Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохируг: «Қазақстанда нейрохирургтар жеткілікті»

Oinet.kz 12-10-2018 1845

Нейрохирургия – медицинаның күрделі әрі нәзік саласы. Екінің бірі мойнына ала бермейтін мамандықты адал атқарып келе жатқан жас дәрігердің бірі Мыңжылқы Бердіқожаев.    «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты Санкт-Петербург қаласындағы С.М.Киров атындағы  Әскери-медициналық академиясының клиникалық ординатурасын тәмамдаған. Білікті мамандардан білімін шыңдаған ол Астанада Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталықта эндоваскулярлық нейрохирург болып мансабын бастады. 2008- 2015 жылдар аралығында Бердіқожаевтың қатысуымен 1500-ден аса бас миының тамырларына жоғары технологиялық ота жасалды. 2016 жылдан бастап Мыңжылқы Сайлауұлы Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханасы  нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Соңғы үш жылда 800-ге жуық ішкі тамыр жүйелеріне қатысты ота жасаған ақ халатты абзал жан біліктілігінің арқасында  Алматы қаласында инсульттан көз жұму көрсеткішін 2% төмендетуге септігін тигізді.  Бүгінгі уақытта Мыңжылқы Сайлауұлының басшылығындағы нейрохирургиялық бөлімдер  Қазақстанның аймақтарындағы, сонымен қатар қиыр Шығыстағы дәрігерлерді оқытатын үлкен оқыту орталығына айналып отыр. Ол Денсаулық сақтаудың магистрі және докторанты болып табылады. Әлемдік деңгейде өзін мойындатқан,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылған нейрохирургпен жақында тілдесудің сәті түскен болатын. 

maxresdefault.jpg- Мыңжылқы Сайлауұлы, бүгінгі күні нейрохирург дәрігерлер қандай паталогиялармен жиі кездеседі?

- Нейросалада ғана емес жалпы адамдар ең жиі кездесетін ауру ол остеохандроз. Себебі адамның өмір бойы белі, мойны, кеудесі ауыруы мүмкін. Кеселдің негізгі себебі адамның екі аяқпен тік жүруі. Яғни бұл ауру тек адамзатқа ғана тән. Статистикалық мәлімет бойынша жер бетіндегі пенделердің 80 пайызы осы дертке шалдығады екен. Олардың шамамен 10 пайызына операция жасалады. Остеохондроз — сүйек және шеміршектердің қабынуы.  Ауыр дене еңбегі мен шағын жарақаттар және салқын  тиіп ауыру факторлары остеохондрозды асқындыра түседі. Бұндай ауруға шалдыққан адамдардың сүйектері мен буындары сырқырап ауырады. Әсіресе, омыртқааралық дискілерде дистрофикалық процесс жүреді. Науқастың жүріп-тұруы қиындайды. Кейбір еңбектерге сүйенсек, аталған аурудың 52 түрі бар. Кейде адамдар ағзада орын алған функционалды өзгерістерді елемей жүре береді. Ал мұндай белгілерге мыналар жатады:  мойын бұлшық еті жылдам шаршайды, иық, арқа, екі қолдың бұлшық еті салдырап тез талып қалады. Ал күн ұзағына қозғалмай үстелде отырып жұмыс істеу ауруды асқындырып жібереді. Иық немесе буыны ауырған адамдар оны көпшілікке танымал ревматизм немесе полиартрит ауруымен шатастыруы мүмкін.  Остеохондрозға шалдыққанда омыртқа арасынан шыққан жұлынның талшықтары қысылып қалса, жүрек тұсы шаншиды. Ал бұны біреулер инфаркт немесе стенокардия ауруымен шатастырады. Остехандрозды болдырмас үшін адам күн сайын денешынықтыру, гимнастикамен айналысып, физикалық белсенділікті болуы керек. Ұйқының режимін дұрыс сақтау д маңызды. Сондай-ақ ауыр жүкті дұрыс көтере білген жөн. Байқасаңыздар ауыр атлеттер штангыны тізесін бүгу арқылы көтереді. Егер адам ауыр затты тізесін бүкпей көтеретін болса онда бар салмақ белге түседі де жарық (грыжа) пайда болады. 

- Ми-қан айналым жүйесіндегі қауіпті кеселдердің бірі инсульт соңғы жылдары көбейіп отырғандығы алаңдатарлық жағдай. Сіздің аталған дертті тереңірек зерттеп жүргеніңізден хабардармыз. Айтаңызшы инсульттің көбею себебі мен емі қандай?

 - Инсульт дерті ми-қан тамырлары ауруларының ішіндегі ең қауіпті түрі болып табылады. Инсульт миға қан келуі тоқтаған кезде пайда болады. Миға қан келуі тоқтаған бірнеше минуттен кейін ми жасушалары тіршілігін жоя бастайды.  Инсульттің екі түрі бар. Жиі кездесетін түрі – ишемиялық инсульт, мидың қантамырының тромбымен бітелуіне байланысты. Басқа түрі – геморрагиялық инсульт – қан тамырының жарылуымен және миға қан құйылуымен байланысты. Темекі шегу қатерлі кеселдің туындауына, өршуіне алып келеді..Никотин салдарынан тамырлардың түйілуі пайда болады, оларда жүректің ишемиялық ауруының негізгі себепкері болып табылатын атеросклеротикалық түйіндер пайда болады. Темекі шегуден бас тарту инсульттің пайда болуын екі есе төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатер факторына артық салмақты, ішімдік ішуді, жүрек ауруы мен жас мөлшерін де жатқызуға болады.  Бүгінгі күні инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің арасында екінші орында тұр. Сондай-ақ, инсульт мүгедектікке әкеп соғатын аурулардың ішінде бірінші орынға ие. Қазіргі таңда біз инсультке шалдыққан науқастарға ангиография аппаратының көмегімен эндоваскулярлық ота жасаудамыз.  Операция кезінде басқа пышақ тимейді, барлығы саннан жіберілген 2 миллиметрлік микроқұрылғы арқылы жасалынады. Ота мүгедектікті алдын алып, өлімді болдырмаудың бірден бір жолы деп білемін.  Бұл бүгінгі отандық медицинаның жетістігі деуге болады.

- Қазақстанда нейрохирургия саласының негізгі проблемалары қандай?

- Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері медицинаны қоса алғанда реформадан көш ашпай келеді.  Бұл отандық медицинаның әлі толық жетілмегендігін білдіреді. Шешілуі тиіс мәселелер баршылық. Соның ішінде нейрохирургия саласында да бірқатар проблемалар бар. Дегенмен көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда қазір бас-ми, қан тамырлары ауруларына күрделі оталар сәтті жасалып жатыр. Дамыған елдердің медицинасымен тең дәрежеде келеміз деуге болады. 

- Нейрохирург мамандарының жетіспеушілігі туралы жиі айтылады?  

- Мен олай ойламын.  Қазақстанда дәл қазір статистика бойныша шамамен 250-дей нейрохирург жұмыс істейді. Бұл 18 миллион халыққа жеткілікті деп ойлаймын. Қазақстан территориясы өте үлкен әрі халық  шашыраңқы орналасқандықтан маман жетіспеушілігі сезілуі мүмкін. Мен Африканың  Кения, Нигерия, Танзания  мемлекеттінің нейрохирургтарымен тілдескенімде біздің елде маман тапшылығының жоқтығына көзімді жеткіздім. Аталған мемлекеттерде 145-150 миллион халыққа 5-6 нейрохурургтан келеді. Айырмашылық жер мен көктей. Оның үстіне қазір жоғары оқу орындарында   жыл сайын 20-30 студент резидентурадан өтуде. Алдағы уақытта нейрохиругтардың саны одан да арта түседі деп есептеймін.  

- Бас-ми, қан тамырлары ауруларыны ішінде туа біткен немесе тұқым қуалайтын түрлері бар ма?

- Артериовенозды мальформациялар  – 99 пайызда туа бітті пайда болатын ауру. Ол ми қан тамырлары жүйесінің ауытқушылығы  болып есептеледі және түрлі пішінді әрі түрлі көлемді болады. Артерио-венозды мальформацияларда әдетте капиллярлы желі болмайды. Бұл қан айналымының екі жүйесінің қалыптасуына әкеледі, нәтижесінде мидың қалыпты тіндеріндегі қан айналымы азайып, бұл мидағы ишимиялықжәне дегенеративтік белгілердің көбеюіне әкеліп соғады. Жұлын мен ми қан тамырларының артериовенозды фистулалары  да туа бітті кеселге жатады. Сондай-ақ гипофиз ісіктері ғалымдардың болжауы бойынша тұқым қуалаушылықпен тікелей байланысты. 

- Тұрғындарға айтар кеңесіңіз?

- Дәрігерлер бірінші кезекте  ауруды емдегеннен гөрі алдын-алу керектігін айтады. Сол секілді тұрғындар  денсаулығына жауапкершілікпен қарап дер кезінде мамандарға көрініп, скринингтік тексерулерден өтіп тұрса  кез-келген ауруды жеңе алады. Әзірленіп жатқан Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінде осы қағида қарастырылған. Яғни денсаулықты сақтау тек ақ халаттыларға жүктелген міндет емес ол әр адамның мойнындағы парызы.

Нихат Өзжан, мүсінші: «Мүсін өнері төзімділікке үйретеді»
Әлия Құдайбергенова: «Әлеуметтік бағдарламаларға төрт құбыласы тең адам келмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу