Шөкеевтің 9 миллиард теңгелік жағажайы - Ол үшін Дархан Сатыбалды жауап берді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін елордадағы Орталық коммуникация орталығында өткен брифингте Шөкеевтің кезінде басталған «Шаға» жағажайының құрылысына қатысты сұраққа жауап берді.
- Былтыр басына барып көргенмін. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші, екінші кезеңінен кейін қаржыландыру тоқтап қалған. Бұл нысанның функциясы: біріншіден көктемде су тасқыны кезінде Қаратудың етегіне келген суды ұстап қалу, ол болмған жағдайда су Түркістанға кетіп қалады. Шаға су қоймасы 2,5 миллион текше метрді құрайды. Екіншіден, жазда суды тазалап, ары қарай тұрғындарға шомылатын жер ұйымдастыру. Қаржы тапшылығына байланысты құрылысты жалғастырмадық. Мердігерге кемшіліктерді жою бойынша ұсыс берілді. Орындамаса, сотқа береміз, шара көреміз,- деді әкім.
"9 миллиард теңге жағажай үшін көп ақша емес пе?",- деген журналистің сауалына Дархан Сатыбалды:
- Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Ол жағына маман болмаған соң жауап бере алмаймын. Бірақ ол жоба бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тиісті құзырлы органдарға жібереміз,- деді облыс басшысы.
Айта кетері, "Шаға" туристік жағажайы былтыр шілдеде облысқа Өмірзақ Шөкеев әкім болып тұрған кезде ашылған болатын. Сол кезде ақпарат құралдарында оның жалпы ауданы 81 гектар, суының сыйымдылығы 2 жарым миллион текше метр, жағажай салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны айтылған еді. Ал жуырда «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов фейсбуктегі парақшасында бұл нысанға 9 миллиард теңге жұмсалғанын, алайда құрылыс жұмыстары аяқталмай, бір кездері Түркістанда туризмді дамытады деген нысанның қараусыз қалып кеткенін жазған болатын.