Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
...Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты.
Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар¬баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал¬қа¬нын шығара жаздағанын ашық айттым».
«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қоғамда қызу талқыланған қосарланған билік туралы әңгімеге осылайша түсініктеме берді. Президент айтқан ымыраласқан қаскөйлер кім, Назарбаевтың Тоқаевтан жоғары қойған бұрынғы Әділет министрі кім? Бұрынғы министрдің былтыр қазанда қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған Марат Бекетаев екендігін байқау қиын емес. 2019 жылдың күзінде Ақорда мен кітапхана арасындағы текетірес басталған кезде елде Қауіпсіздік кеңесіне қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Осы кездері Бекетаев «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесінде тағайындалатын кадрларға келісім беруде соңғы сөз Назарбаев өмір бойы төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінде болатынын айтқан. Оның бұл сөзі Ақорда басшыларының шамына қаттырақ тигені де жасырыны емес (елдің бас заңгері осылай деп отырса, бұған неге шамданбасын?!). Сол кезде Президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли:
-Әділет министрінің пікірін сауатсыз деп есептеймін. Бәлкім, журналистердің нөпір сауалдарынан Марат Бекетаев сасқалақтап қалып, бұрыс пікір айтқан болар. Бірақ, бұл да таң қаларлық жағдай. Себебі, сондай лауазымды қызметтегі, сондай деңгейдегі тұлға өзінің функционалды қызметіне қатысты кез келген сұраққа кез келген уақытта нақты әрі кәсіби жауап бере білуі керек",-- деген еді.
Алайда сауатсыз Бекетаев Әділет министрі қызметінде 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін отырды. Бұл Қаңтар оқиғасына дейін кадр тағайындауда соңғы сөзді кім айтқанын даусыз дәлелдеп тұр емес пе?
Кейбір ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Бекетаев Кәрім Мәсімовтың адамы болған. Президенттің сұхбатта «ымыраласқан қаскөйлер» деп кімдерді айтып отырғаны да түсінікті.