Президенттің Шымкенттегі резиденциясы - Оның ендігі тағдыры не болады? (ВИДЕО)

Oinet.kz 23-01-2024 422

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұңғыш президент Нұрұслтан Назарбаевтың кезінде салынған президенттік нысандар елдің игілігіне беріле бастады. Айталық, былтыр Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларындағы «Пре¬зидент үйлерін» мектеп, балабақша немесе сауықтыру лагерьлеріне айналдыру басталды. 

Screenshot_3.jpg

Дәл осындай президентке арналған резиденциялардың бірі Шымкенттегі көпшіліктің сүйікті демалыс орны саналатын Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақта орналасқан. Бұл нысанды балалардың игілігіне беруді бұған дейін қоғам белсенділері көтерген болатын. Бұл нысанның ендігі тағдыры не болады? Біз осы  сұрақты Дендросаябақтың директоры Гүлнар Сапарымбетке қойған болатынбыз.

- Бұл нысан 2008 жылы салынған. Қазақстан Республикасы Президентінің Шымкенттегі резиденциясы саналады. Нысан 8 гектарды алып жатыр. Бұл ғимаратта еліміздің басшысы келіссөздер жүргізеді. Соңғы кездері бұл нысанды басқа мақсатта пайдалануға неге берілмейді деген сұрақтар қойылуда. Алайда бұл мәселені шешу біздің құзырымызға кірмейді,- деді директор.

Директордың айтуынша, соңғы рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев резиденцияда  былтыр қазанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездескен. Нысан айналасы толығымен қоршалған. Күзет қойылған. 

Бұған дейін біз Сарыағаштағы шипажайлар орналасқан аумақтан Президентке арнап гольф клуб пен резиденция тұрғызылғанын жазған едік. Нысандарды «ҚазТрансОйл» АҚ салған. Алайда гольф клуб пен президент резиденциясы түсініксіз жағдайда жекеменшік компаниялардың қолына өткен. Оның ішінде президент резиденциясы алдымен белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұловтың, одан әрі тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаевтың жекеменшігіне өткен. Қаңтар оқиғасынан кейін аталған нысандарға қатысты тексеру жұмыстары басталған кезде  Болат Назарбаев оны басқа компанияға сатып жіберген. Бұл нысаннның ендігі тағдырының не болары да белгісіз.

Тимур Құлыбаев олимпиада комитетін көгерткен жоқ
АҚШ пен Ұлыбритания әуе шабуылдарының жаңа сериясын бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу