Бауыржан Байбек әрбір жастың бойында болуы керек үш ерекшелікті атады

Oinet.kz 04-06-2021 3502

Жаһандық өзгерістерге еліміздің әр азаматы бейімделе білуі керек. Бұл туралы «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты.

Screenshot_11.jpg

«Қазіргі кезде қарқын алған жаһандық өзгерістерге еліміздің әр азаматы бейімделе білуі керек. Бұл ретте, жастарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі зор. Елбасы айтқандай, біздің басты үш қағидатымыз – жауапкершілік, командалық рух және өзіміздің құндылықтарымызға берік болуымыз керек. Партия мүшелеріне арналып айтылған бұл сөздерді мен кез келген жастар үшін де темірқазық бола алады деп есептеймін. Осы орайда жетістікке жеткісі келетін әр жас осыларды ұстануы керек», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол қазіргі заманауи жастар саясаты бойынша мамандардың басым көпшілігі бүгінгі күннің жас азаматына тән болуы тиіс үш ерекшелікті бөліп көрсеткеніне тоқталды. 

«Біріншісі - білімге құштар болу. Жаңа кәсіп үйреніп, дағдыларыңызды шыңдауға деген ұмтылыс сіздердің күнделікті өмір салттарыңызға айналуы керек. Заманауи жас бір емес, бірнеше шет тілін меңгеруі маңызды. Уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, жастық шақтарыңызды өздеріңізді дамытуға арнаңыздар», - деді ол. 

Бауыржан Байбек екіншіден, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін жаһандық пандемия дәлелдеп жатқанын айтты. Дұрыс өмір салтын ұстанып, жан мен тән саулығына көңіл бөлетін адам ғана өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алатындығына назар аудартты.

«Үшінші - айнала жұртқа жанашыр болу. Патриот болу – жақыныңа, бауырыңа, еліңе, жеріңе қамқор болудан басталады. Еліне, жеріне жаны ашитын, ерекше махаббатпен қарап, келешегіне алаңдайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Себебі, білімді, дені сау, елі мен жеріне қамқор жас – еліміздің гүлденіп, кез келген сын-тегеуріннен сүрінбей өтуінің кепілі»,- деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Ол мүйізде нелерің бар, орнына қойып қойыңдар»
Жас депутат Мәди Ахметов министрге өткір сауал жолдап састырды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу