Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бір топ мәжілісмен Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшыларының төмен нәтиже көрсеткенін сынға алды.
«Соңғы Азия ойындарындағы еліміздің көрсеткіші көңілімізге қаяу түсірді. Бұл жерде спортшыларды даттаудың қажеті жоқ. Барын салған спортшы ұл-қыздарымызға тек қана алғыс айтамыз. Дегенмен, ХІХ Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп алған ел құрамасының бұл көрсеткіші спорт жанкүйерлерінің көңілінен шықпады. Төрт жылда бір рет келетін Азия халықтарының додасы біз үшін сәтсіз аяқталды. Кеше ғана, Мемлекет басшысы Азияданың қорытындысы бойынша спорт саласын ащы сынға алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдары қажет»,-деп сәтсіздікті қорытындылады. Рас, бұл бұрынғы ойындарға қарағанда өте төмен көрсеткіш. Алдыңғы ойындарда ұлттық құраманың қоржынында кемінде 15 алтын болды. Ешқашан үздік ондықтан төмен түскен емеспіз. Әрдайым 4-5 орындарды иемденіп келдік. Осы жолы өзбек бауырларымыздың жетістігіне қызыға қарадық. Біз тіпті Солтүстік Корея, Тайланд, Бахреин сияқты шағын елдерден артта қалып қойдық. Әрине, мәселенің түбі осы саладағы жүйелі проблемаларда екені анық. Осы Азияда ойындарында 530-дан астам спортшы қатысты. Оған ұйымдастырушылар, бапкерлер мен федерация мүшелерін қосқанда мыңдаған азамат барды. Сөз жоқ, сан бар. Ал, сапа қайда? Бізді күйретіп жатқан не мәселе? Бірінші, соңғы жылдары спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ кәсіби спортты тек теледидардан көретін лауазымды шенділер басқарып келді. Екінші. Спорт ұйымдары, министрлік, Ұлттық олимпиада және федерациялар арасында байланыс жоқ. Үшінші. Бізде бітпейтін легионерлердің жыры. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір өз спортшыларымыз жетерлік. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашу керек. Төртінші. Ауылдарда кәсіби спортты жоқ деуге болады. Таланттар жетеді - бірақ, инфрақұрылым жоқ, себебі, жағдай жасалмаған. Ашығын айтқанда, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалуда. Айлығы шайлығынан артылмайтын бапкерлер, спорт мамандары мен спортшылардан үздік нәтиже күту үшін, қажетті жағдай қашан жасалады?», – делінген депутаттардың Үкімет жетекшісіне жолдаған сауалында.