұлудың айуандықпен өлтірілуіне қатысты іс президент Садыр Жапаровтың жеке бақылауында, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтың айтуынша, Жапаров әйелдер мен балаларды зорлау және өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын енгізуді көздейтін заңнамаға өзгерістер дайындауды тапсырды.
“Мемлекет басшысы қоғамды дүр сілкіндірген қылмысқа қатты өкініш білдірді. Осы ретте ол Президент Әкімшілігінің Құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мұрат Укушевке балаларға, қыздарға және әйелдерге қатысты қылмыстар үшін барынша қатаң жазаны қарастыратын заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, бұл балаларды, әйелдерді зорлау және өлтіру үшін өлім жазасын енгізуге қатысты. Президент Садыр Жапаров, әсіресе, балалар мен әйелдерге қатысты қылмыстар жазасыз қалмауы керек деп санайды”, – деді Алагөзов.
Айта кетейік, 17 жастағы Айсұлу биыл 27 қыркүйекте Ыстықкөлде жоғалып кеткен. Ол көрші ауылдағы құрбысына қонаққа кетіп, содан кейін байланыс үзілген. 29 қыркүйекте оның денесі Боом шатқалынан табылған. Оны өлтірді деген күдікпен 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталды.
Тергеу кезінде ер адам қызды ұрлап, зорлағанын және өлтіргенін мойындады. Ол Айсұлудың денесін Ыстықкөлге көмгенін, алайда кейін қайта келіп, мәйітті қазып алып, Боом шатқалына тастағанын айтты.
Жәбірленушінің отбасының айтуынша, күдіктіге бұған дейін жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылған, бірақ жазадан құтылып кеткен. Айсұлудың отбасы күдікті тағы да соттан қашып кете ме деп қорқып отыр.