Премьер- министр Асқар Мамин 5G туралы мәлімдеме жасады
Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин қаласында интернет сапасына назар ацдарып, 5G тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар керек екенін айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Нұр-Отан партиясының 18-съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес, Өңірлерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін 5 мыңнан астам ауылдық елді мекен Интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ауыл тұрғындарының 97 пайызын құрайды. Осы бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде ауыл тұрғындарын электронды қызметтер мен сервистерге, медициналық қызметтерге қол жеткізуіне және білім алуына, электрондық сауда-саттық жасауына, сондай-ақ өмір сүрудің жаңа стандартына жаппай көшуіне мүмкіндік беріледі», - деді үкімет басшысы Асқар Мамин.
Әлеуметтік нысандарда, мектептер мен ауруханаларда жылдамдығы жоғары Интернет сапалы болуы тиіс. Бұл электрондық оқулықтар мен оқу бағдарламаларын, телемедицина мен ақпараттық жүйелерді пайдалану үшін қажет. Асқар Мамин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірге өңірлерде оптикалық байланыс желілерін салу мен ауылдарды жылдамдығы жоғары Интернет желілерін қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Бұл жұмыс 2022 жылы белгіленген мерзімде аяқталуы тиістігіне назар аудартты.
«5G енгізу тек телекоммуникация саласына ғана емес өнеркәсіптің жаңа салаларының пайда болуы мен дамуына елеулі серпін беріп, экономиканың дамуына үлкен үлес қосады. Бұл өзекті әлемдік тренд. Алайда 5G өте қымбат. Сондықтан 5G пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет. Қазақстан ірі қалаларына осы байланысты енгізу бойынша жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. 2020 жылға қарай өңірлерде, соның ішінде Алматы қаласында 5G тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар керек. Цифрлық даму министрлігіне Интернет сапасына назар аудару керек», - дейді Асқар Мамин.