Сапарбаев Сарысудың әкіміне неге шүйлікті?
Бес бірдей баланың өліміне апарып соққан Жаңатастағы жағдайдан кейін Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың қызметінен босатылғаны мәлім болды. Бұл ауыс-түйістің астарын жұрт әлеуметтік желіде әрқилы жорып жатыр. Жамбыл облыстық әкімдігі осыған қатысты түсінік берді.
- Кейбір БАҚ мен әлеуметтік желілерде Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың қызметінен босатылуы Жаңатастағы қайғылы жағдаймен байланыстырылып отыр. Өрт салдарынан шаһарда 5 бала көз жұмған болатын. Бұл екі оқиға бір-бірімен мүлде байланыспайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Бақытжан Жақсылықовты қызметтен босату туралы шешім өзінің берген өтініші негізінде қабылданғанын хабарлаймыз,-делінген әкімдіктің мәлімдемесінде.
Бақытжан Жақсылықовтың өзінің жұмысын жөнге келтіре алмай, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қырына ілігіп жүргеніне біраз болып қалған көрінеді. Жуырда Қоғамдық кеңес мүшелеріне берген есебінде өңір басшысы:
-Жұмысын үйлестіре алмай отырған әкімдер деп мен Тараз қаласының, Жуалы, Меркі және Сарысу аудандарының әкімдерін айтар едім,- деп жауап берген еді. Жақсылықовтың соңынан жаман сөздің еруі биыл қыста басталған.
9 ақпанда Жаңатас қаласындағы орталық қазандық істен шығып, қыс ортасында мыңдаған отбасы жылусыз қалды. Осы оқиғаға түсінік берген Бердібек Сапарбаев:
-Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтан маусымның басында мән-жайды сұрағанымда, «мәселе жоқ, отын жеткілікті» деп сендірген болатын. Баяндағанда бәрі жақсы сияқты, енді келіп бүкіл республикаға әйгілі болдық. Қайта ауа райы жылы, ал 15-20 градус аяз болса, көпқабатты үйлер, аурухана, балабақшалар қайтпек еді? Қаржы берілді, мазут алынды, ал нәтиже не болды? Жауапкершіліктің жоқтығы осындай жағдайға алып келді,-деген болатын.
Өңір басшысы тіпті өзінің міндетіне атүсті қараған әкімге қаттырақ айтты.
- Сен ситуацияны білмейсің ғой деймін. «Анаған жаздық, мынаған жаздық, тапсырма бердік» дейсің. Нәтижесі қайда? Басыңызбен жауап бересіз осының бәріне! Менің ойымша, бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар сияқты, бір мүдде бар, – деді Б.Сапарбаев. Жаңатастың жылусыз қалуына мазуттың сапасыз болуы әсер еткен. «Жаңатас-жылу» кәсіпорнының басшысы Ғани Ысқақов қаңтар айынан бастап осы жөнінде аудан басшыларына хат жазған. Алайда аудан әкімдігі бұған мән бермеген. Жақсылықовтың қызметінен «өз еркімен» босатылуына дәл осы Жаңатастағы жылу мәселесі себеп болған сияқты.
Айта кетері, Бақытжан Алпысұлы Сарысудың тумасы. Уақтысында Жаңатас қаласының әкімі қыметін атқарған. Бұдан кейін Сарысу ауданы әкімінің аппаратын басқарып, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымдарында болған. Соңғы жылдары кәсіпркерлік салада еңбек етіп жүрген оны Б.Сапарбаев былтыр жазда мемлекеттік қызметке қайта шақырып, Сарысу ауданының тізгінін ұстатып еді. Облыс басшысы сенім артқан кадр бар-жоғы сегіз ай ғана отырды.