Облыс әкімі халыққа күніне қалай 90 мың теңге табуға болатынын айтты
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров күніне 90 мың теңге табысты қалай табуға болатынын айтты, деп хабарлайды Петропавловск.news сайты.
Сапаровтың айтуынша, қазір облыста дәнекерлеушілер мен металл жонушылар (токарь) жетіспейді. Аймақ басшысы осы мамандықтарды оқытатын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, бірінші жартыжылдықта жұмыс күші тапшылығы мәселесін жабуды тапсырған.
"Бізде құрылыс саласында тас қалаушылар жетіспейді. Бұл мамандықты екі айдың ішінде игеріп шығуға болады. Бір шаршы метр кірпіш қалау ақысы 18 мың теңге тұрады. Адам бес шаршы метр жерге қалап, күніне 90 мың табуына болады. Ал бізде адамдар жетіспейді. Бұл жұмысты бірлесіп атқару керек", - дейді СҚО әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы солтүстік қазақстандықтар арасында ақпараттық жұмысты сапалы жүргізуді тапсырған. Облыс тұрғындары қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін біліп, жақсы жалақы алулары қажет.