Мемлекет басшысы: «Бизнес субъектілерін салықтан босатудан трагедия жасаудың қажеті жоқ»
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес субъектілерін салықтан босатудан трагедия жасаудың қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шағын және орта бизнес субъектілерін салық төлеуден босатқаннан кейін елорда бюджеті 40-50 млрд теңгеге қысқарады. Іс жүзінде бұл, күтілетін нәтиже еді. Бірақ, қала халқын тарту үшін, адамдар көптеп бизнеспен айналысуы үшін мәжбүрлі шара. Онда тұрған ешқандай трагедия жоқ», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл мәселелер 15 қазан күні өтетін экономика жөніндегі кеңесте жан-жақты талқыланатын болады.
«15 қазан күні жоспарлап отырған экономика жөніндегі кеңесте бюджетке қосымша қаражат көздері жайында жан-жақты сөйлесеміз деп ойлаймын және Үкіметтен бұдан трагедия жасамауды өтінемін. Ең дұрысы, әкімшілеу арқылы жоспарланған шығыстардың орнын толтыратын қажетті қаражатты сіздер жеңіл-ақ тауып аласыздар деп ойлаймын», - деді Қ.Тоқаев.