Нұржан Әлтаевтың соты басталды
Мәжілістің бұрынғы депутаты, бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі және бұрынғы Еңбек вице-министрі Нұржан Әлтаевқа қатысты сот отырысы 31 қазанға ауыстырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Сот отырысына прокурор мен айыпталушының өзі келмеген.
«Нұржан Әлтаев 5 айдан бері қамауда отыр және мұны ескеру қажет. Мен соттан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 405-бабы бойынша жеке қаулы шығаруды немесе себепсіз процеске келмеген прокурорды жауапқа тартуды сұрадым. Егер ол сотқа келмеуі жөнінде ешқандай құжат ұсынбаған болса, Әкімшілік кодекстің 653-бабы (Сотты құрметтемеу) бойынша жауапқа тарту керек деп естептеймін». – деді Н. Әлтаевтың қорғаушысы Гүлшат Дүйсенова.
Адвокаттың айтуынша, сот процесі 20 қазанға белгіленген еді, алайда соттың ауысуы себепті отырыс 27 қазанға ысырылған.
«Бүгін прокурордың қандай себеппен келмей қалғаны белгісіз, яғни Бас прокуратура прокурордың келуін қамтамасыз ете алмады, тіпті процеске қандай прокурордың қатысатынын да айтқан жоқ. Егер адвокат дәл осылай жасаса, міндетті түрде оған қатысты жеке сот шешімі шығарылып, алқаға жіберілетін еді. Менің ойымша, сот та прокурордың келмейтінін білген секілді, сондықтан да Н. Әлтаевты айдауылмен әкелген жоқ», - деді ол журналистерге.
Еске сала кетейік, 7 маусымда Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.
Кейінірек Антикор Нұржан Әлтаевтың Абылай Мырзахметовтен ай сайын 5 мың доллар пара алып отырғанын хабарлады.
«Нұржан Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деп күдіктенеді. Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымын атқара отырып, Мырзахметовтен пара алу бойынша өзінің сыбайлас жемқорлық қызметін жалғастырды. Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды. Бұл аса ірі көлем болып саналады», - деп хабарлады Антикор.