«Бейсембаев популизмге бой алдырды»

Oinet.kz 30-11-2023 1212

  560478978970.jpg

Қайбір жылдары Оңтүстіктің «еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын облыс» атанғаны естеріңізде шығар. Бірақ одан бергі аралықта жағдайдың күрт жақсарып кеткені шамалы сияқты. Түркістан облысындағы еден жуушылардың жанайқайынан кейін республикадағы белсенді мұғалімдер білім саласындағы былық-шылықты көтеріп,  оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкасын талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазғаны, оның қазіргі уақытта қызу талқыланып жатқаны белгілі.

Хатта белсенді мұғалімдер соңғы кездері білім саласында көптеген өзгерістердің жасалғанына тоқталған. Одан әрі «Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда» деп келтірілген.  Бас мұғалім бүкіл министрлікті тазалап, өз адамдарын жинап жатқанға ұқсайды. Ең бастысы, Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен мұғалімдердің құқығын қорғап, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенділердің қыр соңдарына түскен көрінеді.  «Қудалау, үркітіп-қорқыту, өзгелер арқылы соттастыру» деп жазылған хатта.   Ақыр соңында ұстаздар «27-ақ айда министр дәрежесіне қоғамға белгісіз жолмен жете салған адамды» отставкаға жіберуді сұранған. Біз мәселенің мән-жайын тереңірек білу үшін хатқа қол қойған шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлымен хабарласқан едік.

-Министр популизмге бой алдырды,-деді Ө.Шыныбекұлы. -Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, министр «зейнеткерлікке кететін мұғалімнің бәріне медаль беру керек» деді. Мектепте қырық жыл сүйретіліп жүргендер де бар, шәкірт тәрбилеуге бар ынтасын, күш-жігерін жұмсағандар да бар. Бәрін бірдей медальмен бағалау әділдік пе? Мұны бір деңіз. Екіншіден, мамырдан бастап министрлік өзінің бұйрықтарына, саясатына қарсы шыққан белсенді ұстаздардың үстерінен Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға шағымдануды бастады. Шағымдардың ішінде менің де аты-жөнім бар. Арыздар министрліктегі аппарат жетекшісінің атынан берілген, министрліктің арнайы бланкісіне жазылған. Маусымда маған Шымкент қаласы Қаратау аудандық полициясы хабарласып, «үстіңізден арыз бар» деді. Барсам, арызды Алматы қаласындағы бір мектептің директоры жазыпты. Өмірімде көрмеген, білмеген адам. «Өмір Шыныбекұлы ұлтараздықты қоздыратын пост жазады» депті. Арызда менің туған жерім, қандай кітап жазғаныма дейін келтірілген. Сонда ол кісі менің жеке мәліметтерімді қайдан алған?  Мен жиырма жылдан бері аралас мектепте сабақ беремін. Ұлтшыл, шовинист адам   қазағы мен орысы аралас ұжымда у-шусыз жұмыс істей алады ма?  Мен осыны алға тартып, полицейлерге түсініктеме жазып беріп кеттім. Кейін Ішкі істер министрлігі де, Шымкенттің полициясы да жазылған арыздарды қараусыз қалдырды.

Тамыз айының соңында антикордың төрағасы Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік қозғалысты жариялады. Шымкенттегі антикордың ұсынысымен біраз мұғалімді жинап апарып,  осы қозғалысқа мүше болдық. Жұмысымыз жеміссіз болған жоқ. Мегаполисте біраз кемшіліктер анықталды. Антикормен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуге көштік.

Қыркүйекте маған Жетісай ауданындағы Әл-Фараби атындағы мектептен екі  мұғалім мен  екі еден жуушы хабарласты.  Алдын ала дайындаған бейнеүндеуі де бар екен. Мұғалімдер мектеп басшысының біраз былықтарын ашық айтыпты. Ал техникалық қызметкерлердің айтуларынша, олардың 33 мың теңге жалақысынан «әлдебіреулер» үлес дәмететін көрінеді. Келтірген дәлелдері жұқалау болса да бұған қоғамның назарын аудару қажет болды. Тиісті орындар ақ-қарасын анықтай жатар деп, әлеуметтік желідегі парақшама жарияладым. Осыдан кейін антикордың Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев хабарласып,  «сол мұғалімдерді маған ертіп келіңізші» деді.  Мен департамент басшысының қабылдауына бір мұғалім мен бір еден жуушыны алып бардым.  Олар басшымен кабинетінде жеке қалып сөйлесті, мен шығып кеттім.

Біраз күннен кейін Жетісай аудандық сотынан шақырту келді. Сөйтсем, менің үстімнен сотқа қылмыстық жауапқа тарту жөнінде шағым беріліпті. Онлайн өткен алғашқы сот отырысына қатыстым. Адвокатымның айтуынша, мұндай негіздегі арызды сот қабылдамауы керек екен. Алайда сот қабылдаған.

-Сонда үстіңізден арызданған кім?

-Жетісайдағы Әл-Фараби мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары. «Жала жапты, қорлады» деген бе, ол жағын адвокатым анық біледі.  

-Ал енді бұл іске министрліктің не қатысы бар?

-Осының бәрі министрліктің нұсқауы бойынша жасалып жатыр  ма деген күдігіміз басым. Мен 2015 жылдан бері білім саласындағы кемшіліктерді көтеріп келемін. Уақтысында Сағадиевпен «соғыстық». Сол кезде Шымкенттегі білім бөлімінің басшысы менің үстімнен үнімді өшіру жөнінде тапсырма түскенін, қара тізімге іліккенімді айтқаны бар еді. Кезінде Асхат Аймағамбетовты де сынағанбыз. Алайда үстімізден құзырлы органдарға арыз жазу, сотқа сүйрелеу осы Бейсембаевтың кезінде болып жатыр. Айтпақшы, сотқа арыз менің ғана емес, жоғарыда айтылған мұғалімдер мен еден жуушылардың да үстерінен берілген. Ең өкініштісі, полицейлер еден жуушы аналарды сотқа мәжбүрлі түрде алып бару үшін  бала-шағаларының көзінше сүйрелеген көрінеді. Оны маған өздері жылап отырып хабарласып айтты.  33 мың теңге жалақы алатын техничканы сотқа сүйрелеп алып барғанына қалайша жаның шыдап тұра алады?! Әл-Фараби мектебіндегі жағдай онсыз да сыздап тұрған жараның жарылуына алып келді. Осыдан кейін Президентке ашық хат жазуды қолға алдық. Кейбіреулер бұл іске араласып, министрмен тіл табысуды ұсынып отыр. Бірақ біз ешкіммен тіл табысқымыз келмейді, Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап етеміз,-деді Өмір Шыныбекұлы. 

Өмір Шыныбекұлының айтуынша, ол бұған дейін Ғани Бейсембаевпен жақсы қарым-қатынаста болған. Хабарласып, ақылдасып тұрған, тіпті былтыр республикадағы белсенді ұстаздардың басын қосып, министрдің қабылдауына да кірген екен.  

-Биыл наурызда Бейсембаев туған жері Қызылорда облысы Шиелі ауданына барып, өзін оқытқан ұстазға Алтынсарин медалін берді. Осыдан кейін мен әлеуметтік желіге пост жаздым. «Әркім ұстазына жеке қалтасынан ат, тіпті мәшине мінгізсін. Бірақ мемлекеттің мөрімен, отырған креслосымен құрмет көрсету дұрыс емес, олай бола берсе, президент оқытқан мұғалімдеріне «Халық қаһарманы» атағын берер еді» деген пікірімді білдірдім. Шамасы министрге осы жері жақпай қалды ма деп ойлаймын,-деді Өмір Шыныбекұлы.

Ашық хатқа енді Ақорда қандай реакция білдірер екен?

 "Рейтинг" газеті, 29 қараша, 2023 жыл. 


Шөкеевтің 9 миллиард теңгелік жағажайы - Ол үшін Дархан Сатыбалды жауап берді
Түркістанда құрылыс нысандарына қатысты тексеру басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу