Темірғали Көпбай: Өлең құрағанның бәрі бірдей ақын емес
Темірғали Көпбай, ақын, журналист, ғалым, баспагер
– Темірғали аға, бірнеше салада еңбек еттіңіз. Өзіңіздің психолгиялық портретіңізді бейнелеп беріңізші?
–Ақын, ғалым, баспагер, ұстаз. Осы төрт сала – қоғамға қызмет етіп жүрген менің болмысымды ашады. Алланың маған әуелі берген қасиеті – өлеңім. Мен ең әуелі ақынмын, өмірдегі миссиям – ақындық деп санаймын. Ақындыққа, өлеңге адал болсам деймін. Баспагерлік қырым – кәсібім. «Қазығұрт» баспасының басшылық қызметінде 20 жылдан аса жүрмін. Сондықтан баспагер ретінде ұлт руханиятына үлес қостым деп айта аламын. Жиырма жылда атқарған еңбегім – қазақтың қазынасына қосылған үлкен байлық.
Ғалымдық қырыма тоқталсам, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс беремін. Ғылым дейтін бітпейтін майданда қызықты тақырыптарды тапсам, ізденісімді үдетіп, тақырып туралы танымымды кеңейтемін. 1998 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Содан бері ғылым жолындамын. Филология ғылымдарының кандидатымын. Докторлық дәрежені мақсат етпедім. Өйткені мен нағыз шығармашылық адамымын. Поэзияны бәрінен жоғары қоямын. Егер менің мақсатым докторлық атақ болса, оған баяғыда қол жеткізер едім. Ғылым, білім – инемен құдық қазғандай нәрсе. Ғылымға жан-тәніңді сал, елге берерің болсын. Өзіңді алдама. Айқын мақсат жолында атқарған еңбегің елге пайдалы болуы керек.
Журналист ретінде мектеп қабырғасынан бастап мақалалар жазып келемін. Қазір билікті сынасаң, «оппозиционер» деп ойлайды ғой. Журналист ретінде қызмет еткенде билікті мен де сынадым. Бізбен бірдей тәуелсіздік алған Балтық жағалауындағы елдердің дамуы – мемлекет басқаруындағы жақсы формула. Біз сондай саяси жүйе құра алмадық. Сынап, ұсыныс айтып талай жаздым. Елемеді. Біз тәуелсіздік жылдарында мақаланың, материалдың пәрменділігін жоғалтып алдық. Бұрын бір сын материал бірнеше бастықты «креслосыз» қалдыратын.
– «Хақпен ғана тілдестірген мұратын , Бақтан биік болады екен Ұлы ақын» деп жазыпсыз. Ойыңыздағыны іркімей өлеңге айналдыра алдыңыз ба?
– Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай» дегеніндей менің поэзиядағы пірім – Жұмекен. Қазақтың интеллектуалды поэзиясындағы ең ірі ақындардың бірі. Ол кісінің таланты мен рухына бас иемін. Сіз айтқан тармақ Жұмекенге арнаған өлеңімнен үзінді. Ақынның жары Нәсіп апай арнауымды жоғары бағалап, ризашылық білдірген еді. Ақын бақтан ғана емес, тақтан да биік. Ақынның көкірегіне сөзді Алла береді. Сондықтан мен Абайды «поэзияның пайғамбары» деймін. Ақындық – көп адам ұғына алмайтын қасиетке ие тылсым құбылыс. Әрине мен шын талант туралы айтып отырмын. Өлең құрағанның бәрі бірдей ақын емес. Испанияның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лорканың: «Самое главное счастье в жизни – родиться поэтом. Остальное ничего не стоит. Даже сама смерть» деген қанатты сөзі бар. Ақындық құдірет Алладан беріледі. Алланың берген қасиетін қастерлеу керек. Басқаның бәрі өмірдің жолында адамның талабына қарай қосылатын жанама қасиеттер.
Көп арнау жазған жоқпын. Жұмекенге, Мұқағалиға, Жұматайға арнап жаздым. Осы уақытқа дейін 13 кітаптың авторымын. Жеті кітабым – поэзия, бір – проза, бір – ғылыми монография, екі – естелік эсселер жинағы, екі томдық шығармалар жинағым шықты. Барлық іске жауапкершілікпен қараймын. Не болса, соны шығаратын адам емеспін. «Елдің көзіне түссем», «елге танылсам» деген мұрат болған жоқ. Ақынның мұраты – елдің рухын көтеріп, мәңгі өлтірмейтін мінсіз мұра қалдыру.
– Журналистиканы жазушының қара жұмысына теңеген бірнеше пікірді көзім шалған еді. Сіз журналистикаға не бердіңіз? Журналистика сізге не берді?
–Шығармашылық иесі өз ісімен шұғылданғаны абзал. Журналистика – кәсіп, ал кәсіп иесі нанына адал болуы керек. Ғұмыр жолым журналистік қызметіммен тікелей байланысты. Баспагерліктің өзі – журналистиканың бір саласы. Шығармашылыққа журналистиканың қол байлау екені – рас. Өлең немесе прозалық туынды жазу үшін көп уақыт бөліп, талмай іздену керек. Журналистік, редакторлық қызмет шығармашылыққа уақыт қалдырмайды. Мысалы, Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетінен бастап, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де редактор болды. Көп уақытын редакторлықпен өткізді. Қазақтың көп публицистері өздерін «Шерханның шинелінен шыққанбыз» дейтіні осыдан қалған. Шерхан Мұртазамен жақсы сырлас болдық. Шерағаң маған «Шіркін-ай, Қадыр деген данышпан ғой. Алла біреуді – ақын, біреуді – жазушы қып жаратқан соң, миссияға адал болу керек екен. Ақын поэзиясын, жазушы прозасын жазуы керек екен. Мен соны сексеннен асқан соң түсіндім. Қадыр 32 том кітап жазыпты» – деген еді. Шерағаңның бар шығармасы 7 томды құрады. Ол кісі көлеммен есептеп тұрған жоқ, көп уақытын журналистикаға арнап, өндіріп жаза алмағанын айтып отыр. «Парламентке бардым, депутат болдым, айқайлап мәселе көтердім. Айқайлағанымды ешкім тыңдамады. Бекерге 15 жылым өлді. Қадыр болса тіпті Парламентте отырып «Парламент» деген поэма жазған» – деп Шерағаң өкінішін білдірген еді.
Журналистика – әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақпарат саласы. Түрлі мүддеге кәсібін байлаған журналистер де бар. Әркімнің ар-ұяты біледі. Журналистік қызметімде ешқашан жеке адамдарды даттап жазған емеспін. Әдебиет пен өнердің жетістігін, адамдардың жақсылығын, өмірге құштарлығын жаздым. Әлдекімді жамандап жазбау – менің өз позициям. Біреуді сынау үшін өзің одан биік болуың керек. Сынаған адамның да, сыналған адамның да жүрегі ауырады. Орыс ақыны Шкляревскийдің «әр адам өзін жазады» дегені бар. Мен журналистикада жақсылықты жаздым. Жақсылықтың жаршысы болдым.
– Жазған-сызғанын өртеген шығармашылық иелері өте көп. Сіз де жазғаныңызды өртейсіз бе? «Жас кезімде жасындай жарқырамадым» деген екенсіз. Жас кезіңізді неге арнадыңыз?
– Өз шығармасын ең көп өртеген ақын – Борис Пастернак болған. Оның жазғаны көңіліне ұнамаса, одан да жақсы жаза түсу үшін өртеген. Пастернак ішкі сенімі өте мықты, өзіне сенімді қаламгер еді. Жазушының өзіне ұнамаған туындысы ешкімге ұнамайды. Қадыр Мырза Әли шығармашылығына пікір білдіруді сұраған қаламгерлер жайлы «Әр шығармашылық иесі өз туындысын кез-келген оқырманнан жақсы біледі» деуші еді. Өртемесем де сызған, жыртқан, шимайлаған парақтарым көп болды. Бұл әрекет – шығармашылыққа деген үлкен жауапкершіліктен туады. Жазғанын жыртуға, өртеуге қимайтын шығармашылық иесінде жауапкершілік жоқ десе де болады. Өйткені мінсіз туынды бірден дүниеге келе салмайды. Көп өңдеу мен жөндеуден кейін ғана шығарманың осал тұстары сылынып, нағыз сәйгүліктей жұтынып шығады. Шығарма жазу – процесс. Алтынды өндіргенде де сап алтын бірден шықпайды ғой. Әуелі шикізат болып, кейін ғана өндіріледі. Біздің шикізатымыз – сөз. Сөз орынды тұрса, бір-біріне сәулесін түсіріп тұрады. Орынсыз тұрса, бір-біріне көлеңкесін түсіріп тұрады. Сондықтан жан-жағына шуақ төгіп тұратын саф алтын туынды бірден жазылмайды. Жүректен эмоцияға аралас туынды шымырлап шығады, ол көп өңдеуді, екшеуді қажет етеді. Жұмекен Нәжімеденовтің студент жиені қолында тұрған. Сол кісі айтып еді. Бір күні ақын жұмыс бөлмесінде көк түтін қып темекі тартып бірдеңе жазып жатты дейді. Жазады, лақтырады. Жазады, лақтырады. Ақын түні бойы жазу үстелінде отырыпты. Қанша қорап темекі шеккені белгісіз. Таңертең бөлмесінен шығып, «Классикалық туынды жаздым!» деп сүйіншілепті. Бөлмесінде умаждалған қағаз үйіліп қалыпты. Сонда жазғаны:
«Қара түнде найзағайдың жарқылы,
Өтетұғын сықылды мен арқылы.
Содан болар, содан болар, жарқыным:
Қара суға қайық салдым – қалқыды,
Қара сөзге сезім құйдым – балқыды» деп келетін «Бестармақ» деген өлеңі екен. Таңға дейін жазғаны – 5 жол. Міне, сөзге, өлеңге деген жауапкершілік осындай болады.
Мен 20 жылдан бері өз шығармаларымды компьютермен жазамын. Сөзді ойнатуға, сөзбен кәсіби деңгейде жұмыс жасауға компьютер зор мүмкіндік береді.
Алматыға келген соң Жұматай Жақыпбаевпен араластым. Жұмекеннің поэзиясын, өмірлік принциптерін терең тануға тырыстым. Жастығымды елдің көзіне түсуге, қайтсем де танылуға арнамадым. Жазған дүниелерімді газетке, кітапқа беруге асықпадым. Өлеңімді әр жерде дауыстап оқуға да құлшынбадым. Мен кітап шығаруды ойламадым. Мені ұстаз санап жүрген жас ақындар кітаптарын шығарып жатты. Соларды көргеннен кейін әйелім өз кітабымды шығаруыма түрткі болды. Мен кешіктім деп ойламаймын. Ішкі қуатымды толықтырдым. Жастық шағымда пәтерден-пәтерге көшіп, тірліктің қамын күйттеп жүріп көп уақыт өткізіп алдым. «Ұлы ақындар «Татаркадан» шығады» деген қалжың аралас сөз бар. Алматыдағы «Татарка» ауданын жағалап, пәтерден пәтер сағалап өтті ғой жастық шағымыз. Сол «Татарка» бізді тәрбиеледі. Расында да ол жерден көп мықты ақындар шықты.
–Қай тілде оқисіз? Шығармашылық шеберханаңызда қандай сезім патшалық құрады?
–Мен қазақ, орыс тілінде оқимын. Ағылшын, қырғыз тілдерінде де оқимын. Ағылшын тілін 1999 жылы Америкада профессорлық стажировкада болғанда жетік меңгердім. Өзіме қажет дүниені қалай болса да оқимын. Оқығаннан шабыт аламын. Кейбір ақындар қуанғанда, қайғырғанда эмоциямен жазатындары бар. Мен кітап оқығанда шабыттанамын. Ойымды қозғап, санама серпін береді. Кітап оқудан ләззаттанамын. Көп кітаптардың дерегі жүрегімді шымырлатады. Өлеңді жүрегім шымырлағанда ғана жазамын.
Мен өзімді ойшыл ақынмын деп санаймын. Ойға берілген сәттерде өзімді бар әлемнің патшасындай сезінемін.
– Кейде адам өмірі бір шешіммен көркейе түседі ғой. Өмірдегі ең ұтымды қадам жасауға ықпал еткен қандай шешіміңіз?
– Ең ұтымды шешім – «Қазығұрт» баспасын ашуым болды. Менің тағдырымды өзгертіп, жұртқа танытқан, қоғамға пайдалы еткен – баспа. Мен баспагерлік жұмысымды жанымдай жақсы көремін. «Қазығұрт» баспасы 2000 жылы Қадырдың көп томдығын шығаруды қолға алды. 2001 жылы ресми тіркеттім. Үйімді кепілге қойып, көп қарыз алып жұмыс бастадым. Мен ақшамның қайтатынына сенімді болдым. Алайда тәжірибем аздау болғандықтан кітаптың ұзақ басылатынын, уақыттың созылып кететінін ескермеппін. Мен ойлағандай бәрі оңай емес екен. Сегіз айдай сергелдеңге түсіп, типографияға ақша тауып бере алмай қиналдым. Сөйтіп жүріп, Қадырдың 18 томдығының мың данасын өткіздік. Қарызды солай жаптым. Пайда да түсті. Қиындығы көп болғанмен, алғашқы жобам сәтті аяқталды. Кітаптардың өтуіне Қадыр ағамның беделі көп әсер етті. Артынша Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділовтердің көп томдықтарын шығардық. Баспа мемлекет қолдауынсыз-ақ екі-үш жылда көтеріліп кетті. Кейінірек қазақтың көптеген марғасқаларының көп томдықтарын бастық. Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Абайдың мұраларын түгелдедім. Менен біреу: «Өмірде не бітірдіңіз?» деп сұраса, осы тұлғалардың кітабын шығарғанымды айтар едім.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,
"Рейтинг" газеті