Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
...Жердің сатылуына бүкіл жазушылар қауымы қарсы болды. Сонда жиналыс өткіздік. Алтынбек Сәрсенбаев ұйымдастырып. Шығармашылық ұйымдар, Суретшілер одағы, барлығы келді. Сонда қатты-қатты сөйледік. Мен алдында мақала жазғанмын. Мен де сөйледім.
Кейін соның қорытындылары газетке шықты. Менің айтқан сөзімді ешкім шығарған жоқ. «Жұлдызға» қайыра бастырдым, ол – екінші сөз болатын. Сонда Мұртазаев келмеген жиналысқа. Алдында «Жерді сату – анасын сатқан», - деп жүрген. Артынан «Жерді сатқан дұрыс, мен бір жерде отырғым келеді пенсияға шыққан соң, сонда жерсіз қалай отырамын?» деп парламентте Фариза екеуі қол көтерді, Жерді сатуға. Үшінші жазушы болды, жер сатылуды қолдаған – Исабаев. Ол – «Ауыл» деген партияның төрағасы болды...
17 жылдан бері шетелде тұратын жазушы Мұхтар Мағауин «Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында осылай деді. Алайда тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында жерді сатуға қарсы тұрған депутаттардың бірі де бірегейі де Шерхан Мұртаза екендігі еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін белгілі емес пе еді?! 2000 жылы Шерағаң ақын Ұлықбек Есдәулетке жазған хатында (хат сол кезде баспаөзде жарияланған болатын) былай деген:
«Жердiң жыры сонау тоқсаныншы жылдардың басынан басталып, мiне, осы уақытқа дейiн созылды. Ол кезде Парламент жоқ, Жоғарғы кеңес бар едi. Чернышев деген депутат болды: Жердi сат. Тауды сат. Тасты сат, халықты асыра деген талап қойғаны есiмде.
Мен және марқұм Балғабек Қыдырбекұлы бұған өлермендiк-
пен қарсы болдық. Жер сатылған жоқ. Бiрақ көп жер ат төбелiндей күштiлердiң шеңгелiне түсiп кеттi. Мына жаңа заң жобасы талай талқыға түстi. Биылғы маусым айындағы талқылауда мен ұсыныс жасадым: — Заңды бiрiншi оқылымында дауысқа қойғанда аты-жөнi айқын дауыс, яғни «поименное голосование» берiлсiн және сол тiзiм баспасөзде жариялансын, — деп едiм. — Заң жобасы бiрiншi оқылымында басым дауыспен қабылданса, сол жоба баспасөзде жариялансын, — дедiм. 58 адам қостап, 8 адам қарсы болып, осы ұсыныс қабылданды. Жаңа жоба газетте жарияланды. Бүкiлхалықтық талқыға түстi. Үкiмет ұсынған бұрынғы жобадан там-тұм қалды. Көпшiлiктiң ұсынысы, депутаттардың ұсынысы енгiзiлiп, алғашқы нұсқадан мүлде өзгеше сипат алды. Халықтың қауiптенгенi — жердiң сатылуы едi. — Жер сатылмайды!»
Сонда Мұхтар Мағауиннің мұнысы елді шатастыру ма әлде адастыру ма? Бір кездері тіл үшін шырылдаған Мұхтар Шаханов пен белгілі жазушы Дулат Исабековпен айтысқан, қазақтың аяулы ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловты негізсіз қаралаған Мағауин мұншалықты ұсақталады деп кім ойлаған десеңізші.