Ғабидолла Әбдірахымовтың елді «таңқалдыруының» ақыры немен аяқталады?

Oinet.kz 24-08-2019 1629

Screenshot_2.jpg

Сейсенбі күні халық алдында өзінің қорытындысы есебін берген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндамасын облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа алғыс айтумен бастап, әңгімесінің соңын әдеттегіше ант берумен аяқтады. 

- Шымкент қаласына адал қызмет етуге сөз беремін, - деді. 

Ду қол шапалақ.  Залдың әр жерінен «мәледес» деген сөздер естіліп жатты. Шымкенттің әкімі расында да былтыр бәрекелді дерлік тірліктер атқарған. 2017 жылғы тірлігі тіптен «мәледес» болайын деп тұр. 

Елді таңқалдырудан жалықпайтын әкім биыл Байтұрсынов көшесін 9 метрден 18 метрге дейін кеңейтетінін, осыған байланысты 900-ге жуық тал-теректердің алынатынын айтты. Мұның таңқаларлығы сол, Әбдірахымов ағаштарды кеспейді, оларды арнаулы техникалардың көмегімен тамырымен қопарып, басқа шағын аудандарға немесе шатқалдарға апарып қайта отырғызып қояды. Керемет емес пе? Бұған дейін ол неге ешкімнің миына кірмеген десеңізші?! Өзіңіз елестетіп көріңіз, трактор ағашты тамырымен қопарып алады да, одан кейін басқа жерге апарып қайта қондыра салады. Кешке жұмыстан келген жұрт ауласында бір күнде пайда болған ағаштарды көріп, «көктен түсті ме?» деп, әуелі аспанға қарайды, содан кейін таңқалып, бастарын шайқайды. Есігінің алдында бір ағашы жоқ, шіліңгір шілдеде көлеңке таппай жүрген тұрғындарға айтарымыз - қазірден бастап Әбдірахымовқа тапсырыс беріңіздер. Ертең кеш болуы мүмкін.  Ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні бой шапқылап жүрген әкіміңіз сіздер үшін әлі талай таңдай қағарлық тірліктерді атқара береді.   Бірақ әкімнің тамаша идеясының арқасында қоныс ауыстырған ағаштар жат жерге жерсініп кете ме? Мұндай тірлікті ерте көктемде, ағаштар әлі ұйықтап жатқан кезде жүзеге асырмаса, жапырақ жайғаннан кейін босқа рәсуа қылып алмаймыз ба? Әй, бірақ қалай десек те, өзге әкімдердің ойына келмеген тың тәжірибені енгізіп жатқан Әбдірахымовқа  «мәледес» демеске амалың қалмайды. Тек осындай тапқырлыққа барып, бір оқпен екі қоянды тарс еткізіп атып алатын  Шымкенттің әкімі алдағы уақытта көшелерге бір жылы ауыз су, бір жылы газ,  тағы бір жылы жылу құбырларын жүргізіп, көшені көртышқандарша жыл сайын қайта-қайта қаза беретін кұрылысшылардың жұмысына да осындай тиімділік енгізіп, бәрін бір мезгілде, кешенді түрде жүргізуге көңіл бөлсе қане! 

Әбдірахымовтың есебі биыл қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Иін тірескен халықтың көптігінен кейбіреулер түрегеп тұруға мәжбүр болды. Әкім баяндамасын аяқтаған соң жарыссөзге шыққан халық мақтауды үйіп-төкті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, төрде отырған облыс басшысы Жансейіт Түймебаевқа төрт ай бұрын тағайындалған қызметімен құттықтап, «өзі туралы жазылған» кітаптарын сыйға тартқандар да болды. Бір жылда бір келетін мүмкіндікті пайдаланып «көпірдің арғы жағынан келген» бір азамат қыз-келіншектерді енді бір айдан кейін келетін 8 наурыз мерекесімен және  «оның арғы жағында жақындап қалатын» Наурыз мерекесімен де құттықтап жатты. 

Жалпы, былтыр Әбдірахымовтың командасы жаман жұмыс істемеген. Қалада мемлекеттік қызмет көрсететін, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін фронт офис ашылды. «Оңтүстік», «Ордабасы», «Тассай» индустриялдық аймақтарында бірқатар өнеркәсіп орындары іске қосылды. Коммуналдық, әлеуметтік салада да нәтижелі жұмыстар бар. Шымкентте былтыр биіктігі 50 метрлік «Алтын ай» деп аталатын «шолу шеңбері» ашылды. Облыс әкімінің бастамасымен «Шатқал» жобасы іске асып жатыр. Мектептер мен балабақша басшылары конкурспен тағайындалуда. Биылға да жақсы жоспарлар бар. Шілде айында қалаға газбен жүретін 150 автобус әкелінеді. «Рейтинг» газетінде бұған дейін қалада қаңырап бос тұрған  «Фосфор» Мәдениет сарайын мемлекет меншігіне қайтарып, елдің игілігіне жаратсақ деген оқырманымыз, еңбек және тыл ардагері  Өркен ....тың ұсыныс хатын жариялап едік. Әбдірахымов осы мәселенің биыл шешілетінін, дәлірегі Мәдениет сарайын жеке меншіктен мемлекетке сатып алып, ол жерден Оқушылар сарайын ашу жоспарланғанын жеткізді. Қонаев даңғылы Ташкент тас жолына дейін ұзартылады. Әкім өзінің жеке бастамасымен жүзеге асып жатқан «Шымкентсити» жобасын да айналып өткен жоқ. Әбдірахымовтың айтуынша, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «Шымкентсити» жобасының келешегіне күмәнданушылар болыпты. Алайда осыған қарамастан әкімдік оны жүзеге асырып жатыр. Нақты айтар болсақ, «Тұран» шағын ауданынан салынып жатқан қалашықта құны 12 миллиард теңгеге инженерлік коммуникациялық жүйелер жүргізілуде. Бірнеше көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Биыл 60 гектар жерге саябақ салу басталады. Әзірге осы. Иә, рас, бәрі өз сәтімен жүзеге асады. Ертігедей қала тұрғызу дегеніңіз ағашты тамырымен қопарып, қайта апарып отырғыза салатын шаруа емес қой. Дегенмен...  2015 жылдың қарашасында  Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын мәслихат депутаттарына жария еткен Әбдірахымов өзінің осы әйдік жобасын бюджеттің қаржысымен емес, жеке  инвестицияның көмегімен жүзеге асырамын дегені есте. Алайда Әбдірахымовтың аузынан инвестор деген сөз шыққан жоқ. Бәрі бюджет қаржысымен атқарылған жұмыстар. Инженерлік коммуникация жүйелеріне қанша қаржының жұмсалып жатқанын жоғарыда келтірдік. Саябақтың да қазынаның қаржысымен тұрғызылатынына күмәніміз жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламалардың еншісінде. Сонда инвесторлар не салады? Заманауи сауда кешендері, қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері жөнінде әзірге ешқандай келісім жоқ па? Әкімнің қабылдауына қайта-қайта келіп жүрген шетелдіктер жартымды ұсыныс білдірмеген бе? Бұған дейін «Тұраннан» салынатын, «Шымкентмолл» деп аталатын Орталық Азиядағы ең үлкен сауда, ойын-сауық кешенінің жобасы неге аяқсыз қалды? Әкім ол туралы неге үндемеді екен? Мұны бір деңіз. 

Бір жақсысы, Әбдірахымов алдағы уақытта жекеменшік балабақша ашамын деушілерге тегін жер теліміне беремін деді. Халыққа да осындай тегін жер телімі қашан беріледі? Елбасы жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша халыққа қаланың сыртынан жер беруді, оған барлық коммуникация жүйелерін тартуды, тіпті салынатын жеке тұрғын үйлердің жобасын да жасап беруді тапсырды. Бұл баспанасыз жүрген, пәтерді ипотекалық жүйемен алуға мүмкіндігі жоқ  халық үшін үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Халыққа тегін жер телімін беру Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында да қаралған. Алайда Әбдірахымов бұл туралы да үндеген жоқ. 

Үшіншіден, былтыр Әбдірахымов қалалық мешітте өткен жұма намазына келіп, жамағаттың алдында қаладағы өзекті проблемаларды 2018 жылға дейін шешемін деп уәде берген. Ал қаладағы қазіргі негізгі проблема жарық, газ, ауыз су, жол, мектеп, балабақша емес пе? Былтыр Шымкентті сапалы жарықпен қамтамасыз ету 84 пайыздан 88 пайызға ғана өскен. Мұндай қарқынмен жекеменшік трансформаторлардың, басқа да коммуналдық салалар- ауыз су, газ, жолдардың «жырын» Әбдірахымов келесі жылға дейін 100 пайыз шешіп бере алады ма? Шешіп берсе деп тілейміз.

P.S. Айтқандай, әкімнің былтыр берген есебінде «Тұран» мөлтекауданы тұрғындарының құрттаған су ішіп отырғаны айтылған еді. Әбдірахымов «Тұрандағы» ауыз су мәселесінің биыл шешілетінін жеткізді. Сөзімізді тақырыптан ауытқымай түйіндесек әкім Әбдірахымовтың елді тапқырлықпен «таңдандыруының» ақыры немен аяқталады? Тақсыр уақыт төрелігін күтейік. 

Жәнібек Тархан 

Мұрағаттан, 2017 ж

Бақтияр Мәкен: «Әрдайым алаңға шыға беріп, талап қою – заңсыз ғой»
Ғалымжан Елшібай - Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу