Елдегі екінші адам Қошанов па, әлде Әшімбаев па?

Oinet.kz 26-10-2023 681

Конституция бойынша Қазақстанда лауазымы жағынан Президенттен кейінгі екінші адам Сенат төрағасы саналады. Алайда танымалдылығы, ықпалдылығы жағынан елдегі екінші адам – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Screenshot_7.jpg

Жуырда «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы саяси элитаның үшінші тоқсандағы рейтингісін жариялады.   Сарапшылардың пікіріне қарағанда, дәл қазіргі уақытта Қазақстанда ең беделді орган – Парламент Мәжілісі.  Бұл бірінші кезекте Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың арқасы. Сарапшылар оның беделін 4,5 баллмен бағалапты. Бұл аталған рейтингтегі барлық шенеуніктердің ішіндегі  ең жоғары көрсеткіш. Яғни қазіргі саяси элитада Тоқаевтан кейінгі рейтингісі жоғары шенеунік Ерлан Қошанов деген сөз. Сарапшылар Қошановтың беделін өткен сайлаумен байланыстырады. 

Рейтингтегі екінші орынды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев иеленген. Сарапшылардың берген бағасы бойынша Әшімбаев «ақылды шенеунік және оны бәрі жақсы көреді». Бірақ былтырғы конституциялық реформадан кейін елімізде Сенаттың беделі біршама төмендеді. «Өкінішке қарай, Сенат қазір нотариалдық кеңсеге көбірек ұқсайды». Көпшіліктің пікірінше, Сенат унитарлық мемлекет үшін басы артық орган. Оның үстіне  ол жұмыссыз қалған шенеуніктердің баратын орны  саналады. 

Рейтингтегі үшінші орынды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алып отыр. Оның абырой-беделі, саяси мүмкіндігі Қаңтар оқиғасынан бергі аралық тұрақты. Яғни өсу де жоқ, өшу де жоқ. Сонымен бірге сарапшылар Қариннің жұмысы көбіне қалтарыста өтетінін, сондықтан оның жұмыс тиімділігіне баға берудің қиын екендігін де баса айтыпты.

Бұдан кейінгі орынды Астана қалалық әкімдігі иеленді. Сарапшылар елорданың әкімі Жеңіс Қасымбектің еңбегін жоғары бағалапты.  Бесінші орында Сыртқы істер министрлігі тұр. Сарапшылар министр Мұрат Нұртілеуге бұқарамен байланысын дұрыс жолға қою, өзін дипломат  ретінде таныту жөнінде кеңес берген. 

Рейтингте Алматы әкімдігі 8-орын алды. Конституциялық сот 10-орынды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 12-орынды, Президент Әкімшілігі 14-орын алып отыр. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 20-орыннан көрінді.

Үшінші тоқсанның рейтингісінде Премьер-министр Әлихан Смайылов  9-орында тұр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Үкімет жетекшісі нашар басқарушы. Тіпті кейбіреулері 1991 жылдан бергі аралықта дәл мұндай әлсіз Премьер болмағанын айтыпты. Ал  кейбір сарапшылар Смайыловтың төмен орын алғанын одан жұрттың өте көп нәтиже күтетіндігімен байланыстырған.  

Спортта қаржы орынсыз жұмсалады
Нұржан Әлтаевтың соты басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу