Шымкентте мұғалімді жұмысқа алу үшін 800 мың пара алған адам ұсталды
Жоғарғы оқу орнында білім алып, қолындағы дипломмен дене шынықтыру пәнінен мектепте мұғалім болуды көздеген азамат алданып, алаяқтық жайтына тап болды. Оқиға Шымкентте орын алған, деп хабарлайды kz.otyrar.kz.
2022 жылдың 21-қарашасында Абай АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, бейтаныс азаматша «мектепке мұғалімдікке жұмысқа тұрғызып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 800 000 (сегіз жүз мың) теңге ақшалай қаражатын алып, екі ай бойы алдап келгенін көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Абай АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғынын анықтап, тиісті басқармаға жеткізді. Ол Шымкент қаласының 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын соңды сотты болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған азаматшаның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде.