Жыртық аяқ киімнен шыққан ақша
15-11-2022
Ол – көпбалалы ана. Өзі журналист. Арасында кітаптары да жарыққа шығып жүрген. Өзгеріс енгізуді қалады. Әрекет етті. Нәтижесінде арманын арқалап АҚШ-қа аттанды. Мақсат – оқу, үйрену. Оқумен қатар Нәзира бүгінде халықаралық онлайн газет шығаруда.
–Нәзира ханым, Qazunite халықаралық онлайн газетінің ерекшелігі неде? Бұл жоба таза энтузиазмнан туды ма әлде коммерциялық жоспарларыңыз да бар ма?
– Америкада «қажеттілік – өнертабыстың анасы» деген сөз бар. Яғни, қажеттілік әр жаңа бастаманың, шығармашылықтың, өнердің, өнім өндірудің түрткісі деп қарауымыз қажет екен ғой.
Бұл сөзді өзім жақында естігем. Маған қатты әсер етті. Мағынасы өте терең. Егер осы қағиданы ту қылып ұстап, дұрыс мақсат қойып, ақылмен әрекет ете алсам талай қажетімді өтейтін сияқтымын.
Бірақ мен жақында ғана өзіміз ашқан kazunite.com сайтын да осы сөздің дұрыстығына дәлел деп айта аламын.
Елде жүргенде қоғамға не қажет – соны жазып, мәселе етіп көтеруге тырыссақ, шетелде жүргенде халықаралық деңгейде қазаққа не қажет - соны жасасақ деп ойладық. Байқасам, АҚШ-та барлық дерлік ұлттардың өз ақпарат құралдары, газеті, радиосы, сосын мәдени орталықтары, ұлттық асханаларына дейін бар екен де, қазақтыкі жоқ екен. Бір радио ашылады деп естігенде барынша қолдау жасап едік. Ол баянсыз болды. Ұлттық асхана жасау әзірге біздің қолымыздан келмейді. Қолымыздан не келеді дегенде осы онлайн газет ашу болды. Кәдімгі баспадан шығатын газет те жасауға болушы еді, оған біздің команданың кәсіби біліктілігі жетеді. Бірақ оған біріншіден көп қаражат кетеді, екіншіден оны ешкім іздеп жүріп оқи қоймас. Оның үстіне, тұрмыс талаптары жоғары Америкада. Ал Қазақстанға ол мүлде жетпесі анық.
Сондықтан, халықаралық онлайн газет жасайық, онымен Қазақстан мен алпауыт Американың арасын жақындатайық, ең бастысы әлемнің әр бұрышында жүрген қазақтардың өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен хабар беріп, оқырман ретінде басын қосайық дедік.
Америкада мен қаншама қазақтарды көріп жүрмін. Олардың әрқайсысы әр елден келген: бірі Қытайдан, бірі Ресейден, бірі Түркиядан, бірі Маңғолиядан. Жапониядан, Еуропа елдерінен келгендер де бар екен. Арасында ғылым, инновация, өнер, бизнес саласында мықты табыстарға жетіп жүргендер бар. Қазақстанда ел қиналып жатса, шыр-пыр болып сырттан тілеуін тілеп, қолдан келгенше көмек жасап жатқандар бар. Мысалы, Еуропадағы Қазақ дәрігерлер қауымдастығф карантин кезінде Қазақстанға көп көмек көрсетті. Осының бәрін ел білуі қажет қой. Қазақстан, қазақ сыртта жүрген тұлғаларын танып білсе, оның өзі әлем қазақтарының бірлігіне ықпал ете бастайды.
Ал шет елдердегі табысты тұлғаларын көріп, олардың ойын, пікірін, тәжірибесін көріп, естіген жастар олрдан мотивация алып, алға ұмтылады деп ойлйамын.
Сондықтан бұл онлайн газет ең алдымен осылай, шама келгенше қазақтың тынысын ашуға, көкжиегін кеңейтуге, әлем қазақтарының бірлігін арттыруға ықпал етсек деген мақсаттан туды.
– Сонда табыс табуды мұлде ойламайсыздар ма? Онлайн газетті кім қаржыландырады?
–Әзірге онлайн газетті ашу және оны ұстап тұру шығындарын ерім Мұрат Алмасбекұлы көтеріп отыр.
Бірақ жаңа айтқанымдай, әр қажеттілік адамнан өнертабысқа ұмтылуды, жаңа ізденісті талап етеді ғой. Бұл сайтты ұстап тұруға, дамытуға, ықпалды етуге күш салып, шығармашылық ұжым ынтамен жұмыс істеуі үшін оғаан салынатын қаражат көлемін арттыруымыз қажет болып тұр. Нарықтық сана үмюстемдік ететін Америкаға келіп тұрып «тек қана ел үшін жұмыс істейміз, ешқандай да бизнеске айналдыру, сайт арқылы табыс табу ниетіміз жоқ» десем, ол менің әлі дамымағаным, әлі баяғы Қазақстандағы журналист болып жүрген деңгейімде қалып қойғанымның белгісі болар еді. Сондықтан, Америкадағы өзге журналистер, редаторлар, БАҚ иелері секілді біз де табыс табудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұл бағытқа алғаш рет бет бұрып отырғандықтан, бұл бізге тәжірибе болмақ.
– Стиль – адамның өзі. Сіз жазған кітаптарыңызда қазақтың батыр қыздарын тақырыпқа тұздық еттіңіз. Болашақта өзіңіздің өміріңіз туралы кітап жазар ма едіңіз?
– Мен үшін әр кейіпкерім – ұстаз еді. Әрбірінен, әсіресе олардың өмір жолы, тәжірибесі, көзқарасы, жан дүниесі жайлы сөйлескенде мен олардың әлеміне сүңгитінмін. Автобиографиялық кітап жазған бір автордың «мен кейіпкерлерімнің аяқ киімін киіп, олар жүрген ізбен жүріп көрдім»дейтіні бар еді. Мен де сөйттім. Олардың өмірін сүріп көрдім. Әсіресе Күләш Ахметованы көп тыңдап, көп сырласқан соң маған бертінде шығармашылық әлемдегі кейбір құбылыстар соншалықты таныс болып тұрды, бұрын құдды басымнан өткен сияқты болатын. Бұл тұлғалар жайлы кітап жазуымның маған берген пайдасы. Беріле оқыса, ол оқырманға да жәл солай әсер етері анық. Егер мен жеткізіп жаза алған болсам.
Бірақ елде журналистикада жүргенде жиырма жыл бойы тұлғаларды іздеп, оларды құлшына ықыласпен тыңдап, елдегі асыл тұлғалардың тұлғалық мектебінен өтсем, қазір Америкаға басқа жоғымды түгендеу үшін келдім ғой.
Сондықтан дәл қазір басқа қажеттіліктерімнің соңындамын. Қазір кітап жазу деген еш ойымда жоқ. Әсіресе өзім туралы.
– Бірде психологпен диалог құрған едім. Ол кісі ылғи өз эмоциясын бақылап жүретін адамдардың шаршауы туралы қызықты пікір айтты. Негативтен құтылу туралы мақалаңызды «Күн боп өмір сүрейікші!» деп қорытындылапсыз. Сіз ылғи күліп жүру үшін қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Менің ең үлкен кемшілігім – эмоциямды жасыра алмаймын. Эмоция менеджменті жоқ менде. Бірақ эмоция сыртқа шыққанда ішіңде кір қалмайтын сияқты. Өмір болған соң әр түрлі оқиға, әр түрлі адам болады. Кейде көңілің жараланып қалады, еңсең түсіп қалады. Бірақ өз басым жағымсыз эмоция тудыратын ойлардан тез арылуға тырысам. Күресем сол үшін. Бұл жолда маған көмектесетін нәрсе – өзім үшін ең қажет, ең маңызды нәрсені ажырата білу.
Бірдемеден көңілің қалса, «өмірдің бәрі осыған қарап қалған жоқ қой» деп, одан да маңызды нәрсені ойлауға тырысамын. Түк таппай бара жатсам, намаз оқып, өзімді сабырға шақырамын. Жер бетінде өзім үшін Алланың разылығынан артық ешнәрсе жоғын ойлаймын. Тым көңілім түсіп жүрсе біреуге болса да жақсылық жасап өз эгомды қанағаттандыруға тырысам. Бір құпиямды ашайын, мен елдің ризалығына, алғысына тәуелді екенмін. Кейде шаршап, шалдығып жүрсем де әлеуметтік желідегі «рахметін» жаудырып жатқан оқырмандарым үшін пайдалы пост салып қоюға тырысамын.
– Америкаға көшу туралы ойыңызды қалай жүзеге асырдыңыз? Біздегі менталитетті былай қойғанда комфорт зонадан зығудың өзі көп ізденісті талап етеді емес пе?
– Америкаға кетсем деген ой болған жоқ. Ерім бірнеше жыл бойы «Америкаға барып оқып келейік» дегенде ол мүмкін еместей көрінуші еді. Өйткені, мен қаржылық сауатым болмағандықтан банктен үй алып, оны қайтадан банкке беріп, бірақ сонда да мойнымда 12 600 000 теңге қарыз болып қалып, сол қарызбен 12 жыл жүрдім. Төлеуге мүмкіндігіміз болмады, өйткені, мен баламен үйде отырып қалып жүрдім. Оның үстіне, менде «социалистік көзқарас», «социалистік психология» болды бұрын сұхбат алып жүрген аға-апаларымнан сіңген. Соның бәрі бізді тұрмыстық қиындықтарға түсірді. Кейін әпкем Жазира бізге үлкен көмегін беріп, онымен қоймай жанына алып жүріп өз бизнесін маған тапсырып қойып, мені өзгертуге тырысты. Сонда ғана мен өзімнің «жанымның қалауымен ғана жазамын, еғбегіңе ақша сұрау ұят» деген көзқарасым таза эгоизм екенін түсіндім. Өйткені, біз ата-анамыз ғой. Балаларды дүниеге әкелген соң олардың қажет білім алып, өз заманының талабына сай күресе білетін азамат етіп өсіру – біздің міндетіміз.
Ал мен жаным қалағанды ғана жазуды жалғастыра берсем, балаларымды дұрыс оқытып, оларды тіпті қосымша үйірмелерге де бере алмайды екем. Олар өскен сайын қажеттілігі көбейіп жатты…
Жазира әпкем осылай менің санама шырақ жақты. Одан соң мен Астана әкімдігінен үй күтіп жүргенім, айлық алғанға мәз болып өмір сүргенім, екі-үш жыл сайын бір кітап шығарып, соның мақтауымен «өсіп» жүргенім жеткіліксіз екенін түсіндім. Сөйтіп, шетелде оқып келейік, біз де өсейік деп ойладық. «Болашақпен» оқуға түсу отбасымызбен виза алуға көмектесті. Бірақ Америкаға келгенде мұнда үйренетін нәрсем мен ойлағаннан да көп екенін түсіндім.
Өз басым Америкаға келгелі дұрыстап қыдырып, демалмаппын. Бір жағы нарықтық заңдары қатал ел, күнкөрісті ойлайсың. Екінші жағынан оқып, ізденіп, өзімнің білімге деген тойымсыз көңілімді қанағаттандырып келе жатырмын.
– Еліміздегі іргелі басылымдарда есіміңізді қалыптастырдыңыз. Америкада медиаменеджменті жолға қойылған БАҚ көп. Жасыратыны жоқ, бізде мемлекеттік ақпараттық қолдауға бөлінетін тендерлердің маңызы жоғары. Бұл БАҚ дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Қазақстандағы тендер қазір қалай екенін білмеймін. Бірақ негізінен тендер алу аяққа кісен салу еді ғой. Әлі де солай шығар.
Бізде тендер деген мүлде ашық өтпейтін еді ғой. Сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ елде сапалы, оқуға тұратын бірен саран сайт бар. Олар тендер алып жүрген болса, қос қолдап құптар едім.
– Бұрынғы өмір сүру стильіңіз бен қазіргі стильіңізде қандай ерешеліктер бар?
– Жалғыз інім бар. Сол жас күнімде де «Нәзира үнемі бірдеме істеп, бос болмай жүреді» дейтін еді. Елде не бітіріп жүргенімді білмеймін, бірақ бос уақытым көп болмайтын. Балаларым «көршілер анасымен далаға шығады балалары ойнаса, мамалары ар жақта әйелдермен сөйлесіп отырады, сіз де шығыңызшы» деп өтінетін. Мен анда-санда өтінішін орындағандай болушы едім.
Қазіргі күнімді салыстырсам, елдегі сол қарбалас өмірімнің өзі жәйбарақат күндерім екен ғой.
АҚШ-қа келгелі бұрынғыдан да қарбаласпыз. Үнемі бір ақпаратқа қажеттілік туады, үнемі бірдеме қарап, ізденіп жатасың. Біз түгілі, алты-жетідегі баламыз да шәй үстінде қажет ақпарат айтып отырады. Бұл біз секілді әлі социалиалистік психологяимен өмір сүретін адамның капиталистік қоғамға келгенде бастан кешетін жағдайы шығар.
Оның үстіне оқу бар, балаларды сабаққа тасу бар.
Оқу, жұмыс, үй шаруасы, арасында гимнастика жасап қою – осының арасында қайталанып жатқан күндер.
Айтпақшы, бір нәрсе өзгерді, ол - киім кию мен сәндену үлгісі. Америкаға жаңа келгенде кішкене елдегідей әр түрлі киім киюге тырысп жүретін едім. Қазір қаншама басқа қыщығушылықтар мен қажеттіліктермен салыстырғанда сәнді киіну деген еғ соңғы орында қалды. Боянып, шашты түзеп, айна алдында отыру - уақытыңды обал қылу мұнда.
Ең қызығы, уақыт өткен сайын үйреніп жатқан, көріп жатқан нәрселер көп болғаннан ба, осылай қарбалас шаршап жүрген күрдердің бәрі қызық, қымбат. Өзіме ұнайды.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,
"Рейтинг" газеті, 10 ақпан, 2022 ж