Арман Жетпісбаев Өмірзақ Шөкеевтің шәкірті ме?
Шымкент қаласының бұрынғы әкімі, уақтысында «Рейтинг» газетінде көп сыналған шенеунік Арман Жетпісбаев жаңа қызметке тағайындалды.
Жалпы Арман Жетпісбаев туралы ел аузында әрқилы әңгімелер айтылады. Қайсысының рас, қайсысының қауесет екендігін білмей дал боласың. 2012 жылы ол Шымкент қаласының әкімі қызметінен кетерде ақпарат құралдарында әлдебіреулердің әкімнің көлігіне автоматпен оқ атқаны туралы әңгіме тараған. Алайда Жетпісбаевтың өзі бұл жөнінде құқық қорғау органдарына арызданды ма, жоқ па ол жағы белгісіз күйінде қалған. Арада бір жыл өткенде «Жетпісбаев мұнай бизнесіне кірісіпті, бауыры екеуі Маңғыстаудың Тастөбе учаскесінде мұнай барлау құқығын алыпты» деген ақпарат жарияланды. Билікке бизнестен келген экс-әкім ақыры өз кәсібіне біржолата кіріскен екен ғой дегенбіз. Жоқ, бизнестегі шаруасын қаншалықты дөңгелетіп әкеткенін қайдам, Жетпісбаев қайтадан билікке келіп қалды. 2015 жылдың аяғында ол «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры болып тағайындалды. Міне, бұл қызметтің бір жарым жыл отырған Арман Жетпісбаев жуырда «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметінің құлағын ұстады. Ол бұл қызметке аталған қордың Директорлар кеңесінің шешімімен тағайындалған көрінеді.
Жалпы, байқайсыз ба, биліктің дәмін бір татқан бизнесмен билікті қайта-қайта айналшықтай береді. Бұл билікке кәсіпкерліктің тасын өрге домалататын іскер азаматтардың қажет екендігін білдіре ме? Әлде бизнесті дамытудың тетігі билік екендігін көрсете ме? Бәлкім екеуі де шығар. Дегенмен билікте лауазымды қызметтің құлағын ұстап отыру үшін іскерлік қасиеттің өзі де аздық етуі әбден мүмкін. Жоғарыда қолдап-қорғап отыратын бір мықты болмаса кез-келген күні қалпақтай ұшып түсеріңіз айдан анық. Оны өмірлік тәжірибе көрсетіп жатыр ғой. Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған тұста Арман Жетпісбаев оның орынбасары қызметін атқарғаны белгілі. Осы креслода екі жыл отырған Арман Жетпісбаев көптің назарына іліге қойған жоқ еді. Алайда ұзамай ол Шымкенті қаласының әкімі болды. Қазіргі уақытта Жетпісбаев Шымкентті ең ұзақ басқарған әкімдердің рейтингісінде бірінші орында тұр. Ол облыс орталығының тізгінін төрт жылдан астам уақыт ұстапты. Оның әкімдік дәуірі елдің есінде соттасумен, дау-дамаймен көбірек есте қалыпты. Осы қызметтен кейін бизнесіне қайта оралған Жетпісбаев билікке қайта оралды. Қайда оралғаны, бұл мекеме кімге қарайтыны, ал ол жерде кімнің отырғанына қарасаңыз, «тегін адам таз» болмайды деген мәтелдің дұрыстығына тағы бір көз жеткізгендейсіз. Өмірде кездейсоқтық болмайды ғой. Билікте тіптен.
Қалай десек те Шымкенттің экс-әкімінің жұмысына сәттілік тілейміз!
Мұрағаттан, 2017 ж