Тәжіктер коронавирусты жеңді ме?
11-01-2021
Сарапшылардың айтуынша, Тәжікстан билігі «Мұрагер» операциясына қызу дайындалып жатыр. Елді отыз жылға жуық билеген Эмомали Рахмонның дәуірі түгесілетін тәрізді.
Диктаторлардың ең басты жауы-уақыт. Билеушінің басқаға шамасы жетсе де уақытты тоқтатуға шамасы жетпейді. Э.Рахмон келесі жылы жетпіске толады. Жетпіс қаусап тұрған қарияның жасы емес, әрине. Дегенмен соңғы жылдары Тәжікстан президентін денсаулығы жиі мазалай бастаған сияқты. Қайбір кездері тіпті елдің алдына ұзақ уақыттан бері шықпай кеткен оның жағдайының өте ауыр екендігі туралы ақпараттар да жарияланған. Рахмон билікті мұрагеріне қалай береді? Ол қай сценарий бойынша жүзеге асады? Қазақстандық па, қырғызстандық па, әлде әзірбайжандық па? Сарапшылардың айтуынша, Тәжікстанда соңғы сценарийдің ықтималдылығы өте зор.
Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, посткеңестік елдер арасындағы халықаралық қарым-қатынастарды зерттеп жүрген ғалым Руслан Шамгуновтың айтуынша, Тәжікстанда билік транзитіне дайындық осыдан бес жыл бұрын басталған. Дәлірегі 2016 жылы елдің Конституциясына өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес президентікке кандидаттың жасы 35-тен 30-ға төмендетілді. Осыдан кейін-ақ Рахмонның билікті өзінің жақын туыстарының біріне беретіні анық байқалған.
Бұдан кейін президент елде капиталға амнистия жариялады. Саяси себептермен сотталғандар рақымшылыққа ілікті. Осы шара арқылы Рахмон елдегі түрлі элиталық топтармен өзара келісім жасаған.
Сарапшының айтуынша, Рахмонның ең ықтимал мұрагері оның ұлы Рустам Эмомали. Алайда Рустам тым жас және онша белсенді емес. Билікте оның танымалдылығы да төмен. Кейбір сарапшылар Рахмон тақты ұлына емес, қызы Озодаға беруі мүмкін деген болжам айтуда. Озода уақтысында Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінде еңбек еткен. Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2016 жылдан бастап Президент әкімшілігінің жетекшісі. Алайда Р.Шамгунов бұл болжамның мүмкіндігі өте төмен дейді.
-Тәжікстанда тақты Озоданың басатынына күмән көп. Оның ең басты себебі- Озода әйел. Тәжік қоғамында әйел ана, қарындас, адал жар саналады. Нәзік жандыларды бәрі сыйлайды. Бірақ әйел бәрібір қалыптасқан менталитетке сәйкес ер азаматтан төмен тұрады. Көпшілік әйелді мемлекет басшысы ретінде қабылдамайды. Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариғаны Сенат спикерінен жоғары өсіре алмады. Ал Тәжікстанда Озоданың президент болу ықтималдылығы одан да төмен,-дейді сарапшы.
Бірақ сарапшының айтуынша, Тәжікстанда мұрагер міндеті түрде Рахмонның туыстарының бірінен болуы тиіс. Себебі жақын туыс қана президенттің төңірегіндегі топтардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алады.