Орта ғасырлық Шығыс асханасын Түркістаннан табуға болады
Түркістандағы туристер көп келетін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіттен, жалпы 8 бөлмеден тұрады.
Ас-ауқат – адам өмірінде ерекше мәнге ие. Өкінішке қарай, қазіргі адамдар ГМО қосылған азық-түлікті тұтынуда. Ешқандай қоспасыз табиғи тамақ деген қаланы қойып, ауылды жерлерде де азайып барады. Бұл әсіресе адам саны көп, экономикасы дамыған мемлекеттерге тән проблема. Сондықтан да болар, шетелден келген туристер орта ғасырлардағы адамдар қандай ас-су ішті, оны дайындауда қандай ыдыс-аяқтар қолданды, міне, қызығушылықтан туған осындай сұрақтарға жауап іздейді.
Кесенедегі асхана бөлмесінен XV-XIX ғасырлар аралығында пайдаланылған ыдыс-аяқтар, асханаға қажетті құрал-саймандарды таба аласыз. Асханаға кірсеңіз, ең бірінші көзіңізге менмұндалап қазан-ошақ, сосын пеш көрінеді. Жұмыртқадай аппақ қос пеш – ас бөлмесіне көрік беріп тұр. Шығыстық үлгідегі пеш Батыс елдерінен келген туристерді таң қалдырары анық. Қыш кірпіштен жасалған пеш жылуды сыртқа шығармай іште сақтап, қазандағы асты тек пісіреді. Қазіргі қазақ та, бұрығы қазақта сыйлы қонағының алдына ет қоймас бұрын, алдымен оған шай демдеп берген. Шай беру әсіресе XIX ғасырларда дәстүрге айнала бастады. Ол заманда дәл қазіргідей газ жоқ. Шайды екі ғасыр бұрын самаурында қайната бастады. Кесенедегі асханадан жез самаурынды көре аласыз.
Асханадан шығыс өркениетіне тән қыш құмыраларды көп көресіз. Қыш құмыралар әр түрлі көлемде. Ішіне бар болғаны бірер литр су сиятынынан бастап 100 литрге дейін сиятыны бар. Күндіз-түні суы арқырап ағып тұрған краны жоқ тұста қала тұрғындары құдықтан тартқан суларын құмыраларға құйып алған. Қыштан жасалған кез-келген ыдыс-аяқ – температураны бірқалыпты сақтай алатынымен ерекшеленеді. Ауа-райы ыстық Түркістан халқы үшін қыштан жасалған ыдыстар жан сақтауда зор жәрдем берді. Асхананың оң және сол жақ шеттерінде шыны витрина ішінде құмыралардан бөлек, қасық, ожаулар қойылған. Және бұрыш-бұрыштағы жер диірмендері, ірі-ірі науалар (астаулар) назарыңызды бұрғызбай қоймайды. Жер диірмендері мен науаларға қарап – қоғамдық тамақтану секілді орын болғанын біле аласыз. Бұл науаларға бірнеше жүздеген адамға жететіндей тамақ сыйып кетеді. Тарихи деректерді ақтарсақ, кезінде мұнда дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам – халим әзірленетін болған. Халим – кисел тәрізді ботқа. Науаларға қарап отырып, бұл дерек шындыққа жанасатынын білуге болады. Сонымен қатар, мұнда бидай мен қой етінен күнделікті тамақ жасалынып отырған.