Таразда құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлері арасында турнир басталды
2022 жылдың 15-17 қыркүйек аралығында Таразда құқық қорғау және арнайы органдардың, күштік құрылымдардың қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері арасында «Динамо» денешынықтыру және спорт қауымдастығының IX ведомствоаралық жауынгерлік қарудан ату бойынша дәстүрлі турнирi өткізілуде.
Турнирдiң ашылу салтанатына ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары, Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы Еркiн Советбекұлы Ботақанов қатысып, қатысушыларға сәттілік тiлеп, iс-шараның маңыздылығын атап өтті.
— Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республикалық және облыстық көлемде түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілуде. Бұндай сайыстар полиция қызметкерлерін жан-жақты дамытуға, ұжымдық қарым-қатынасты арттыруға, кәсіби даярлықтарын шыңдауға зор үлесін қоспақ, — деді Еркiн Ботақанов.
Жарыстың негізгі мақсаты — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, жауынгерлік қарудан ату дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қару қолданудағы шеберліктерін анықтау болып табылады.
Атыс дайындығы ішкі істер органдарындағы негізгі қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бірі. Қоғамдағы тыныштықты күзетуде, азаматтардың өмірін қорғауда тәртіп сақшыларының табельдік қаруды меңгеру және оны сыни жағдайларда қолдану дағдылары мен іскерлігін шыңдау аса маңызды.
Аталмыш турнирді ҚР Ішкі істер министрлігі, орталық кеңес және «Динамо «дене шынықтыру-спорт қоғамының» Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырды.
Екi күн бойы өтетін жарысқа 16 облыстан құқық қорғау және арнайы органдардың, ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ ТЖК, ҚР Ұлттық Ұланы, ҚР ІІМ ҚАЖК, ҚР ІІМ ҚҚБ-нан командалары қатысуда.
Сайыста үздік өнер көрсетіп, мергендіктерін танытқан жеңімпаз командалар ҚР ІІМ медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.