Әлия Құдайбергенова: «Әлеуметтік бағдарламаларға төрт құбыласы тең адам келмейді»

Oinet.kz 16-03-2020 1310

Screenshot_2.jpg

Тағдыр талқысына түскен сан түрлі кейіпкердің мұң-мұқтажын жария көпшіліктің назарын аударып, мәселесін шешіп, жеті жыл ішінде қайырымдылық бағдарламасына айналған «Айтуға оңай» мен жүргізушісі Бейсен Құранбекті көгілдір экраннан қайта көргісі келетіндер көп. Аталмыш жоба жөнінде «Айтуға оңай»,  «Қарекет», «Беу», «Шешімі бар» бағдарламаларының продюсері Әлия Құдайбергеновамен сұхбат құрған едік.

– Қайырлы күн, Әлия Дауылбайқызы! Сұрағымызды көрерменнің көзайымына айналған «Айтуға оңай» және «Қарекет» бағдарламаларынан бастасақ. Бұл жобалар неге көрінбей кетті? 

– Бұл өмірде барлығы уақытша. Әрбір дүниенің басы басталса, демек, соңы да болатыны анық. «Айтуға оңай» мен «Қарекет» 7 жылға жуық берілді. Бағдарлама өзінің  көрерменін тауып, қаншама адамға жақсылық жасап, миссиясын толық атқарды деп ойлаймын. Жобаның басы - қасында жүрген барша ұжымның мақсаты бір еді. Бастаған ісімізді аяғына дейін жеткіздік. Осы орайда, бұл хабарлардың жабылғанын айтқым келіп тұр. 

– Осы екі бағдарламаның мақсаты қоғамдағы жағдайларды ашық көрсету ме, әлде көмек қолын созу ма? 

– Біз кез келген кейіпкерді алған кезде, алдымен толық зерттеп, зерделейміз. Егер де оған моральдық тұрғыда, заң жүзінде және қаржылай көмектесе алмайтын болсақ, ол кейіпкерді түсірмейтінбіз. Бұл әлеуметтік бағдарлама болғандықтан төрт құбыласы тең адам келмейді. Қажып, өмірден баз кешіп жүрген, белігілі бір әлеуметтік жағдайлардың шырмауына түсіп қалып, шыға алмай жүрген кейіпкерлер келетін. Біз барынша солардың мәселесін 100 пайыз шешпесек те 70-80 пайыз шешуге тырысатынбыз.  

– Шетелде сіздің жобаларыңызға ұқсас типтегі қандай бағдарламалар бар? Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, телеарналарда беріліп жүрген бағдарламалардың көпшілігі көшірме. Негізі, өзге елден идея алғанда нені басшылыққа ұстануымыз керек? 

– Әлемде ток-шоу жанрындағы хабарлардың концепциясы бір деп ойлаймын. Бір техника ойлап табудың қажеті жоқ. Әр елдің өзінің менталитеті, салт-санасы бар. Хабар негізінен соған орай жасалынады. Ал біздің елде әлеуметтік мәселелер күрделеніп, қордаланып кеткен. Сондықтан «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламаларының белгілі бір дәрежеде, деңгейде қатып қалған концепциясы болған жоқ. Әр кейіпкерге қарай хабар жасадық. Біздің бағдарламаға жүгінушілердің өтінішіне, мәселесіне, негізгі мақсатына орай жұмыс істедік. Ең бастысы – кейіпкерге қызмет ету. Қазақта «Сырты жылтырағанның – іші қалтырақ» деген сөз бар емес пе?! Сол себепті, сыртына яғни, студияға мән беріп, әдемі болу керек дегеннен гөрі, кейіпкерлеріміздің тағдыры маңызды болды. Және шынайылықты басты назарға алдық. Осы бағдарламалар жүріп тұрған уақытта еш өтірікті қоспай, жасандылыққа жол бермеуге тырыстық. Бағдарламаның көрермені көп болып, көңілден шығып жүрді. Себебі – бір бағдарламаның артында қазақтың қаншама қыз-жігіттерінің маңдай тері жатты. 

– Тележүргізуші Бейсен Құранбек жайлы не айтасыз? Қазір ол кісі неге көрінбей кетті. Бағдарламаның ауырлығынан денсаулығына қауіп төнгені қаншалықты рас? 

– Қазір Бейсен Құранбек ем алып жатыр. Ыстық-суығы бар, тоқтаусыз 5-6 жылдық жұмыс адамды ауыртпай қоймайды ғой. Дәл қазір ол кісі қымыз, саумал ішіп, емделіп жатыр. Алла қаласа, ортамызға оралады деген үміттеміз. Бейсен аға телеарнадан кетпейді. Бірақ уақытша демалып, емделіп алғанды жөн көріп отыр. 

– Қазіргі таңда әншісі бар, әртісі бар, жұлдыздарымыз бар, блогерлер бар, бір «хайп» жасауға құмар. Бұл кімге керек деп ойлайсыз? 

– Баяғыда қазақ атамыз «Атың шықпаса, жер өрте» деп айтып кеткен. Сол бізге енді келіп жатқан сыңайлы. Біреуден біреу озып, ерекшеленгісі келіп тұрады. Кейде мен ойлаймын, халықтың да сұранысы осы-ау. Егер шулы, айқайлап тұратын шоу жобалардың көрермені болмаса, бұл бағдарламалар жабылып қалар еді. Өкінішке қарай, оның көрермені, рейтингі көп әрі мықты болып тұр. Осындай жобалардың ұзақ уақыт өмір сүріп, біздің жүйкемізге тиіп жатқанының басты себебі – сұраныстың болуында деп ойлаймын. 

– Продюсер ретінде отандық телеарналарда қаптап жүрген қос «Қалаулым» «Кел келінім», халықтың қалауымен жабылып қалған «Өз ойым» сынды ток-шоулар туралы не айтасыз? 

– Мен шынымды айтсам, бұл бағдарламаларды мүлдем көрмеймін. Себебі, уақытым да жоқ әрі көруге тұрарлық, қажетті деп санамаймын. Олар жабылмай қайда барады дейсіз?! Өзінің уақыты келеді. Жалпы, шоу, жеңіл-желпілікке табиғатым қарсы. Оны мен қолымнан келгенше, сөзбен емес іспен дәлелдеп жүрмін. Менің жасаған хабарларым мен алған сұхбаттарымның бір жақсы тұсы да сол жасандылық пен өтіріктен ада екенін айтқым келеді.

Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохируг: «Қазақстанда нейрохирургтар жеткілікті»
Күлия Айдарбекова: «Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу