Сайлаулардың саны жөнінен рекорд орнайтын жыл

Oinet.kz 10-01-2024 429

Биыл әлемнің әр түкпіріндегі 76 мемлекет өз көшбасшылары мен парламент депутаттарын таңдайтын болады. Яғни, сарапшылардың пікірінше, 2024 жыл – бүкіл жер-жаһандағы сайлаулардың саны жөнінен рекорд орнатқан жыл ретінде тарихта қалады. Биыл сайлау өттетін елдердегі миллиардтаған адамның өмірі өзгеруі мүмкін.

Screenshot_16.jpg

Freedom House порталының дерегінше, соңғы 17 жыл қатарынан әлемде демократия мен сөз бостандығының өрісі тарылып келе жатыр. Салдарынан, ұйым сарапшылары бүгінде Жер шары тұрғындарының небәрі 20%-ы ғана шын мәнінде еркін елдерде тұрып жатқаны жөнінде тұжырым жасады. Ал демократия және сайлауға жәрдемдесу халықаралық институтының (IDEM) мәліметінше, дүниежүзінде демократиялық тоқырау 1975 жылдан бері жалғасып келеді. IDEM пайымдауынша, Украина тізе бүксе, бұл бүкіл әлемдік архитектураның қайта құрылуына соқтырады. Қазірдің өзінде Ресейдің майдан даласында жеңілмегенін, керісінше, алғы шептің бүкіл бойында шабуылын өрістетуге күш салып жатқанын көріп, Еуразия континентінде Украинаны қолдаған қоғамдардың көңілі қала бастады. EIU Democracy Index сайтының талдауынша, биылғы сайлау өтетін 76 елдің арасында 43 мемлекет қана халыққа толыққанды демократиялық таңдауды ұсына алады. Бұл ретте, ол 43 елдің 28-і Еуропалық одаққа кіреді. Ондағы елдер 9 маусым күндері Еуропарламенттің төрінде алдағы 5 жыл бойы отыратын жаңа депутаттық корпусты сайлайды.  Бұдан бөлек, 2024 жылы халқының саны жөнінен жаһандағы ең ірі 10 мемлекеттің 8-і – Үндістан, АҚШ, Индонезия, Пәкістан, Бразилия, Бангладеш, Ресей және Мексикада сайлау өтеді. Бұл қатардан тек Қытай мен Нигерия тыс қалады.

Биыл өтетін сайлаулардың алғашқысы 7 қаңтарда Бангладеште өтті. Авторитарлық биліктің қысымына түсіп қалған бұл елді 2008 жылдан бері премьер-министр Шейх Хасин мен оның «Авами Лиг» партиясы билеп-төстеп келеді. Сарапшылар ел өмірінде ірі өзгерістер боларына сенбейді. Халықаралық ақпарат құралдары сайлауалды кезеңде бірнеше тұлғаның қаза тапқанына назар аудартқан болатын. «Бангладеш ұлттық партиясындағы» оппозиционерлер сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Олардың басым көпшілігі түрмеде отыр. Наразылық білдірген жұртшылықтың шерулері аяусыз басып-жаншылды. Күні кеше 171 миллионнан астам адамның болашағы айқындалған сайлау қорытындысы бойынша премьер Шейх Хасин басқарған «Авами Лиг» партиясы жеңіске жетіп, ол елді төртінші рет қатарынан басқаратын болды.

Ал 13 қаңтарда әлемде негізінен «Тайвань» атауымен белгілі Қытай республикасында билік жаңаруы мүмкін. Әлемдік алпауыттар соңғы кезде арал-мемлекетті әскери қақтығысқа қарай итермелей бастады. Тайваньды өзінің бір бөлігі санап, оның тәуелсіздігін мойындамайтын ҚХР бұған оның жағалауына жақын жерде әскери жаттығулар өткізумен жауап береді. The Economist басылымының жазуынша, 13 қаңтарда өтуге тиіс президенттік сайлау Тайваньның тәуелсіздігі үшін күрестің кульминациясына айналады. Өйткені, оның азаттығын табанды қорғап келген президент Цай Инвэнь өзінің 2 мерзімдік өкілеттігін аяқтайды және үшінші мерзімге сайлана алмайды. Оның «Демократиялық прогрессивті партиясы» бойынша ізбасары ретінде вице-президент Лай Циндэ тағайындалды. Ол енді қытайшыл «Гоминьдан» партиясының бетке ұстары Хоу Юимен қатаң текетіресте билікті сақтап қалуға тырысады.  Соңғы сауалнамалар көрсеткендей, басты қос кандидат тізе қағыстырып, тең келеді: әрқайсысын сайлаушылардың шамамен 30-35%-ы қолдайды.

Ақпанның басында, яғни 7 ақпанда Әзербайжанда кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл – ел тарихындағы 9-шы президенттік дода. Оның 2-уі мерзімінен бұрын өткізіліп отыр. Әзербайжан елінің тарихында тұңғыш рет сайлау қыс мезгілінде ұйымдастырылады.

Inbussines.kz сайтының хабарлауынша, қолданыстағы Конституцияда мемлекет басшысы лауазымына сайлану саны бойынша еш шектеу қарастырылмаған. Сол себепті, қазіргі Президент Ильхам Әлиев бесінші мерзімге сайлану құқығына ие. Халықаралық сарапшылар пікірінше, И.Әлиев бұл сайлауға өткен ғасырдан бері ұзаққа созылған Кавказдағы қақтығыс ошағы – «Таулы Қарабақ шиеленісін» шешкен, «Таулы Карабах республикасы» аталған заңсыз, әлем танымаған квазиреспубликаны жойған, оккупацияланған территориялардың бәрін қайтарып, Әзербайжанның егемендігін қалпына келтірген тарихи тұлға ретінде түсіп отыр. Бүгінде, жалпы саны 17 кандидат президенттік бәйгеде бақ сынауға ниетті. Арасында бірнеше партияның басшылары, депутаттар, өзін-өзі ұсынушылар бар. Бұл елде кандидат ретінде ресми тіркелу үшін үміткер 40 мың сайлаушының қолын жинауға міндетті. Қолдарды тапсыру кешегі дүйсенбіде, яғни 8 қаңтарда аяқталды. Ильхам Әлиевтің өзі кандидат ретінде 30 желтоқсан күні тіркелген.

Қаңтардың алғашқы күні Ресей орталық сайлау комиссиясы Президент лауазымына партиялар атынан кандидаттардан құжат қабылдауды аяқтады. Ресей ОСК төрағасының орынбасары Николай Булаевтың айтуынша, бүгінде Ресей басшысы болудан үміткерлердің саны – 11. Ел тізгінін ұстаудан дәмелі болған тағы 30 адамды Ортсайлауком тіркеуден бас тартқан. Сонымен, 15-17 наурызда өттетін Ресейдегі Президент сайлауына 3 кандидат өзін-өзі ұсынды. Бұлар іс басындағы Владимир Путин, блогер Рада Русских, блогер Анатолий Баташев. Қалған 8 кандидатты партиялар ілгерілетеді. Бұлар: Леонид Слуцкий (ЛДПР), Николай Харитонов (КПРФ), Владислав Даванков ("Новые Люди"), Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз"), Андрей Богданов (Российская партия свободы и справедливости), Борис Надеждин ("Гражданская инициатива"), Сергей Малинкович ("Коммунисты России") және Ирина Свиридова (ДПК). Орталық сайлау комиссиясы осы үміткерлердің бәрі бірдей наурыздағы додада жарыс жолына шықпауы мүмкін екенін ескертті. Өйткені, олар тек сайлауалды науқанын бастау үшін құжаттарын тапсырды. Енді солардың ішінде өзін-өзі ұсынған үш адам 31 қаңтарға қарай өзін қолдайтын сайлаушылардың 300 мыңының қолын жинап әкелуге міндетті. Сонда ғана кандидат куәлігін ала алады. Парламентте ұсынылмаған партиялар өз кандидаты үшін 100 мың қол жинауы шарт. КПРФ, ЛДПР және "Новые люди" партиялары Мемдумаға кіре алды, тиісінше олар қол жинаудан босатылады. Ресейдегі сайлау, яғни дауыс беру 15, 16 және 17 наурыз күндері жүргізіледі. Бұл Ресей Федерациясының тарихындағы үш күнге созылатын тұңғыш президенттік сайлау болмақ.

Сондай-ақ Үндістанда биылғы сәуірде Парламент сайлауы өтеді. Жаңа шақырылған депутаттық корпус ел лидерін – премьерді тағайындайды. Сарапшылардың пікірінше, халықтың үлкен бөлігі билік басындағы «Бхаратия джаната парти» мен оның көшбасшысы Наренда Модиді жақтайды. Демек, оның үшінші мерзімге қалуы әбден мүмкін. Алайда, оған қарсы 28 партия бірігіп, ел тарихындағы ең ірі «Үндістан» атты оппозициялық альянс құрды. Кімнің бағы мен бабы қатар шапқанын сайлау учаскелеріне келетін 1 миллиардтай сайлаушы шешеді. Айта кетелік, сайлау өтетін күн әзірге нақтыланбаған.

Ал Мексикада тұңғыш әйел Президенттің пайда болатыны қазірден айтыла бастады. Себебі, ел тізгінін ұстауға үміткердің екеуі де – нәзік болмыс иесі. Билеуші «МОРЕНА» коалициясы Клаудия Шейнбаумды, оппозициялық «ПАН» альянсы – сенатор Сочитль Гальвезді қолдауда. Сайлаушылардың 66%-ы саясатын құптайтын қазіргі Президент Андрес Мануэль Лопес Обрадор өз жақтастарын тегіс Шейнбаум ханымды қолдауға шақырды.

Америка Құрама Штаттарында биыл 5 қарашада 60-шы президент сайланады. Республикалық және Демократиялық партиялардың праймеризі тек жазда өтеді. Олардың басты кандидаттары сонда ғана түпкілікті белгілі болады. 

ОҚМПУ-Іскер басшыға мүмкіндік беру қажет
Олар ойнақтап жүріп от басты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу