Тәжіктер коронавирусты жеңді ме?
Тәжікстанның ресми орындарының берген ақпараты бойынша елде коронавирус дертімен науқастанып жатқан адам қалған жоқ. Алайда көпшілік бұл ақпараттың шынайы екендігіне күмән келтіруде.
Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша елде соңғы тәуліктерде ковид жұқтырған адам тіркелмеген. Бірақ 355 адам ауруға күдік ретінде тіркеуге алыныпты. Жаңа жылға дейінгі мәлімет бойынша Тәжікстанда коронавируспан ауырған науқастардың жалпы саны 13 мың 296-ны құрады. Олардың 96 пайызы жазылып шыққан. 90 адам қайтыс болған.
31 желтотқсанда жұртшылықты жаңа жылмен құттықтаған ел президенті Эмомали Рахмон да коронавирустың түп-тамырымен талқандалғанын мәлім етті.
Жалпы Тәжікстан коронавирус өте кеш келген елдердің бірі болып саналады. Алғашқы науқас 30 сәуірде, елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келген кезде тіркелді. Алайда кейбір дерккөздері ауру жұқтырғандардың бұған дейін де болғанын айтады. Болмай қалуы мүмкін емес көрінеді. Себебі биыл шет елде жұмыс істеп жүрген азаматтардың кепшілігі қайтып оралды. Олардың басым бөлігі тиісті талаптарға сай оқшауланған жоқ. Осы аралықта адамдардың жаппай өкпе қабынуынан қайтыс болып, құпия жерленгені туралы ақпараттар тарады.
Коронавирус елдің экономикасына үлкен соққы болып тиді. Көптеген кәсіпорындар жабылды, баға бірден шарықтап кетті.